Өлең, жыр, ақындар

Баймолда

Баймолда болыс болғанда жұртта, жұрт болғанда "еті тірі пысықтарда" екі түрлі көзқарас болды. Бірсыпырасы — көксе ақсақалдар, бір кезде жұртты бір шыбықпен айдаған көкжалдар: "бұрын-соңды ел билеп, жұрт ұстаған адамның тұқымы емес, әкімдікке мәз болып, ұлықтар не айтса соны істеп, жұртты қан қақсатар-ақ" десті; ал жастар жағы соңғы әзірде іске араласып, оны-мұны көре бастағандары; "онша ессіз бала емес қой, көбімізден шығып қайда кетер дейсің және хатшысы да мықты, ауыздықтар" десті.

Болыс болып сайланған Баймолданың өзінде тұрақты пікір шамалы еді. Бірақ кедей табының жәбірде келе жатқанын, іс басындағы адамдардың асы бар, аты бардың ықпалынан шыға алмайтынын бұрыннан сезетін еді. Соңдықтан іс қолына тисе, нақ аналардай болмаспын-ау деген секілді бір қиял көптен елестейтін еді...

Баймолда болыстық кеңес төрағасы. Хатшы, іс жүргізуші бір қағаздан соң бір қағазды жазып үсті-үстіне қолды қойғызып жатыр... Түрлі жұмыспен келген ел адамдары ертеден кешке шейін кеңсесін босатпайды.

— Менің қатынымды тартып алды...

— Жалданған байым ақымды бермей жіберді...

— Мен пәленшенің тоқалы едім, бәйбіше басымды жарып, үйден қуып шықты...

* * *

Алғашқы кезде Баймолда бәріне де уәде берді. Бәрін де бітірмекші болды. Бірақ ауыз айтқаны болмаса, іс жүзінде еш нәрсе бітірмеді. Арыз иелері жетілеп кеңсенің есігін күзететін болды.

Мырқымбай шал, үстіндегі сары тоны сіресе қатқан, аяғындағы жыртық етігі аязбен қатып сықырлап, мүйнет сайын үйге кіреді:

— Қарағым-ау, өлетін болдым, бірдеме қылсайшы!..

Баймолда не істесін, қалай тындырарын білмейді...кейиді.

— Өліп барасың ба, бір оралып келсейші, — дейді.

Бірақ Мырқымбай кетпейді.

Енді қайтпек керек? Шарасыздан хатшысына ақылдасты.

— Мұны қайтеміз?

— Ой, оған несіне бас қатырасың? Ауылнайына бұйрық берсейші, ақсақалдарға салып алып берсін...

Талып отырған Баймолдаға бұл бірталай демеу болды. Екіншінің ауылнайына бұйрықты жазып кеп қалды.

"Ақсақалдарға салып, мына кісінің ақысын алып беру керек"...

Баймолдаға бұл жол ұнап кетті. Бұдан кейін келген арыздарға осы сөзді кесе жазатын болды... Бір-екі ай өтер-өтпесте кеңсесінің есігі жаман тон, жыртық етіктілерден тазарып қалуға жақындады.

* * *

Баймолданың жастай бірге ойнап өскен жолдасы Сәлім соңғы жылдары үзбей оқуға салынып, бірер жылдан бері орталық қаланың бірінде қызметте жүретін. Сол ойламаған жерден елге келе қалды. Сәлімнің келгенін есіткен соң, Баймолда кеңсе жұмысын тастай беріп келді.

Сәлім "болыстығына" қайырлы болсын айтты. Ел күйін бейнелеп сұрай бастады.

— Қане не істеп жүрсің, жұмысыңмен таныстыршы, — деді. Баймолда, шынында айтарлық жұмыстың өзі де жоқ еді. Бөгеліп қалды...

Сәлім бәрін де есіткен екен.

Баймолдадан азап көргендер, Баймолданың байдың, атқамінерлердің шылауына еріп кеткеніне наразы болғандар Сәлімге шағып үлгерген екен...

— Сен адамшылықтан шыққан екенсің,— деді Сәлім: — Көзі ашық, оны-мұны біледі, ел жайын ойласа — осы ойлар деп ел сені сайлап отыр. Сол жұртқа сен не істеп отырсың? Арызбен барғанды ақсақалға сілтейтін көрінесің. Жәбірленген, езілгендердің саны жоқ. Оларға қол ұшын беруді білмейсің. Ел шаруашылығы - күйзеу, оларға шаруашылығын көтеруге басшылық керек, оқу-оқыту жұмысы таза бүркеулі, мектеп балалары доп ойнап жүр...

Сәлім көп айтты. Елдің мұңын Баймолданың көзіне суреттеді. Соларға нендей шара қолданудың жолын көрсетті.

Газетте, дүниеде болып жатқан өзгерістерден хабарсыз болма. Қазақстан үкіметінің ел пайдасы үшін істеп отырған, істегелі отырған жұмыстары сол газет бетінде айнадай көрініп тұр. Соны өзің оқып біл де, білмегендерге түсіндір...

Баймолда бәрін де мойнына алды, осы айтқандарды істеуге Сәлімге уәде берді.

* * *

Кеңсесіне жұмыс істеуге бара жатқанда, Баймолданың басы толған қиял, план еді:

— Ай, әттеген-ай, қаталасқан екем, бұдан бұрын мұны еске салғандай, маған жөн сілтегендей жанның табылмағаны-ау, — деді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз