Өлең, жыр, ақындар

Бейкүнә күнәһарлар

Көбелек қуып ойнап жүрген балалар әдеттегiдей аспанда ұшып бара жатқан самолеттiң артынан тұра жүгiрдiк. Бiздiң ауылдың төбесiнен күнде осылай самолет ұшады. Бiз күн сайын сол ұшақтың артынан тұра жүгiремiз. Және әр кез осы бiр жаттанды сөздi айтамыз. Барлығымыздың да дауысымызда кәдiмгiдей жалыныш бар. Алматы түгiлi мына тұрған аудан орталығына да ала кетпесiн бiлемiз. Бiрақ бiздiң бойымыздағы сол бiр “бiрде болмаса бiрде ала кететiн шығар” деген үмiтiмiз сөнген емес. Сол үмiттiң жетегiмен тағы да аспандап ұшып бара жатқан самолеттiң артынан жүгiрiп бара жатырмыз. Амал не атаңа нәлеттiң самолетi қанша жалынышпен айқайға басып, артынан қусақ та бiздi бұл жолы тағы да ала кетпедi.

Жүгiре-жүгiре шаршап, барлығымыз да ауылдың сыртындағы жалғыз теректiң көлеңкесiне отыра кеттiк. Бәрiмiз үнсiзбiз. Тек қияли Дарын ғана әр нәрсенi армандап отыр. Өзi бiр бұтағына қонақтап алған теректi нұсқап:

— Шiркiн, мына терек жай ғана терек болмай, алма ағашы болғанда ғой, — дедi. Ол айтып ауыз жиғанша Ербол:

— Ол ағаштың алма ағашы болмағаны да дұрыс болды. Бәрiбiр сен ол алмаларды көктей жеп тауысар едiң, — дедi. Оның ол кекесiнiн Ерлiк жалғады:

— Сен iшiңе ие бола алмай, шешең байғұс күндiз-түнi сенiң шалбарыңды жуумен әуре-сарсаңға түсер едi.

Ерболдың кекесiнiнiң жаны бар. Бiздiң ауылда алма өскен емес. Бiр де бiр үйде алма ағашы жоқ. Тек Әбiн атаның үйiнде ғана өрiк өсетiн. Сол өрiктiң ең құрымаса бiр жыл сарғайып пiскенiн көрген емеспiз ғой. Гүлi түсiп, тастаған түйiншектер сәл үлкейе бастаған кезiнде бiз ұрлықты бастаймыз да теректiң ұшар басындағы соңғы өрiктi жеген түнi аяқтаймыз. Әбiн ата қанша қорыса да өрiктерiн “жаудан” қорғап қалған емес. Бiз түннiң жарымынан бастап, таң шолпаны туғанға дейiн жүрсек те, әр түн сайын оннан, бестен жесек те айналасы екi аптаның iшiнде тауысып бiтетiнбiз, сол бейшара өрiктердi. Егер бiзге “өзi қышқыл, өзi көк” деген жұмбақ жасырсаңыз, бiз оны тез тауып аламыз. Оның жауабы әрине өрiк. Сол өрiктердi көктей жеп тауысып жүргендiктен шығар бiздiң ұғымымызда өрiк деген көк болады. Және оның дәмi тәттi емес, қышқыл болады деп түсiнетiнбiз. Өрiктiң тәттi болатынын және оның түсiнiң көк емес сары екенiн Ерлiктiң Шонжы қаласындағы әпкесi келгенде ғана бiлiп, таң-тамаша болғанбыз. Мiне, Ерболдың Дарынға айтқан кекесiнiнiң осындай сыры бар едi.

Күн төбеге көтерiлгенде ыстыққа шыдамай суға түспек болып, ескi көпiр жаққа қарай бет алдық. Бұлардың iшiндегi ең кiшiсi мен едiм. Басқалары менен бiр жас, екi жас үлкен. Тiптi төрт жас үлкендерi де бар. Дегенмен көршi болғандықтан барлығымыз дос болып ылғи бiрге ойнайтынбыз. Үлкендiктерiн пайдаланатын болса керек олар маған ылғи әлiмжеттiк жасап жүредi. Дарын күндегiдей жүгiрiп келiп арқама мiнiп алды. Ара-тұра: — Шүу, сары есегiм, — деп тебiнiп қояды. Оны көтермеске менде шара жоқ. Көтермеймiн десең ұрады. Таяқ жегеннен гөрi осылай арқама мiнгiзiп алып, мықшыңдап есек болғаным артық. Ол менiң арқама жайғасып алып жанында ерiп келе жатқан “жаяу әскерлерге“ сұқ саусағын шошайтып маңғазданып әңгiме соғып келедi. Дауысы өзiнше салмақты:

— Дарвиннiң iлiмiне сүйенетiн болсақ, бiздiң барлығымыз да маймылдан жаратылғанбыз. Менiң де, сенiң де, оның да арғы аталарымыз маймыл болған. Еңбектiң арқасында бiз осылай адам болып қалыптасқан екенбiз.

— Оттапсың, — дедiм шыдамай кетiп, оны үстiмнен аударып тастап.

Мiне, содан басталған тайталас бiз өзен бойына жеткенге дейiн жалғасты. Балалардың бiразы менi қостап, бiразы Дарынның жағына шықты. Дарын мен Дарвиннiң iлiмiн қостаған Ерлiк:

— Мен де солай ойлаймын. Өйткенi Ерболға қараңдаршы, — дедi. Барлығымыз Ерболға қарадық. Шындығында Ербол досымыз бетi томпайып, құлағы қалқайып, жақ сүйектерi шодырайып маймылға ұқсайтын. Және теректен терекке секiргенде оған ешкiм iлесе алмайтын. Онысы аздай өзi сәл бүкшиiп еңкiштеу жүретiн. Бiр қызығы оны барлығымыз атын атамай “маймыл” деп мазақ қылатын едiк. Кейде еркелетiп “маймыш” дейтiнбiз. Ол дәлел ретiнде соны алға тартты.

Бiз ары таласып, берi таласып бiр шешiмге келе алмадық. Тура биге жүгiнген даушылар құсап барлығымыз өзен жағасында қой бағып жүрген Тойболды молдаға барып, дауымызды айтып, шешiп беруiн сұрадық. Тойболды ата Дарыннан:

— Адам маймылдан жаратылған дегендi саған кiм айтты? — дедi. Дарын:

— Биологиядан беретiн Қарлығаш апай айтты,—дедi. Сол кезде ашуына мiнiп алған молда атамыз Дарынға:

— Онда сен биолог апайыңа айтып бар. Маймылдан бiр жаратылса ақылы соған жеткен Қарлығаш апайың мен сондай адамды келiн қылып отырған соның коммунист қайынатасы жаратылған шығар. Басқала-рымыз топырақтан жаратылғанбыз. Балшықтан илен-генбiз, — дедi.

Сонымен дауымызды шешiп алып, суға түсiп жатқанбыз. Дарын өзен жағасындағы балшықтармен ойнап отырған. Қасына жақындап барсақ балшықтан адамның сұлбасын жасап жатыр екен. Кәдiмгiдей аяқ-қолы, басы мен кеудесi бар адамның пошымын жасапты. Өзiнiң арғы атасынан қан арқылы келген мүсiншiлiк қасиетiн барынша салса керек, мына балшық адамының бет-бейнесi де құдды тiрi адамдiкiндей екен.

Бiз қайтып бара жатқанда ол:

— Ей, Құдайшылдар! Мiне, балшықтан иледiм адамдарыңды әдемiлеп. Ертеңге дейiн тұрсын. Имам аталарыңның айтқаны рас болса ертең осы бала бiзбен бiрге суға түсiп, ойынымызға қосылады. Атын “Адам-Ата” деп қоямыз. Содан кейiн ол өзiнiң бiр тал қисық қабырғасын суырып алып, өзiне “·ауа Ана” жасайды. Сол екеуiнен сендер сияқты көп-көп ұрпақ тарайды, — деп кекесiнмен күлдi.

Бiз барлығымыз үйге қарай кеттiк.

Ертесi күнi төрт көзiмiз түгел шомылуға келдiк. Жол бойында Дарынның балшық адамын сөз қылдық. Бiз барғанда бiр бала суға шомылып жүретiн сияқты көрiнiп кеттi. Барсақ Дарынның адамы сол кешегi балшық қалпында екен. Тiптi, оның үстiне ат аунаса керек, быт-шыты шығыпты. Бiз соны әңгiме қылысып тұрғанда молда атамыз келдi. Мен ол кiсiге кешелi бергi тiрлiгiмiздi баяндап бердiм. Атамыз қамшысын алып тұра ұмтылды.

— Атаңа нәлет күнәїарлар! Сендер адам жарататындай Құдай емессiңдер. Сендерге ондай құдiреттi кiм берiптi. Құдай ғана жарата алған, — деп барлығымызды қамшының астына алды. Арасында күнәсi жоқ мен де кеттiм. Бiз сол қамшыдан кейiн “адам операциясын“ қайтып жасаған емеспiз. Топырақтан жаратылған-дығымызға имандай сендiк. Тек кейiн қайтадан топыраққа айналатынымызды ойлағанда көңiлiмiз құлазып қалды. Шiркiн, адамдар өлмей жүре беретiн болсашы. Менiң балаң түйсiгiм сол кезде топыраққа деген құдiреттi сезiнгендей болды. Егер бiз топырақтан жаратылған болсақ, бiз неге сол топырақты таптап жүрмiз. Менiң бойымда белгiсiз бiр қорқыныш пайда болып, топырақты таптауға батылым бармады. Таптамасқа тағы амал жоқ. Адамдардың топырақта iзi қалатыны сол екен-ау. Бiз топырақтан жаралдық. Және тағы топырақтан нәр алдық. Топырақсыз бiздiң күнiмiз қараң. Мен жерден бiр уыс топырақ алып маңдайыма бастым. Ал достарым болса өзен жағасында бiр-бiрiне су шашып ойнап жүрдi.

Айтпақшы суға түсуге бiзбен бiрге қыздар да келетiн. Әрине, қыздар сырт киiмдерiмен түседi. Бiр күнi бiздiң ауылға аудан орталығынан Сүйрiк есiмдi қыз келдi. Ол да бiздiң көршi қыздарға қосылып суға түсуге барып жүрдi. Және неге екенiн қайдам, сол қыз басқаларды менсiнбей жүрiп, маған көңiлi түстi. Мүмкiн жүзiм жылы болған шығар. Әлде ешкiмде жоқ “адидасыма” қызықты ма екен? Әйтеуiр сол қыз маған жақын жүрдi. Ол келгелi берi Дарын да маған тиiсуiн қойып, тынышталып қалған. Бұзық болып көрiнгiсi келмесе керек. Бiз шомылатын өзен ауылдан қашықтау едi. Сол өзенге барғанша және қайтар жолда да мен Сүйрiктi құшақтап жүрдiм. Құшақтағанда, салмақ салмай оң қолымды оның иығына тастап қоямын. Басқа қызықтың дәмiн тата қоймаған мен үшiн соның өзi үлкен ләззат едi. Дарын, шiркiн, соны да қызғанып, жан таппайды-ау. Бiр қызық жерi суға түсiп болғаннан кейiн Сүйрiк маған калготкiмдi сығысып жiбершi дейтiн. Екеумiз тоғайдың iшiне кiрiп, тасалау жерге барып, соның калготкiсiн сығатынбыз. Күн сайын сығысып жүрдiм. Ендi оның ыңғайсыздау екенiн бiлемiн. Адамның намысына келетiн ұяттау тiрлiк екенiн балаң көңiл сезбейдi емес, сезедi. Дей тұрғанмен өзгелердiң iшiнен сенi таңдап алып, өзiн құшақтатып жүрген қыздың айтқанын қалай орындамассың. Оның үстiне шынымды айтсам калготкi сығысу өзiме де iштей ұнайтын сияқты. Осылай күндер өте бердi. Бiр күнi тыныш жүрген Дарын маған қайтадан тиiсудi бастады. Сөйтсем оған қызғанышы маза бермептi. Күндегiдей өзенге бет алып бара жатқан кезiмiзде ол менi жеке шақырып алып:

— Қашанғы сен сығысасың. Сүйрiктiң калготкiсiн бүгiн мен сығысамын. Сен сығыспаймын деп айт, — дедi.

Мен келiсiмiмдi бердiм. Ендi ше? Ұрып үйренген жұдырық қаңғып жүрiп тағы да тиiп кетуi мүмкiн ғой. Әдеттегiдей шомылып бiткен кезде Сүйрiк маған қарап:

— Бұйрабас, калготкiмдi сығысып жiбершi, — дедi.

— Жоқ, өзiң сығып ала салшы. Неге екенi сығысқым келiп тұрған жоқ, — дедiм. Шынтуайтына келсек сығысқым келiп-ақ тұр ғой. Бiрақ “сценарий” бойынша осылай iстеуiме тура келiп тұр. Сыққызбасым сыққызбастың керi болып тұр да. Осы сәттi пайдаланған Дарын орнынан ұшып тұрып:

— Онда мен сығысайын, — деп Сүйрiктiң жанына жетiп барды. Бiрақ Сүйрiк ол күткендей iстеген жоқ. Керiсiнше басын маңғаздана көтерiп:

— Рахмет. Бүгiнше сықпай-ақ кие салайын, — дедi де бұрылып кетiп қалды. Ол менiң бұлай iстеуiмнiң себебiн бiлгендiктен де әдейi осындай қадам жасаса керек. Дарын болса тұрған орнында қатты да қалды.

Қайтар жолда Сүйрiк маған ертең кететiнiн айтты. Мен үнсiз жолың болсын дегендей қылдым. Ал ол болса менiң бұл немқұрайдылығыма өкпелегендей болып:

— Сен не менi жақсы көрмейсiң ба? — дедi. Мен оған өзiмнiң жақсы көретiн алтыншы “б” класында оқитын қызым туралы айтып бердiм. Сүйрiк бiраз жер үнсiз жүрдi да:

— Ол қызды қайтесiң. Ол сенен үлкен ғой. Оның үстiне оның жiгiтi бар екен, — дедi. Мен оған:

— Мейлi бола берсiн. Мен оны жақсы көрiп жүре берем. Кейiн жiгiтiмен ұрсысып қалғанда менiмен жүредi. Соған дейiн күтемiн, — дедiм. Бiр кезде Сүйрiк менiң көзiме көзiн қадап тұрып:

— Түнде мен сенi түсiмде көрдiм, — дедi.

— Не iстеп жүр екенбiз?

— Айтпаймын, оны қайтесiң.

— Жәрайды айтпасаң айтпай-ақ қой. Тек сол түсiңде көргенiңдi өңiмiзде қайталайық, — дедiм. Сүйрiк күлiп жiбердi де:

— О—о—о,.. қуын қара…— дедi.

Бiз сол түнi таң атқанша ұйықтаған жоқпыз. Клуб жақтағы парктiң iшiндегi сәкiде отырдық. Таң атып келе жатты. Сол кезде ғана менiң батылсыз-дығымнан шаршаған Сүйрiк:

— Сен менiң түсiмдегiнi өңiмiзде қайталайық деп едiң ғой, — дедi. Мен оған:

— Иә, солай деп айтқанмын. Түсiңде не болып едi? — дедiм. Ол маған күле қарап:

— Бетiмнен сүйiп алғансың,.. — дедi. Мен оның бетiнен сүймек болып ұмсына бергенiмде ол маған жалт қарап едi, ернiм оның бетiне емес ернiне тиiп кеттi…

Арада ай өттi ме, жыл өттi ме, күн өттi ме бiлмеймiн. Мүмкiн санаулы минуттар, тiптi секундтар өткен болар. Әйтеуiр ұзақ та қысқа тәттi сәт өттi. Ол маған асылып тұрған қалпында көзiн ашып:

— Сен менiң түсiмде ернiмнен сүйген жоқ болатын-сың, — дедi. Ендi өң мен түстiң ортасында тұрған адам ненi ажыратып жарытсын, жарқыным-ау. Мүмкiн осылай шатасқанымыз да жақсы болған шығар.

Екеумiздi осынау шырын сәттен оның апасының айқайы оятты. Етегiне сүрiнiп-жығылып:

— Иттiң ғана қызы-ай, қайда жүрсiң? Түнi бойы сенi iздеп ұйықтамадым, — деп аттандатып келе жатыр екен. Қасында менiң шешем бар. Екеумiз қаша жөнелдiк. Екiншi көшенi айналып барып, екеумiз де үйдi-үйiмiзге кiрiп кеттiк. Бұл түнi бiз Сүйрiк екеумiз ғана емес, оның апасы мен менiң шешем де ұйықтамады. Бұл түн осы көз iлмеген төртеудiң екеуi үшiн ләззатқа, екеуi үшiн азапқа толы болды.

Ол сол күнi өзiнiң ауылына кетiп қалды. Қатты жақсы көрмесем де кәдiмгiдей бауыр басып қалыптым. Шомылуға барғым келмей ерiксiз бардым. Суға түсiп жүргенде Дарын маған соқтығып, дауысын актерларша құбылтып:

— Төлегенжан, Жiбек кетiп Жайықтың суы тартылғандай болып отырсың ба? Құлазыған көңiлiңе ем болар, кел суға түс, — деп тиiстi. Мен Дарынның келекесiне қалғым келмей кетiп қалудың амалын таппай тұрғам. Аспаннан тағы да самолет ұшып бара жатты. Бұл жолғы бағыты бiздiң ауыл жақ екен. Мен соны пайдаланып самолеттiң артынан тұра жүгiрдiм.

— Ей, самолет, самолет, Алматыға ала кет.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз