Өлең, жыр, ақындар

Қос ішек

Асқан ақыл-парасатымен қол астындағы қалың елдi аузына қаратып, сүттей ұйытып отырған Алашабыр ханның (бет әлпетiндегi қара дақтарына қарап жұрт осылай атап кеткен) ордасы таң азаннан берi абыр-сабыр күйде. Қаланың қақ төрiнде орналасқан еңселi хан сарайының сырты қандай айбатты көрiнсе, iшi де сондай айбарлы. Сырттай қараған адамға бүгiн ерекше сұсты қалып танытқандай.

Күйдiрiлген қызыл қыштан әсемделiп соғылған сарай iшiндегi алтын тақта қисая отырған ханның ашаң жүзi қара барқынданып кеткен. Өңi сынық. Шеке тамырлары бiлеуленiп, қас-қабағы жиырыла түскен. Әлсiн-әлсiн дүрдек ерiндерi дiрiлдеп, шиырылған жiңiшке қара мұрты жыбыр-жыбыр етедi. Қанталаған қос жанары сарай iшiндегiлердiң қимыл-қозғалысын қалт жiберер емес: «Жерге кiрiп кетсе де, қызымды алып қашқан сұмырайды таптырып, өз қолыммен бақыртып бауыздамай, көңiлiм жай таппас. Әйтпесе, бұл жәйттiң жетi атамыздан берi хан тағына иелiк етiп келе жатқан бiздiң әулеттiң сүйегiне өшпестей таңба болып жабысары хақ. Iштен шыққан шұбар жылан сенiң де сазайыңды тартқызармын, бәлем!»

Ауыр ойлар еңсесiн езiп, басын шырмауықтай шырмаған сайын жаралы жолбарысша күдiрейе түседi. Ойы он сақта, тағатсыздана елегiзiп отырған ханның көз алдына еркетотай қызының еркелей тiл қатқан сүйкiмдi келбетi елестеп, тұла-бойы тiтiркенiп кеттi: «Тiрi ме екен өзi?! Әй, бiрақ, бұлай достың күйiнiшiне, дұшпанның табасына қалдырып, абырой-беделiмiздi айрандай төккенше, жер басып жүрмегенi жақсы едi. Жо..жоқ... Алжасқан басым не ойлап кеттi, өзi?!..» Ол ойнақшыған отты жанарымен жағалай жайғасқан бек-сұлтандарға ызғар шаша қарады: «Сырттай мүләйiмси қалғандарыңмен iштерiңнен сақ-сақ күлiп, сықсиып отырсыңдар-ау!.. Бiлем... мен бәрiн де бiлем... Кiмнiң iшiнде не ұлып жатқанын!..»

Сарай iшiндегiлердi көзiмен бақылап отырған қаһарлы хан шоқша сақалды, қушиған қара шалға көзiнiң астымен сұстия қарады: «Араға сөз жүгiртiп, бiреудi-бiреуге айдап салып, өзiң түк бiлмегендей тымпиып жүретiнiңмен, бәрiн бүлдiретiн сен екенiңдi бiлемiн. Орайыңды тауып, өмiрем қаптырмасам, тыныш ұйықтата қоймассың, кәрi қақбас!..»

Хан ойын аяқтай алмады. Сарай есiгi айқара ашылып, өркеуде Есербай батыр жанына ерткен қос нөкерiмен қолына кiсен салынған жас жiгiт пен қызы Айкүнiмдi алып кiрдi. Алдыға суырылып шығып, өңмендей басып келе жатқан Есербай батыр хан тағына тақай бере көк найза ұстаған оң қолын кеудесiне апарып, маңғаздана тiзе бүктi:

— Құдiретi күштi хан ием, тапсырмаңыз орындалды. Қаратаудағы үңгiрге тығылған жерлерiнен ұстадық...

Хан оның сөзiне онша құлақ аспады, ләм-мим деп тiл де қатпады. Кең тыныстады да, босағадан аттай бере қан-сөлсiз сөлбiрейiп тұрып қалған қызына көз тастады. «Сарай маңында еркек кiндiктi құрып қалғандай, жаман-жәутiкпен көңiл қосып, жалғыз аттының соңынан ергенiң қалай, құлыным?! Мұндағы үлде мен бүлдеден бас тартып, айдаладағы тау-тасты кезген пақырдың етегiнен ұстағаннан не пайда табам деп ойладың?! Қолыңнан қақпай, маңдайыңнан шертпей-ақ өсiрiп едiм. Сондағы көрсеткен қызық-рахатың осы ма?!»

Ханның басы айналып, көзi қарауытты. Бойындағы ыстық қаны шапшып басына шықты. Ойнақшыған отты жанары қашқын жiгiтке қадалды. Басына пұшпақ бөрiк, үстiне мауыты шекпен киген оның бет-әлпетiнен ешқандай қаймығып, қамыққандық байқалмайды. Демiн iшiне тартып, үн-түнсiз бедiрейе қалған: «Безiрейе қалуын қарашы, жаман неменiң! Иманыңды үйiре бер, сiлiмтiк. Текеше бақыртып, өз қолыммен бауыздамасам».

Томағасын сыпырып тастаған қырандай қомдана түсiп, орнынан ширақ көтерiлген ызалы хан белiндегi болат қанжарды қынынан суырып алды:

— Барымташы «батыр», аузыңа қан құйылар алдында айтар арыз-уәжiң болса, айтып қал!

Өкiнiш өзегiн өртеп, өз ернiн өзi тiстелеп тұрған жас жiгiт тосылып-тосырқаған жоқ:

— Қашып кетпейтiнiме көңiлiң сенбесе де, көзiң жететiн шығар. Алдымен қолымды босат. Ғашық жүрегiмдi жегiдей жеген арман-мұңымды домбырам айтып берсiн! — дедi мұңлы жанарын тiке қадап.

Мырс етiп миығынан күлген хан есiк аузында кiрпiк қақпай қасқайып тұрған жасауылға қарап, иек қақты.

— Шешiңдер қолын, арманда кетпесiн!..

Хан әмiрi екi етiлмедi. Бұғаудан қолы босаған жiгiт арқасына асынған үкiлi домбырасын алып, құлақ күйiн келтiрдi де, қағып-қағып жiбердi. Сол-ақ екен, домбыра көмейiнен ауыр күрсiнген адамның даусы естiлгендей болды да, iле-шала күмбiрлеген қоңыр үнге ұласты...

Бiрте-бiрте күйшiнiң домбыра шертiсi күшейiп, сарай iшiнде сезiм арбайтын сиқырлы әуен қалықтады. Ойын аулап, бойын баурап бара жатқан әуездi сазға елтiген Алашабыр хан қолындағы қанжарын қынына салып, тағына сылқ етiп отыра кеттi.

Егiз iшектен төгiлген сырлы сарындар перне басқан сайын қырық құбылып, жанын тебiренттi. Көлдiң шуылын, желдiң уiлiн, қамыстың сусылын, торғайдың шырылын, қарғаның қарқылын құлағына әкелдi. Көз алдына қанаттарын сабалаған қос аққудың көл бетiнде қалықтай жүзгенi, көк жүзiнде саңқылдай ұшқаны елестедi. Кенет, мылтықтың шаңқ еткен даусы шыққандай болды да, екi көзi жұмулы, күй ырғағымен тербетiлiп отырған хан селк ете түстi. Сол мезет сыңарынан айрылған жалғыз аққудың сыңсыған үнi жетті құлағына. «Бұл не өзi, шынымен домбыраның үнi ме!? Неткен ғажап!»

Қатулы қабақ бiр түйiлiп, бiр жазылды.

Шабыттана шиыршық атқан күйшiнiң домбыра қағысы одан сайын жиiлеп, бiр сәт сарай iшiн мұңды әуен кернедi. Лықси төгiлген қайғылы сарындар арасынан жас қыздың орны толмас өкiнiшпен өксiген зарлы дауысы құлағына жеткенде ханның жүрегi лүпiлдей соғып, төбе-құйқасы шымырлады: «Мынау менiң Айкүнiмнiң дауысы ғой!.. Шылдырлаған шолпы да, сыңғырлаған сырға да соныкi. Иә, иә... Бәрi... бәрi...»

Бiр уақытта күңiрене күмбiрлеген домбырасының үстiңгi iшегiн тырс еткiзiп үзiп жiберген күйшi босап кеткен астыңғы iшектi сабалап отырып қалды. Жалғыз iшектi қанша ұрғыласа да, тарсылдаған, шаңқылдаған, шиқылдаған мағынасыз дыбыстардан басқа, жартымды ештеңе шығар емес...

Осы кезде жанарынан тарамдалып аққан ыстық жас сақалын жуған кәрлi хан сезiм селiн тоқтата алмады. Орнынан сылбыр көтерiлiп, күйшi жiгiтке жақындап келiп, сабырлы үнмен салқын ғана тiл қатты:

— Қызымды алып қашып, хан басымды масқаралағаның рас. Бiрақ сен жалғыз-ақ адамның, яғни, менiң ғана алдымда кiнәлiсiң. Ал, күй — бүкiл қазақтың рухани азығы. Сенiң өлiмiңдi мойныма жүктесем, сауықшыл қалың елiмнiң алдында күнәһар боларым хақ. Сол үшiн қызымды да, өмiрiңдi де қидым. Махаббаттарың баянды болып, мына күңiренген Домбыра — Өмiрде қос iшектей шертiле берiңдер, қарақтарым!...

Кесiмдi сөзiн айтып, кесек мiнез танытқан кемеңгер хан жүгiрiп келiп құшағына енген қызының маңдайынан иiскеп, бауырына қысты.

Бағанадан берi бастарын төмен салған күйi тұнжыраған қалып танытып, iштерiнен тынып отырған бек-сұлтандардың да жүздерiнде жылылық лебi есiп, өзара қауқылдаса бастады...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз