Өлең, жыр, ақындар

Ақ бантик

― Таңға дейін жүре берсе...

― Онда сен қорқар едің.

― Мен бе? Қорықпас едім.

― Шын айтамын, қорқар едің.

― Ерегістірсең, қазір ме...

Қыз ілгері шығып, арық кемерімен жүгіре жөнелді. Талдырмаш денесін түн қараңғылығы тасалай бере, дымқыл көктің арасына жасырынды. Ине жасуындай уақ тамшылар бетіне, қолына төгіліп, кермек лепті жусан иісі желпіді. Асығыс лүпілдеген кішкене жүрегін саусақтарымен басып, арттан шығар дыбысты тыңдап, біраз жатты. Көк астынан көрінбей шырылдаған шегіртке үнінен басқа ешбір белгі байқалған жоқ, жапырылған шөптер ғана басын шұлғып, біртін-біртін көтеріліп қойды.

Сәл-пәл тыныштықтан кейін "Таби-ға-а-а" деген жігіт даусы ақырын шығып, талмаурап қалқып ауаға сіңді. Ұйқылы бейуақ селт еткендей, "а" дыбыстары сырғанақ самалмен тайғанап, қара қоңыр түн ішіне шашылып түсті.

"Қорқақты тапқанын, іздеп келгенше жата бермесем, әкел қолыңды".

Қыз есімін атаған әлгі дауыс қайталанды. "А" дыбыстары тағы көтеріліп, біраз жүріп әлсіреп барып тағы өшті.

"Иә, дыбыстармын. Аяқ астынан батыр бола қалуын өзінің".

― Ар жағыңдағы қарайған қара жүгіріп келеді.

"Айта бергін, қоян жүрек емеспін!"

Бала жүрегіне елегізу сияқты ыңғайсыздық кірді. Жеке өзі мұндай әрекетке бара алар деп ойламаған еді. Бір-біріне иықтарын сүйескен тал жапырақтары да қыбырсыз, жолдасы жасырынған қара бұлдыр түс та үн-түнсіз түнеріп тұр.

― Табиға! - Діріл аралас қалтыраған дауыс алысқа естіліп, жаңғырық атты. Жетімсіреген жалғыз үнге жасыл құрақтың бастары ғана құрғақ сыбдырлап, төгіліп түскендей су-су етті... Ұйыған сүттей үнсіз момындықты қанаттарымен тілгілеп, асығыс сусылдаған бір топ үйрек жер бауырлай ұшып өтті. Сау-сау соққан қанаттарының гуілі жігіт құлағының түбінен ысылдады. О да болса үрей шақырғандай. Секемшіл көңілмен қыз тығылған бағытқа дауыстай бергенде "пыр" еткен дыбыстан шошынып, айқайлап жіберді. Үркіп, сасқалақтап көтерілген түн торғайы әп-сәтте-ақ ғайып бола берді...

― Иә, нағыз-ақ ер екенсің, - деп сықылықтап күліп, түрегеле берген серігін ұялу мен қуанышы аралас құшақтай кетті.

― И-й, жасырмай-ақ қойсаңшы, айқайлап жібергенің бүкіл ауылды оята жаздады ғой.

― Рас, сен үшін қорықтым.

― Түк те емес, өзің үшін... енді жасырынсам, таптырмас едім.

― Керек емес, жібермеймін.

― А, қорықтың ба?

― Сенсіз жерде қорқады екенмін.

― Сен жалпы-ақ солайсың.

Жігіт жауап ретінде, жақын тартқан еркелік сеніммен қыз жүрегіне бетін басты. Қыз тарапынан жайшылықтағы қарсылығы байқалған жоқ, әлсіз ғана қолынан итерді. Үнсіз болса да осыны қалаған қысқа мерзім бір шамаға созылған еді, қыз тартынып, бұрылып кетті:

― Былайша-ақ жүрелік...

Екеуі де үнсіз ілгері жүріп, білінер-білінбес қыбырмен сырғыған өзен суының жиегіне келді. Өзен ішіне төгілген аспан жұлдыздары тынымсыз шайқалып, дамылсыз қайнаған жоқ, бүгінгі түн бұлтты болғандықтан, қос бүйірі қарауытып, шытулы қабақтай қоңыр, сұсты. Шабақ үйіріндей қуысып ойнасқан қаймақша - дөңгелек иірімдері де көз көрімге байқалмай, анда-санда ойылып түсіп, сар ете қалатын даусынан ғана су екені аңғарылады.

Тозған киізше сетіней бастаған қалың бұлт жыртығынан таңғы шық тамшысындай бір жұлдыз су түбінен көрінді.

― Жұлдызым!..

― Қайсы?

― Қазір ғана су түбінен көрініп өтті.

― Қалайша ол сенің ғана жұлдызың?

― Ол менің қиялым тәрізді, қашықта тұрып жылы ұшыраған мейірімі ойларымды әлдилеп, алыс сапарға шақыратындай болады да тұрады. Мен оны жақсы көремін.

― Мен де оған ұшуды армандайтынмын.

― Бірақ сенен космонавт шықпас еді.

― Не себепті шықпас еді?

― Себебі сен тым қорқақсың.

Жігіт одан әрі таласқан жоқ. Бауырына тартып, өзіне санаған қыз әзіліне сүйсінгендей болып, тықыр өскен қысқа көкті сипалай үнсіз отырды...

Айнала тым-тырыс. Лептей боп мейірлі самал желпіді. Бумен бұлтқа бөленген жұмсақ түннің тып-тыныш шағы. Ауылдың иттері де үрмеген, бақалардың шуылы да басылыпты. Жігіт жүрегінің лүпіліндей тынымсыз қалтыраған су құрағы ғана үздіксіз дірілдеп, сілкініп тұр...

Жігіт қыздың бетіне қараған еді, жайшылықтағы ойнақшып тұратын қарақат көздері іштей жуасып, өзі білер бір сырдың шешімін таппағандай телміріп қалыпты. Үй еркелігінен арыла қоймаған ойнақы реңі де әлденендей мұңға бейім. Самал желпіген майда шашы маңдайына салбыраған күйі, момақан пішінде үнсіз отыр.

Жігіт қолындағы кесек тасын қою ағынға лақтырып жіберді. Майша созылып, тұтас аққан өзен суы "шолп" ете түсіп, кілегей тыныштық дір-дір етті. Қыз бейқам отырғандықтан, оқыс дауыстан сескеніп, жігіт білегінен ұстай алды:

― Қорқытпағын мені!

― Сен батыр емес пе едің қазір?

― Мен қорқақпын...

Қыз жігіт құшағына тығыла түсті...

***

Түннің біраз уақыты өткен. Топырақ тәріздес бозамық бұлт түн қараңғылығымен қоюланып, үгілердей боп, тұнжырап тұр. Бүріккен тамшы болмаса да, жас жауынның дымқыл иісі емес-еміс білініп өтеді. Алыста, қиян жырақтан үнсіз, тынымсыз жарқылдаған найзағай оттарының қым-қиғаш сызықтары көрінеді.

― Ербол, жауын келеді.

― Иә, жауын келеді.

― Мен жауынды ұнатамын.

― Қазір-ақ малшынған су боларсың онда.

― Солай болса да...

― Мен түнді ұнатамын.

― Сен сескенер қорқынышы көп қой оның.

Аптығып самал жүгірді, қастарындағы ағаш жапырақтары шуылдай жыбырлап, алақан соқты.

― Жүре тұршы, қазір барамын.

― Тағы да жасырынбақпысың?

― Жоқ, қазір барамын...

Ұйқылы ауылдың әрбір жерін тескілеп түнгі қораз да айқайлады, күн күркірінің даусы естіліп, бірте-бірте жақындай түсті.

― Ағаш түбінен бір нәрсе қарадың ба?

― Еш нәрсе қарағам жоқ.

― Ал анау ағарған не?

― Ол менің бантигім, әдейі қалдырдым!..

Қыз көзіндегі моншақ жастарды жолдасы байқаған жоқ. О жер, бұл жерге тиіп, сирек тамшылаған түн жаңбыры себелей бастады. Найзағай жазулары тіпті жақыннан жылтылдап, ирек-ирек ұшқын ойнатты. Қыз алысқа шығып, орнына қарады. Қараңғыда ағараңдап, көмескі жұлдыздай ақшылданып көрінген ақ бантигі әлсін-әлсін алыстай берді...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз