Өлең, жыр, ақындар

Таубай

Тобылдың бойы жердің шұрайы деп мекендеп отырған елі аңыз қылады. Мұның өтірік, шынын айыру үшін құйылыстан шығып жоғары өрлеген адам біледі. Өзеннің екі беті оба, тау, шың. Жерінің шөбі түп-түп болып бітіп, таздың басындай аламыштанып жатқаны. Өзеннің екі жақ басына қара үзім жерге шейін егін салып пайдалануға болмайды. Өзен бойындағы елдің егіндік, шабындығы қыстауынан он бес, жиырма шақырым жер. Жиырма шақырым жерге қай кедей барып егін салады?!

Бірақ Тобыл байларға пайдалы. Тобылдан 20-30 шақырым жерде Алакөл-Балықты жайлауы бар. Алакөл-Балықты жердің шырайына оралып біткен қара бұйрасы жатқан құлынды жасырады, байлар жаз сол жайлауда болады. Жайлаудан шөп шабады. Жайлауда кәсібін істейді.

Құйылыстан шығып жоғары өрлеп бара жатқанымызда, қара жолдың күн батыс жағында, сайдың ішінде отырған төрт-бес үйдің төбесі көрінді. Үй сыртындағы төбенің басында, қойға істеген қарақшыдай жарбиып біреу отыр. Маңайында төрт-бес бұзау жайылып жүр. Бұрылып жанына бардық. Орта жасқа келген адам екен. Беті толықтау келген шоқпақ қара. Ұйыса біткен қою қара сақалы бар. Молдалар секілдендіріп мұртының жебесін делдитіп, асқа батырлатып жерін жылтыратып қырқып қойыпты. Үстінде жамаулы камзол, басында елтірі бөрік. Бір қарағаннан-ақ өлмелі кедей екендігін адам айтпай білерлік.

— Уа, қайдағы балаларсыңдар?—деп жөн сұрауға кірісті.

Күн екінді әлеті. Бұл ауылдан асып түсетін мерзімді жерде ел жоқ. Біздің қонуға ыңғайланғанымызды сезген соң, отырған кісі жай айта бастады.

— Байларымыз жайлауда. Мұнда кілең жатақтар отырмыз. Қымыз жоқ, ет жоқ... бүгін қатын үйде үн да жоқ деп еді. Әйтсе де үйге жүріңдер, айран-пайран ішерсіңдер,— деді.

Шақатты жердің адыр-бұдырымен арбамызды шақырлатып біз ауылға төніп келгенімізде, алпамсадай бір қара қатын, үстіндегі боз көйлегі май-май болып, жыртық жаулықтан шашы бұрқырап шығып, үй жанында тұрып бізге көз салды. Арбаның алдында келе жатқан байын көрген соң, қонақты сол шақырып алып келе жатқандай, қатын байына түйлікті.

— Жолды тосып отырып, өткен-кеткенді үйге тасиды да жүреді,— деді.

Үйге бізден бұрын кіріп кетіп еді. Ашуының күштілігінен болса керек — шылапшын, шелек шалдырлап, үйді басына көтеріп жатты. Үйге кіре бергенімізде табалдырықтың алдында кесе көлденең бір ат жатыр екен. Аттың үстінен аттап өтуге тура келді. Кішкене ғана жолым үйдің үштен бірін ат алып жатыр. Маңайы қоқырсыған шөп, аттың тезегі, төгілген су. Төр алдында қиқиған бір-екі кебеже, сандық бар. Сиыр терісі тулақты төрге ұзыннан төсеп тастапты. Қонақ келген үйге кісінің жиналатын әдеті ғой, бала-шаға анталап жинала бастады. Үй иесі қатын бізге бажырайып біраз қарап тұрды да, балаларға қарап бүлікті.

— Көкала келгірлер, кім шақырды сендерді... батыр қараларыңды?!— деді.

Үй иесімен бейнелеп таныса бастадық. Таубай деген кісі екен. Жасында сауыққой, әнпаз болған сал жігіт екен. Бері келген соң кедейшілік басып кетіп, мүгедектікке айналыпты. Бұрынғыдай ел кезіп, ән салып, байлардың тәтті тамағын жеуден айрылып қалыпты. Оның үстіне биыл мықты кеселге ұшырапты. Жалғыз аты бар екен. Айт күні жұрттың кеу-кеулеуімен көкпарға шабамын деп артқы аяғын мертіктіріпті.

— Жарықтық, жылқы-ақ еді. Тай күнінде Әлекең үйінен бір қашар, он сом беріп алып едім. Қара күшке бұдан жылқы өтпейді. Оның үстіне аяғының желі де бар еді,— деп, босағада төңкиіп жатқан торы атты мақтап қойды.

Торы ат әңгімесі ұзақ. Қалаға барғанда тиеген жүгін, сайлау болғанда Сәнкібайдың пар атымен жарысып озып кеткенін, тағы-тағыларын айта келіп, торы атпен соққан түлкісіне тоқтады:

— "Ақша қардың үлпілдек болып жауған кезі еді. Таң сәріде үйден шықтым. Жел тұрып ысырма болып кете ме деп те қауіптенем... бұлаң құйрықпен Атекем обасын айнала бергенімде, алдымнан бір із сап ете қалды. Түсе қалып қарасам, түлкінің ізі екен. Жалма-жан аттың айылын дұрыстап тартып жіберіп, міне жөнелдім. Орынбай құдығына барған жерде қызараңдап кетіп бара жатқан түлкінің қарасы көзіме шалынды. Әйт деп жөнелдім. Сол қуғаннан қуып отырып, жиырма шақырымдай жерге барғанда түлкіні соқтым..."

Таубай түлкі соққанын лепіріп айтып келсе де; түлкіні кімге бергеніне келгенде бәсеңдеді.

— Байларда бет жоқ қой. Қолымды үсітіп, бетімді қарытып, атымды өлесі қылып соққан түлкімді Әлекеңе апарып сыйға тартқанымда ұялмай-қызармай үш-ақ сом берді,— деді.

— Саған о да көп, мен берме дегенімде тіл алмадың ғой,— деп ашулы қатыны Таубайды аяқтан бір іліп қалды. Таубай ажырайып қатынына қарады. "Сен қатынды ма, кісі кетсін!.."— деп кіжінген пішін бет ажарында көрініп тұрды...

Ауыл сыртындағы шөптесін жерде отырмыз. Маңайымыз толған қылқандай жас бала, бірен-саран шалдау кісілер. Төрт-бес үйдің ішінде бір жас жігіттің жоғына адам таңқаларлық. Бірақ оны шалдар шешіп берді:

— Өзімізде кәсіп қылатын күш болмаған соң, жұмысқа жарайтын балаларымыз байларда жүр,— деді.

— Төрт-бес үйдің сиырының ұзын саны оннан аспайды. Мінетін ат бірлі-жарым-ақ. Кәсіп жоқ шалдар ризықты құдайдан күтіп отыр. Төрт-бес үйдегі мектеп жасындағы балалар оннан асады, аяқтары тілім-тілім болып, шоқпыт көйлектен денелері көрініп, бүрісіп отыр. Біз барғаннан маңымыздан кеткен жоқ. Бізден бірдеме есіткісі келген кісі секілді, бізден бір жақсылық күткен секілді.

— Қалай, балаларыңызды оқытып жүрсіздер ме?— деп сұрағанымызда, отырған балалардың есі кіргендей күрсінді. Жалақ ерінді, шәукиген қара шал насыбайын шырт еткізіп түкіріп алып:

— Бала оқыту ма? — деді.

— Немене, ауылдарыңызда мектеп жоқ па?

— Мектеп байдың ауылында. Байдың өз ауылының балалары оқиды білем. Біздің балаларымызды алмайды, жатқызатын жеріміз жоқ...

Сұрастыра келгенімізде анығы былай болды. Бұрын мектеп бір кедей ауылда екен. Былтырғы болған ауылнай мен мұғалім жымың біріктіріп, мектепті байдың ауылына көшіріпті. Көшіруге сылтауы ол ауылдан мектепке әдемі үй табылыпты. Бірақ мектеп үйі әдемі болғанмен, былайғы елдің балалары бара алмай оқудан қол үзіп қалыпты...

Ымырт жабыла берген мезгілде, төрт аяқты арбаға арық көк атты жегіп, итініп келе жатқан біреу көрінді. Ағараңдаған жаулық арбасында әйел барын анадайдан-ақ білгізеді.

— Мынау Баянды шығар,— десті.

— Бұ да бір құдайдың азғаны. Жаман қатынын арбасына салып, Өзденбайға шабады да тұрады.

Баянды осы ауылдікі. Қатынының көзі кетіпті. Денесінде жара да бар білем. Соны Өзденбай бақсыға апарып үшкіртіп жүр екен!

Баяндының қатынының науқасын есіткен соң, біз шек алайық дедік. Үйткені жанымызда отырған балалардың қолында, бетінде қызарған жаралары көрінген сияқты еді. Қазбалап сұрап анығын білген соң, докторға көрсетудің керектігін айттық. Тыңдап отырған шалымыздың бірі күрсінді.

— Әй, шырағым-ай, докторың қолға түсе қоя ма?! Қалаға баруға көлік керек, расходтық ақша керек. Оны қайдан таппақшымыз?! Ол табыла қалғанда да барған докторыңа ауруыңды айтып түсіндірудің өзі бір ақирет... Бірдеме айтсаң, аңырайып ауызың ашылып тұрғаны. Одан да құдай шипасын салса, жақын жерден қарата берген тәуір шығар деймін,— деді. Шал қаталасты, шалдың қатасын айтып біз түсіндірдік. Мойындаған сияқты болды. Бірақ ескі жырын қайта айтты.

— Баруға күш жоқ қой, пұл жоқ қой. Үкімет ісіне араласып жүрген балалар көрінесіңдер, ел ішіне доктор шығартсаңдар, қой демес едік. Докторға-ақ қаратар едік,— деп сөзінің бір ұшын әкеп бізге тіреді.

* * *

Түнерген ымырт қараңғысын ай сәулесі жеңіп бозарта бастады. Ауылдың қатындары бірлі-жарымды сиырларын сауып, жерошаққа сүт пісіруге кірісті. Жалындап жанған жерошақтың басында екіден, үштен жиылып отырған қатындар, әлденені айтып өздерінше дабырлап отыр. Тамаққа жарымай қарны ашқан балалар әжесінен сүт сұрап, кейде таяқ жеп жылап та қалады.

Ел тұрмысын, ел күйін ойлай бастасаң алысқа кетесің. Төрт-бес қана үй. Осы төрт-бес үйдің басында не әлеметтің бәрі бар. Кедейлік те осында, ауру-сырқау да осында, надандық, қараңғылық та осында. Үкіметтің неғып жатқанын, үкімет басында кімдер отырғанын білмейді, орталықты былай қоялық, гүбірне, уездерде қандай мекемелер барын, онда кімдер отырғанын білмейді, болыстық, ауылдық кеңестің жұмыстарынан да шала.

— Түнеу күні ауылнай спесік жазып жүр еді, биыл да салықты артық салып қоймаса игі еді,— деп өздері әңгіме қылысады.

Төрт-бес үйдің ішіндегі ең тәуірінің екі-үш-ақ қарасы бар. Егіні бір-екі десятинадан артылмайды. Мұндай үйге салық түсер ме? Бірақ, өздері түседі дейді, кім білсін, жебір ауылнай болса спесікте бұлардың малын артық жазып, салықты басып жіберуі де мүмкін ғой.

Біз ел жайын сұрап танысып болғаннан кейін, Таубайдың өлең айтуына көштік. Әнпаздығын, серілігін Таубай өзі де айтып қойып еді. Енді оның әнін тыңдау керек болды. Біз өтінген соң, басқа шалдар да қосарланды.

— Қонақ балалар ғой, бұларға айтуың керек,— дейді. Кешкі салқында жадырап отырып, қара домбыраны Таубай безілдете бастады. Тартқыш екен, безілдетіп күй салды. "Ақсақ құлан — Жошыхан", "Нариген", "Қоңыр қаз" күйлеріне салғанда адамның бойын шымырлатып жіберді. Отырған орнында қозғалып, теңселіп, қолын ілгерілі-кейінді сілтеп, күйдің ырғағына өзі түсіп отырды...

Бір кезде әнге кірісті. Ескілікті әндерді бастарда, әннің қайдан шыққанын, кімнің әні екенін күні бұрын түсіндіру өзінің әдеті екен. Бізге де соны істеді. Жалбаланған жеңін түріп алып, әннің тарихын айтуға кірісті.

"Тәйтәй" әні.

Баяғыда бір байдың Тәйтәй деген сұлу қызы болыпты. Өзі ерке болып өссе керек. Ылғи құс салып, аң аулап дүзде жүреді екен. Сол жүрісінде бір жігітпен ұшырасып, көңілі кетеді. Қыз сол жігітке тимекші болып уәде қылысады.

— Пәлен жерден жол екі айырылады, сол жолдың айырылымында күт, мен шығайын,— дейді қыз. Жігіт келмекші болады.

Бұлардың сөзін қойшы сырттан тыңдап тұрады да, кешке ауылға келген соң, байдың жаратып жүрген екі жүйрігінің бірін мініп, бірін жетелеп жолдың айырылымына барып тұра қалады. Қыз келеді, күтіп тұрған манағы жігіт екен деп жетектегі атқа мінеді — қыз қалай жүрдік десе, былай жүрдік деп қойшы бастай жөнеледі...

Бір кезде жолдың айырылымына баяғы жігіт келіп әрі-бері күтеді, қыз жоқ. Таң білінеді... із кессе, екі аттың кеткен ізін көреді. Жігіт жылап отыра қалып ән салады:

Құс салып, ит жүгірткен Тәйтәй қызым,

Дүниенің кім біледі опасызын?

Айтылған уәдеден тайып кетіп,

Екі жол тарауында отырғыздың...

Ән ащы, зарлы ән. Аяғы еңкілдеп жылап келді. Әсіресе Таубай зарлатып салғанда, кемпір-шалдар жылап жібере жаздайтын...

Бұдан кейін Ақиіс әніне салмақшы болды. "Бір байдың Ақиіс деген қызы болыпты. Өзі сұлу, сөзге шебер — ақын екен... Заманында жер тітіреткен Мұхтар дейтін правитель малды көп беріп, бір жағынан зорлығын істеп, Ақиісті тоқалдыққа алыпты... Сонда Ақиіс отауында отырып мынау өлеңді айтқан екен:

Ұйқысы правительдің қаршыға ұйқы,

Ауылда күнде жиын, күнде күлкі...

Келді де бір ақ сұңқар іле түсті,

Мен едім тауда жүрген қызыл түлкі...

Бәйбішенің сөзін сөйлейтін бір жігіт бар екен. Сол мынау өлеңді есіткен соң былай депті:

Мұхтардың бәйбішесі Қашым еді,

Жұлдызы өзге әйелдерден басым еді...

Ақиіс мұнда келіп кеми берді,

Түнеугі төркінінде тасып еді...

Ақиісті жақтайтын бір жігіт оған былай деп жауап қайырыпты:

Жылқыға кеше барсам торы тай жоқ,

Қашымда бұрынғыдай тәтті шай жоқ.

Ақиіс мұнда келіп кемісе де,

Байқасам сол Қашымда енді бай жоқ.

Правительдің Ақиіске ауып кеткендігін бәйбіше де сезетін болса керек, бірақ сөзге мерт болмайын деп:

Торысы арқандаулы күйінде тұр,

Бұл күнде халықтың ісі биінде тұр.

Қатынды қартайды деп кемітпеңдер,

Қазақтың мұндай қызы үйінде отыр...

деген екен.

Ақиістің жыры таусылмайтын жыр. Таубай бәрін де айтты. Әр өлеңнің алдында мынаны пәлен айтқан екен деп түсіндіріп отырады. Қолы өршеленіп кетеді. Арқасын жыбырлатып қозғатып қояды. Нақ сол минутта Ақиістің жанында отырып, бұлбұлдай сайраған сөзін естігендей боласың. Күндестікпен зарлағанына жаның ренжиді...

Ай көтеріліп сәскелікке келгенде өлең тоқтады. Таубай демін алып, домбыраны жанына қойды. Жұрт біртіндеп тарай бастады. Бірен-саран ұйықтап қалған балаларды жанындағылары жұлмалап оята бастады.

Біз далада жаттық. Ай сәулесінің жарығында, тынған табиғаттың құшағына кіріп, өткен-кеткендерді ойлап жатып, ұйықтап та кетіппіз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз