Өлең, жыр, ақындар

Сарыбуын

Сарыбуын (подагра) — организмде зат алмасудың бұзылуынан туындайтын, сүйекте, буындарда, шеміршектерде, сіңірлерде, шандырларда және т.б. несепқышқыл тұздарының (ураттардың) жиналуымен сипатталатын сырқат.

Сарыбуынның белгілі бір отбасыларда бірнеше ұрпақ бойы кездесуі жиі, сондықтан оны тектік ауруға жатқызады. Алайда тұқым қуалаушылықтан өзге бұл сырқаттың дамуына тамақты шамадан артық жеу, ішімдікті көп ішу, ет пен ет өнімдерін мол тұтыну, сондай-ақ қозғалыссыз өмір салты зор ықпалын тигізеді. Осы аталған факторлардың нәтижесінде организмде несепқышқыл тұздары жоғары мөлшерде болады немесе организмнен жеткілікті мөлшерде бөлініп шықпайтын дәрежеге жетеді де, олар адам тәнінің әр жерінде инелі кристалдар түрінде жинала бастайды. Аталған несепқышқыл тұздары, немесе ураттар — күрделі ақуыздық қосылыстардың соңғы өнімі.

Сарыбуын әйелдерден гөрі, қырықтан асқан ер адамдарда жиі кездеседі. Несепқышқыл тұздары қол мен аяқтың ұсақ буындарында, теріде, құлақ қалқаны шеміршегінде, тіпті бүйрек секілді ішкі ағзаларда да жиналуы мүмкін, алайда көбіне башпай буынына жиналады.

Белгілері

Сарыбуынның дамуы, әдетте, ауырсынумен қатар жүреді. Ауырсыну ұстамасы көбіне кенеттен түнде басталады. Зақымданған буында еш себепсіз аяқасты қатты ауырсыну пайда болады. Ол жер ісініп, қызарып, сәл қозғалғанда ауырып мазаны алады. Науқастың дене қызуы сәл көтеріліп, қалтырайды. Бұл белгілермен қатар, іші кеуіп, ішек қызметі бұзылуы (іш қатуы) мүмкін. Таңертең ауырсыну басылғанмен, түнде қайталанады. Осылайша, ауру бірнеше күнге созылады, содан кейін ұстамалар тоқтайды. Ұстамалар арасындағы үзілістер бірнеше күннен 1-2 жылға дейін созылуы мүмкін. Ауру өршіген кезде ұстамалар жиілейді, олардың арасындағы үзіліс уақыты қысқарады, және де үзілістер кезінде де ауырсыну толығымен жойылмай, дерт созылмалы түрге көшеді.

Кейде сырқат атипті түрде өтуі мүмкін. Бұл жағдайда қатты ұстамалар болмайды, алайда бармақ біртіндеп ұсқынсызданып, қызметі бұзыла бастайды да, ақыр соңы мүлде қозғалмай қалады.

Емі

Дәрігерге дер кезінде қаралу және емді ерте бастау аурудың өршуін тоқтатып, жіті ұстамалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сарыбуын қатты өршіген кезде дәрігерлер қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын дәрілер тағайындайды. Науқасқа сондай-ақ сұйықтықты мол ішу, қатаң емдәм сақтау керек.

Сарыбуынмен ауыратын адам ақуызды тағамдарды, әсіресе ет пен балықты, шектеуі керек. Бұларды тек қайнатылған күйінде жейді. Бауыр, бүйрек, ми, малдың басы, сирағы, қымыздық, шалғам, үрмебұршақ, бұршақ және түрлі ащы дәмдеуіштер науқастың күнделікті дәмінен мүлде алынып тасталады. Бұл әсіресе ауру созылмалы түрге көшкенде маңызды. Науқас негізінен сүт өнімдерін (ашыған сүт, сарысу), жемістер мен көкөністер тұтынуы керек.

Сарыбуынға шалдыққан адам жоғарыда аталған емдәмді сақтап, көп қозғалса (гимнастика, таза ауада серуендеу), сондай-ақ организмнен несепқышқыл тұздарын шығаратын дәрмектерді пайдаланса, ем жақсы нәтиже береді. Осылайша, ауру ұстамаларының алдын алуға болады.

Ауру емге дұрыс көнбей, созылмалы түрге ауысқанда дәрігерлер науқасқа физиотерапия мен шипажайда емделуді ұсынады.

З. Б. Тоқбергенова, Б. Б. Дәулетбаева терапевт-дәрігерлер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз