Өлең-жыр байқауы

Ғаламтор жастар көзімен

Жалындаған жастар қауымына қашанда қолдау көрсетіп, олардың белсенділіктерін арттыруда отандық жоғарғы оқу орындарының алдыңғы қатарындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің маңызы айрықша зор. Филология және әлем тілдері факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс студенттерімен өткен «Филология және смарт технологиялар» сабағындағы кең көлемді пікірсайыс - бұл сөзіміздің бұлтартпас дәлелі.

«Ғаламтор жастар көзімен» атты пікірсайыста студенттер екі топқа бөлініп, ғаламтордың артықшылықтары мен кемшіліктерін, пайдасы мен зиянын сөз етті. 1-топ өкілі Назым Сапарова ғаламторды көп қолданғанымен, кітапты одан анағұрлым артық санайтындығын айтты. Ал, қарсы топтың намысын қорғаған Сымбат Жылқайдар дұрыс пайдалана білгенге оның ешқандай зияны жоқ, керісінше, берер мүмкіндігі көп екендігін тілге тиек етті. Белсенділік танытқан өзге де қатысушылардың ішінде ғаламтор жайлы топтама өлеңдерін оқып берген Абай Ақбай ерекше есте қалды. Сонымен қатар,  қолжетімді ақпарат алудағы ғаламтордың рөлі, онлайн-сабақтардың тиімділігі сынды өзекті мәселелер де тақырыптан тыс қалмады.  Сабақ соңында пән оқытушысы Гүлмария Тұрысбекқызы студенттер қауымына «Ғаламтор маған не береді?» деген атпен эссе жазуға тапсырма берді. Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесін сөз еткен  бұл пікірсайыс жастар көзқарасын білудің қаншалықты маңызды екенідігін көрсетті. Сонымен қатар, пайымды пікірлер мен дәйекті деректерге сүйенген студенттер өздерінің таным көкжиектерінің кеңдігін барынша таныта білді десек, артық айтқанымыз емес.

Қандай мәселеде болмасын, жаңаша ойлайтын жастар қауымының өзіндік пікірін тыңдап, олардың да ұсыныс-тілектеріне құлақ түре білсек, еліміздің  алға жылжи берері сөзсіз. Ендеше, жастармен ой алмасып, сан түрлі сауалдарға бірге жауап іздейтін    осындай іс-шараларды көптеп өткізгеніміз абзал.





Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)