Өлең, жыр, ақындар

Абайдан қалған асыл сөз (Абай қарасөздері жайында)

Оспанова Гүлмəрия Тұрысбекқызы
Қазақ тілі мен əдебиеті мамандығының 2- курс студенті

Абайдың әдеби - шығармашылық мұрасында өлеңдері өрнекті ой тізбегінен өркеш-өркеш болып жарыса бой көтерген  құз қия, шыған шыңдардың тұтасқан бір жүйесін құраса, қарасөздері асқаралы алып жартастай өз алдына бір байтақ әлемді алып жатыр. Ол- дүниенің небір тылсым құпияларынан шым-шымдап шындық тартып, адам тіршілігінің сан сала тәжірибесінен сыр түйгендей ғажап бір тағылымды ой-пікір әлемі»,- деген екен белгілі әдебиетші-ғалым Ж.Ысмағұлов. Расымен де, ұлы Абайдан  қалған ұлағатты қарасөздер – бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған шоқтығы биік шығарма. «Ғақлия» аталып кеткен бұл туындысына терең үңіле отырып,  елінің ертеңі үшін ет жүрегі елжіреп, ұлтының  бойындағы ұнамсыз қылықтарды күйіне сынаған, ізгілікке шөлдеген асыл азамат бейнесін көреміз.Қарасөздерінде ол өмір шындығын қозғаған реалист-жазушы, халықтың мұң-мұқтажын көксеген демократ, қоғам қайраткері, ағартушы әрі  терең ойдың иесі  ретінде танылады.   
Көрнекті ғалым, әдебиет зерттеушісі Х.Сүйіншәлиев Абай қарасөздерін мазмұнына қарай мынадай бес үлкен топқа жіктеген:
1. Қоғам құрылысы, ел билеу жайын көп қозғайтын сөздері. 
2. Оқу, өнер-білім, тәлім-тәрбие мәселесі туралы.
3.  Еңбек, шаруа жайларын әңгімелейтін сөздері.
4. Адамгершілік, мораль  жайларын көрсететін сөздері
5.  Дүние,өмір туралы ойлары  мен дін мәселелерін түсіндіретін сөздері.
Ғалым бұл топқа өзіндік мазмұн өзгешелігі бар, түрі бөлектеу «Бірінші сөз», «Отыз жетінші сөз», «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деп алатын сөздерді ғана жатқызбаған. 
Ендеше, өрнегі өзгеше осы бір қарасөздерінің мазмұны мен мән-мағынасына,  автордың  айтпақ ойына  тереңнен үңіліп көрелік. 
Қаламгердің «Бірінші сөзін» қарасөз жазудағы көздеген мақсатын баяндаған   шығарма кіріспесі десек те болады. 
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», - деп өзі  жырлағандай, өткен өмірінің өткелдеріне ойша көз тастап, ендігі келер күннен не күтетіндігін  сөз етеді. Бұл турасында: «бұл жасқа келгенше, жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық -  әурешілікті көре-көре келдік. Енді  жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?  Соны таба алмай өзім де қайранмын» ,- деп  өз-өзіне сауал қояды. 
Сөйтіп, ойлана келе, қалған өміріне ермек боларлық бес түрлі таңдауды алға тартады. Олар- ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу және бала бағу. Осыларды санамайлай келе, бірде-біреуін місе тұтпайды. Әрине, бұл жерде   оларды мүлдем керексіз демейді, тек бұл істердің өзіне ешбір берері жоқ екенін айтады. Ақыры мың ойланып, «ойыма келген нәрселерді жаза берейін,  кімде-кім ішінен  керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, осыған  байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» , -дейді. 
Міне, осылайша   қабырғалы қайраткер «ақ қағаз бен қара сияны ермек етіп», көңіл түкпіріндегі ой-толғамдары  мен жан тебіріністерін бүкпесіз баяндауға кіріседі.  Бір сөзбен айқанда, осы бір алғашқы қарасөзі  ұлы ақынның мақсат-мұраты мен адамдық, азаматтық позициясын айқын аңғартатын  шығарма алғысөзі болып саналады.   

Терең мағына мен үлгі-өнегеге толы 23 афоризмді біріктірген «Отыз жетінші қарасөзі» өзге ғақлиялардан нақыл, мақал сөздерден ғана тұруымен ерекшеленеді. Х.Сүйіншәлиев бұл жайында:«Абайдың отыз жетінші қарасөзі  түгелдей қарасөз тобына жатпайтын, өз алдына бөлек нәрсе, бұл- бірнеше нақыл сөздердің тізбегі», - деп пікір білдіреді. 
Нақыл сөздерінің барлығында да ол адамдық асыл қасиеттерді мадақтап, ізгілікті адам болудың алғышарттарын атап көрсетеді. Мәселен: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», «егер ісім өнсің десең, ретін тап», «биік мансап - биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндей ұшып қыран да шығады» немесе 
«Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық,
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық» - деп, еңбектің маңызын сөз етсе, «әкесінің баласы - адамның дұшпаны, адамның баласы-бауырың», «досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас»- деген сөздерінде бауырмал, көпшіл болуға үндейді. 
Сонымен бірге, «үмітін үзбек-қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді?» - дейтін ойлы сөздері жабырқау жанға медеу болып, күңіренген көңілдерге үміт шуағын сыйлайтыны сөзсіз.
Ендеше, тақырып аясы кең, мағынасы терең, ғибраты мол бұл қарасөз өзгелерден   анағұрлым биік  тұрады деуге әбден болады.  

Міне,  өнегелі өмірінде  артына өлмейтұғын сөз қалдырып кеткен   ұлы Абайдың ғақлияларын оқып, «таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» деген сөздің шындығына көз жеткізгендей боласың. Даналықтың тамаша үлгісін көрсететін қастерлі қарасөздер- Абайымыздың біздерге қалдырған мәңгілік мұрасы, Мағжан ақын айтпақшы, «мың жыл жүрсе, дәмі кетпес» сарқылмас саф алтындай құнды қазына. Ал, оларды оқып қана қоймай, көңілге мықтап тоқып, ақынның айтпақ ойын жете түсіне білу, оны өзімізден кейінгі өскелең ұрпақтарға  аманат ету-  баршамыздың қасиетті борышымыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз