Өлең, жыр, ақындар

«Ал» дей салады да, алдай салады

Прыговтың да өзінше мемлекет қаржысына жаны ашыған болады. Заңды ғой. Неге? Ал әйтпесе жаны ауырмасын делік, сонда да жұртқа дұшпан көзі жасауы тиіс емес пе? Әрине, әйтпесе, қарауындағы ығай мен сығайлар:

— О, әне, трест бастығы мемлекетке жаны ашымайды. Әйтпесе асхана жағалаған қылмыскерлерді неге жазаламайды!—деп оған айғайлап шыға келсін. «Ер жігітке мешкей деген жақсы атақ емес» дегендей темір жолдың асханалар тресінің басқармасына көп көз қадалып, көп ауыз өстіп шулап тұрса жақсы дейсіз бе? Одан да, «ал» дей салып, алдай салған жақсы ғой. Алдағаны алысқа бармай, балалы үй істеген ұрлықтай артынан ашылып жатса да, әзірге жұрт көзін басқа жаққа бір бұрын жіберудің өзі не тұрмақ?

Міне, өз қызмет орнында осындай түйеқұс қулығындай іс істеп отырған Прыгов осы жолдың бірінші тоқсанының соңғы күндерінің бірінде қатты ашуланды. Тіпті ашудан булығып, бірнеше күнге дейін тіл-аузын қойып қалғанын былай қойғанда, қолы қалам ұстауға келмеді. Екі-үш күннен соң қырылдап шыққан жаман даусымен іштегі ызасын білдірді.

— Не деген масқара, қаржы қалай таусылды! Апыр-ау, ендігілерге мен ұртымды шерттіремін бе? Командировкаға бөлінген көжедей көп ақшаны біз қайда жұмсап қойдық?

Әрине трестің бас бухгалтері Қорықов нақ осы сәтте бастықты бетінен алып қарсы шықпағанымен танауының астынан міңгір ете түсті:

— Әлгі «Үштөбе»,..

«Үштөбе» деп міңгір ете түскен бухгалтердің сөзі Прыговтың лапылдап тұрған мінезін су сепкен өрттей басты. Үштөбе! Қазақтың жай ғана екі түбірден құралған бұл сөзі Прыгов үшін неге құдіретті болып қалды екен!

Әлде... Былтыр «Үштөбедегі» буфеттен арыз түсті. Арызда буфеттің аға бухгалтері Дуреевтің көп ақшаны құртып жібергені айтылыпты. Бұған Прыгов «шұғыл» шара қолданып өзінің бухгалтерін командировкаға аттандырды.

«Үштөбеде» Қорықов біраз күн жатып, аунап-қунап қайтты. Ол буфетті жау шаппапты, «ақша дегенің дін аман» деп келді. Бірақ бірнеше күннен соң дабыл тағы түсіп, мұнда трестің екі бірдей қызметкері қайта жіберілді. Тексеруші Стадов пен инспектор Мәскеев үлкен былықтың бетін ашты. Буфетте 35 мың сомның орны жоқ.

Отыз бес мың!

Бұл жайды естіп отырып Прыгов қалай тыныш ұйықтасын? Бірақ ол ұйықтамаудың себебі оқушы ойлағандай емес еді. Ол ақшаның талан-таражға түскендігінен емес, қылмыстың дұрыстап, есебі табылып қымталмағандығынан болды. Қарауыңыздағы мекемеден қарау шығып, қарақтап жатыр деген сөз естір құлаққа түргендей тимей ме?! Қайткенде де қылмыстың бетін жабу керек. Қап, бекер-ақ істеген екен. Тағы да Қорықовты жібермей, күйісінен жаңылған малдай екі бірдей қызыл көз пәлені қайдан ғана жібере қойды екен. Енді, міне, әлекке түсті де қалды.

Бұдан кейін трестің екі қызметкері «Үштөбеге» барып, ақша түгел, былыққан есеп екен деп шығару үшін көп жүрді. Шатасқан есеп екен десті. Ақша дегенің түптеп келгенде қағаз емес пе? Ол кімнің тамағынан етуші еді, бәрі орнында десіп қайтты олар. Расын айту керек, мұнда бастықтардан да барып қайтқандар болды. Е, бастық бұйырса, орынбасар қалай отырсын. Сондықтан да екі орынбасардың әрқайсысы жарты айдан «Үштөбеде» отырып қайтты. Олардың келуін тағы бір адам аңдып тұрды. Бірі поездан түсіп үлгірмей, екіншісі чемодан арқалап кетіп жатты. Өйтпегенде ше? Отыз бес мыңның орнын жабу оңай ма, үңірейіп тұрады да қояды емес пе? Не көмек көрсеткенін Прыгов білер, мұнда бұл буфетке көмекке құрылысшы-техник те барды. Ал тілегенің қарныңа деп, сен осыған үндемесең біз осындай сарсаңға салынбас едік дегендей Прыгов трест тексерушісін үш ай бойы сонда отырғызып қойды. Ақырында бас бухгалтер Қорықов москвалық қонақпен бүгін осы буфетті тағы шолып қайтты... Сонымен бір «Үштөбенің» өзі трестің бір тоқсанға деген командировкалық ақшасын алып бітірді. Он кісінің айлап жатқаны оңай дейсіз бе? Ақшаның бәрін тақырлап таусып кетті дағы.

Міне, «Үштөбе» деп Қорықов міңгір еткен сөзінің саптауы осы еді де, оған сапырылысып барып, қайтып жатқандар Прыговтың көз алдына елестей қалған еді. 35 мыңның тексеріле келе 80 мыңға шыққаны да жанына сом шыққандай батып барады. Екінші жағынан өзі де сақ Қорықов басып тастаған нәрсеге ұрына қойғысы да келмейді. Жанындағы жалғыз бухгалтерімен жамандасып не оңдырады.

— Дуреев орнынан алынсын, — деді де, үндемей қоя қойды.

Осы тексеруден кейін Прыгов ашулануды қойғандай болып еді, бірақ есіне жыл ішінде 284 мың сомның талан-таражға түскені келіп, әлсіз баланың лақтырған тасы тиген әйнектей қайта шытынай қалды. Ол қоңырауды басып жіберіп, есік алдындағы секретарьға зікіней сөйледі:

— Қорықовты!

Бас бухгалтер кабинетке кіргенде ол жібіп, босап сала берді. Бухгалтеріне майдалай сөйледі.

— Бұл қалай?

— Бұл, өзіңіз білесіз, жергілікті жерлер партиядан шығарған, өзіңіз қызметке қайта орналастырмақ болып Фрунзеге іздеп барған Мурзин сияқтылардың...

— Қоя тұр..

Прыгов одан арғысын өзі түсінді. Оның көз алдында қылмыс жасаушылардың неше түрлісі келіп жатты... Оның бірі бухгалтерімен дос, енді біреуімен өзі дос. Әйтеуір әмпей-жәмпей дүние!

Прыговтың сондай көп досының бірі ІІ-Алматы станциясы жанындағы ресторанның директоры Монтаева еді. Ол былтыр жиырма төрт мыңды талан-таражға салып Прыговтың арпа ішінде бір бидай дегендей, ішіміздегі жалғыз әйел ғой, қойыңдаршы деп қорғаған сөзімен аман қалған еді. Енді байқаса ол қодыра бидайдай көбейіп төңірегіне өзі сияқтыларды жинап тамырланып алыпты. Прыговтан басқаны жүре тыңдап кердеңдеп жүріп бір жүз мың сомдық павильонды өртеп жіберіп тыныш тапты. Аш құлақтан тыныш құлақ, ол туралы да әйтеуір ызың жоқ, сап болды.

Прыговтың осындай босбелбеулігін көрген Көжеков деген бір күні мемлекет ақшасын оңды-солды шашып, зытып кетіпті. Өзі де ұқсап тұр еді ғой, фамилиясын көрмеймісіңдер, енді қоя-ақ қойыңдар деген екен Прыгов. Артынша қат-қат ақшаны қалтасына басып алып, Смешов қашыпты деген сөз естілді. Прыгов пен Қорықов бұл жолы өздерін өздері:

— Е, Көжеков те қашың кетіп еді ғой... — деп жұбатыпты. Басқа не амал қалды дейсіз.

Соңғы рет Прыгов ашуланғанда жаз ортасы болып та қалып еді. Ол бас бухгалтерін — мас бухгалтерін тағы да шақырды. Талан-таражға түскен ақша жарты жыл болмай-ақ жүз мыңнан асып барады екен. Мұны біліп бұл жолы тағы ол өзі басылды... Оның көз алдынан қылмысы таудай Алехин, Мухин, тағы басқалары өтіп жатты. Олардың әрқайсысына қолдан берген бес-алтыдан сөгісі де есіне түсті. Алдымен орнынан «ал» дей салып, артынан жұртты алдай салғаны да көкейінде тұрды. Трест бойынша 317 адамды қызметтен шығарып, 331 адам алғандығын да ойлады. Ал шынында, ол кылмыскерлер трестің бір буфетінен шығарылып, өзі арқылы екіншісіне орналасып, қылмыс жасап, өзінін үсті-үстіне сөгіс беріп жатқанын да білді. Бірақ бәрібір қылмыстыларды қорғап, басында орнынан «ал» дей салады да артынан алдай салып отыра береді. Шынында ең дұрыс жол Прыговқа осы болып көрінеді. Ал мұны көргендер қылмысқа қайта батып, Прыгов пен Қорықовқа қарай қолдарын қайта созады... Созған қолды да, алған қолды да кесер ме еді!

1955


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз