Өлең, жыр, ақындар

Жабысқақ

Дүниеде әйелдердің аузына іліне көрмеңіз. Олар сіздің әжептеуір Батыр деген атыңызды Қорқақ, Зор деген атыңызды Қор, Жігіт деген атыңызды Түбіт атандырып жібереді. Олардың аузындай дуалы ауызды әзірге ешкім көре алған жоқ. Жабысқақ деген де Жабысқақтың іштен туа, азан айтып, құлағын тартып қойған аты емес. Жас күнінде жеңгелері мен қыздардың бастаңғысынан жабысып қалмай, қай ауылға барып жасаса да, алдарынан шыға берген соң жеңгесінің бірі «мынау бір жабысқақ қой» деп, содан Жабысқақ атанып кеткен екен. Бері келе өз аты мүлдем ұмытылып, тіпті документтеріне де Жабысқақ деп жазылып келген.

Сол Жабысқақ «Талдыбұлақ» колхозына Сәкен председатель болып келгенде eгic бригадасының есепшісі еді. Жаңа председательді орнынан атып тұрып қарсы алғандардың бірі осы болды. Ыңғайын тауып бұрынғы председательдің басындағы колхоздың ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктерді сыналап айтып жіберіп те отырды. Осындай кемшіліктерді байқаған адамның қолынан іс те келуі керек қой деп, Сәкен екі-үш рет қиын тапсырмаларға мұны жұмсап көріп еді, тап-тұйнақтай етіп, орындап та шықты. Бұдан былай Сәкен ол туралы жақсы пікірде болып, оның істеген жұмыстарын атап отырды.

Бір күні колхоз басқармасының отырысы ұзаққа созылып, жұрт үйді-үйіне кеш қайтты. Нақ осы күні үйіне жақындап қалған Сәкенге Жабысқақ бір бүйірден төтендей қосылды да, «Сізді шығарып салуға біздегілердің мәдениеті де жетпеген ғой, сізді жалғыз жіберіп» деп жампаңдап, үйіне дейін бірге келді. Ол Сәкенмен бірге отырып, әңгімелесіп, шәйді бірге ішісті. Бұдан кейін ол бұл үйге келгіш болып алды. Таңертең келіп Сәкеннің атын ерттеп қояды. Қолтығынан ұстап, аттандырып та жібереді. Атына шөп салып, Сәкен атпен жақын бригадаларды аралап келгенде атының түйген құйрығын шешіп, тартпасын босатып, қолды-аяққа тұрмайды. Ол жоқта колхоздың орталығында болып жатқан жағалықтарды шұбыртып айтып, бірін асырып, бірін түсіріп те жібереді. Кейде ол тек болып жатқан жайды айтып қана қоймайды, сонымен бірге былай болса деген ойын да білдіреді. Онысы кейде Сәкеннің ойынан да шығады.

Тағы бірде түскі тамаққа келе жатқан Сәкен өзінін есігінің алдында балтамен ағаш жарып, қара суға түсіп жатқан Жабысқақты көрді. Ол тіпті шешініп, өз үйіндегідей күлшына-құлшына шабады. Ол кеткен соң Сәкен әйеліне қатты ренжіп:

— Мұнын ұят емес пе!? Колхоздың белсенділерін шетінен өзіне отыншыға айналдырып алмақ па едің? Мұныңды бұдан былай мен көрмейтін болайын,— деді.

Сәкеннің әйелі қатты қысылды.

— Ойбай-ау, мен оған ағаш жарып бер деп айтты дейсің бе, күпіне тоқсан келіп, осы үйден шықпайды. Кет деп айту ұят. Бағана тіпті жеңеше сүтіңді пісіре салайын ба деп, қазанды ошаққа қарай көтере жөнелді. Орта жолда зорға тоқтаттым.

Жеңіл-желпі сөзді елең қылмайтын Сәкен:

— Мұнысы қызық екен,— дей салды.

Бір-екі айдан кейін осының бәрі де ұмыт болды. Бұрынғыдай ағаш жарып, сүт пісіріп бермегенмен. Жабысқақ бұл үйдің бір адамы сияқты болып алды. Оған бұлардың да үйреніп кеткені сонша, ол келмей қалса, Жабысқақ неге келмей қалды деп, үйде бір адам жоқ болып тұрғандай көрінді. Осы үйдің жылы-жұмсағының бәрі соның аузында, Жабысқақ Сәкеннің кенже інісіндей болып кетті.

Қыстың бір күнінде Сәкеннің қаладағы ағасы Кәкен келді. Нақ осы кезде Жабысқақ та сап ете түсті. Кәкеннің келгенін білмей қалған үй іші оны қорадан шығып қарсы алды.

— Бәрің неғып қорада жүр едіңдер?—деп сұрады Жабысқақ.

— Ендігі жылы астық қалай болады деп біраз бидай көміп едім,— деп күлді Сәкеннің әйелі. Сонымен бәрі үйге кірді. Жабысқақ Кәкенді шешіндіріп, тіпті байпағын да аяғынан тартып тастады. Ішіне кіріп, сыртына шығады. «Жоғары шығыңызды» үсті-үстіне қайталап, астына төрт қабаттап көрпені де салып, шынтақтап жатуы үшін қос жастықты да алып қойып жіберді. Өз үйіндей, қудай жайқап жүрген бір жан. Сонан соң өзі Сәкеннің кіші баласын алдына алып, бадырақ көзі жан-жақты тегіс шолып, бал-бұл жанып, малдас құрып отырды. Кәкеннің көзқарасынша осы отырыс оған жарасатын сияқты. Өйткені үстіндегі сыпа киімі, төртбақ денесі, әжімсіз, майлаған торсықтай беті жаңағы қошаметті істеген қосшы бала сияқты емес.

Құрмет иесі салдарлы адамдай, бірақ көзі жүгіре беретіні жаман екен.

— Япыр-ай, неткен кішіпейіл жан,— деп ойлады Кәкен.

Бір кезде Жабысқақ, балалармен алысып ойнап кетті. Балалар да өзімсініп оның бірі кеудесіне, бірі тізесіне мініп алыпты. Сәлден кейін Сәкен маған сөйлесе бастағанда балаларды қуып жіберіп, Жабысқақ қараңғыдағы торпақтай мұрнының пысылы ғана естіліп, жым бола қалды. Баланың біреуі қайта келмек болып еді, қағып жіберіп, маңайлатпады. Қату қабақты ұққан балалардың өзі де бұдан кейін Жабысқаққа жолай қоймайды.

— Япыр-ай, неткен жігіт, деді Кәкен.— Біздің сөзімізге балалар бөгет болмасын деді-ау.

Кәкен әңгімелесіп отырып, енді бір қарағанда Жабысқақ екі көзін жұмып, басын ұстап қалғып отырды. Енді бір қарағанда жермен жексен болып, етпетінен түсіп киізге жабысып, тыпыр етпей, ұйықтап жатыр. Кәкен көзін Жабысқақтан алып, інісіне қарап сөйледі:

— Екі жүз сомдай ақшам жетпей қалды. Соған саған келдім.

— Ия, оны қойшы, ертең ауданға барған соң тауып берермін, — деді Сәкен.

Таңертең Кәкен аттанарда да Жабысқақ осында болды. Ол Кәкеннің пальтосын киіндіріп, галошын сала беріп, қалтасындағы беторамалын алып, галоштың тұмсығындағы топырақты сүртіп жіберіп, кигізді. Бұл Кәкенге ұнамай қалды. Оның ұнатпағанын біліп қалды ма, Жабысқақ оның бетіне қарай беріп, ыржия кетті.

Кәкен мен Сәкен аудан орталығына келгенде бағана ауылда көрген Жабысқақ алдарынан шықты.

— Қайда тоқтайсыздар?—деп сұрады ол.

— Банктың қорасына,— деді Сәкен...

Арада біраз уақыт өткен соң Сәкен ағасын машинаға шығарып салып тұрды.

— Мынау кешегі сұраған ақшаң. Артықтау берем бе деп едім жөні келіңкіремеді,— деді інісі ағасына. — Жазға қарай балаларды жіберерсің — Нақ осы кезде Жабысқақ, екеуінің жандарынан өте берді. Кәкен оған жақтырмаған қабақпен қарады.

— Осы бала тым ақкөңілдеу екен. Күле кіріп, күңірене шығатын біреу болмасын,— деді Кәкен інісіне қарап. Сәкен ол сөзге маңыз бере қойған жоқ.

...Қосымша ақы бөлген басқарма жиналысынан бері Жабысқақ Сәкен үйіне кіруді қойды. Кіргенді былай қойғанда көшеде көрген бұл үйдің балаларына да жылы ұшырамайтын болды. Ал Сәкенді көргенде теріс айналады. Тіпті олардың үйінде мынадай жағдай, мынадай жай бар деп жаяу өсектерді де айтып жүргені байқалды. Оның басты себебі бригадаға бөлінген қосымша ақы еді. Қосымша ақы тізіміне Жабысқақ өзін де жапсырған. Бірақ бригада есепшісі ауылшаруашылық артелінің Уставы бойынша көрсетілмегендіктен оны Сәкен шығарып тастауды ұсынды да, 'басқалар қызу қоштаған. Бар болғаны сол. Күнде жалбақтап Сәкенді үйге дейін шығарып салатын Жабысқақ жоқ болды да кетті.

Арада екі-үш ай өткен соң аудандық совет атқару комитетінің комиссиясы колхозға сау ете түсті. Көптен Сәкен бар жерге жоламай, қасқырға асамай тастап қойып алыстан байқаған аңшыша ойқастап жүрген, Жабысқақ та кеңсені төңіректеп қалды. Ол бұл кезде алыстан байқамай, ыңғайы келді атып алам ба деп дәмеленгендей ме, қалай? Көптен бері салбырап кеткен екі иық та көтеріліп, жабылып жүрген қалың қабақ та ашылып кетіпті. Екі езуі екі құлағында. Күлсе сояудай отыз екі тісін былай қойғанда, үңгірдей аузынан көмекейі көрінеді. Күлкімен бірге бадырақ көздерінен жасы қоса атып-атып шығады. Күлгенде даусы шыққанды әркім көрген шығар, ал жасы шыққанды кім көріпті?! Бетін басқан қалың түк қарауыта түседі.

Комиссия қатты тексерді. Алғанды, асқанды қарады, Астықты ақтара санады. Банкты баса есептеді. Ақыры ештеме таппады. Екі айдан кейін тағы оралды. Сәкеннің де мазасы кетті. Тағы тексерді. Сәкенге тексеруші сұрақ қойды:

— Қаладағы дүкенді талан-таражға салған ағаңызға банктан екі жүз сом алып бердіңіз бе?

— Пианино сатып алуға ақшасы жетпеген ағама екі жүз сом бердім. Ол кісі дүкенші емес, жұмысшы. Бірақ оны банктан емес, банк қорасында тұратын Батырхан деген жолдасыма қарыз берген ақшамды алып бердім.

Оны әлгі Жабысқақ та білуші еді ғой, содан-ақ сұраңдар.

— Қораңызға қанша астық тықтыңыз.

— Қазір астық тығатын уақыт емес қой. Елімізде астық мәселесі шешілген жоқ па?

— Бар,— деді арт жақтан бір дауыс.

— Болса қаралсын,— деді тағы біреу күліп.

....Алда келе жатқан Жабысқақ жұртты «жүріңдер, жүріңдер» деп желпіндіре берді. Келе қора бұрышын нұсқады. Келгендердің біразы күліп жіберді. Бұрыштың әлегі аспаннан шықты. Қазған жердей шала туған қара бұзау шықты. Тексерушіге іс мына шала туған бұзаудай бірдеме болып көрінді. Колхозшылар шала туған бұзауды білетін болып шықты. Ішінде оны қолынан көміскендері де бар екен.

— Бұл қалай? — деді тексеруші.

— Қора тарлығынан екі сиыр сүзісіп, бір сиырым бұзау тастады. Содан оны далаға тастауға індет пе деп қорықтық. Көму керек болды. Дала тоң. Сондықтан көктемге дейін табанының тоңы жоқ қораға көмдік. Көмгендер осында бар, — деді Сәкен.

— Ия, бармыз...

— Рас, — десті бір топ адам.

Арыздың ыңғайына кетіңкіреп жүрген тексеруші ауданға аттанды. Банктің жанындағы Батырхан үйіне де кіріп шықты. Сөйтіп төрт-бес айға созылған арыздың аяғы сиырдың құйрығы болып шықты.

Колхоз ортасына жиналыс шақырылды. Бұл жиналысқа Жабысқақтан басқаның бәрі келді.

— Жұртты жұмыстан қалдырған қайсың едіңдер, айтыңдар, — деді кейбір қызу қанды колхозшылар.

— Жабысқақ, Жабысқақ,,— деді көпшілігі. Жабысқақ дегенде Сәкен бір түрлі тітіркеніп кетті. Басқадан келсе де бұ пәле, Жабысқақтан деп ойламап еді. Сондықтан да жұрт «Жабысқақ» деген оның ойына адам Жабысқақ емес, кәдімгі арамтамақ паразит жабысқақ елестеп кетті. Кәкеңнің «күле кіріп, күңірене шығатын неме болмасын» дегені есіне түсті. Ол:

— Әй, Жабысқақ-ай!—деп зілді мысқылмен күліп жіберді. Ал бұл кезде Жабысқақ тура бес ай үзілістен кейін екі иығы салбырап, сүмірейіп Сәкен үйіне кетіп бара жатты...

1960


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз