Өлең, жыр, ақындар

Әйелдердегі вирустық гепатиттер

Жүкті әйелдердің мыңнан бірінде кездесетін бүйрек ауруында 40-50 пайыз жағдайда сарғаюға вирустық гепатиттер себепші болады. Олардың «А», «В», «Д», «Е» деген бірнеше түрлері болады және жедел түрлері созылмалы түрлеріне ауысып отырады. Сондықтан, созылмалы вирустық гепатиттердің (СВГ) медициналық және сонымен қатар эмоциялық зардабы болады. Мәселен, ана баласына қауіп төніп түр деп ойласа, одан эмоциялық зардап туындайды.

Созылмалы вирустық гепатитке шалдыққан әйелдерге жүктілік қарсы көрсетілім болып есептелмейді. Алайда олар (не олардың жыныстық серіктері) вирусқа қарсы ем алып жүрген кездерде жүктіліктің алдын алу әдісін қолданғандары жөн, яғни жүктілікті болдырмауға күш салуы тиіс. Себебі вирусқа қарсы препараттардың көбісі (мысалы, созылмалы «С» вирустык гепатитіне қолданылатын рибовирин деген препарат) шарана үшін де, жүктіліктің ағымы үшін де ете зиянды. Олар тек жүкті әйелдерге ғана емес, олардың жыныстық серіктеріне де зиянды.

Әйелдер ем жүргізіліп жатқан кезде және емнен кейінгі 6 ай бойы контрацепциялық әдістерді колдану қажеттілігін білуі керек.

Вирустық гепатиті бар жүкті әйел білікті маманға өзінің ауруы туралы хабарлауы тиіс.

Әзірше біз гепатиттің 2 түрін қарастырып көрелік.

«В» вирустық гепатиті

Гепатиттің  бұл түрімен ауырған жүкті әйелдер жүктілік немесе босану кезінде өзінің баласына вирусты оңай жұқтыруы мүмкін. Егер алдын алу амалдары жасалмаса, онда балалардың 90 пайызынан астамы туғаннан бастап «В» вирустық гепатитінің созылмалы түріне шалдығады.

Сондықтан жүкті әйелдердің бәрі де балаларын зарарланудан сақтап қалу үшін «В» вирустық гепатитіне тексерілуі керек.

Егер де жүкті әйелден «В» вирустық гепатитінің оң маркерлері анықталса, онда оның баласы екі дәріні, яғни «В» гепатитіне қарсы вакцинаның бірінші дозасын және иммуноглобулиннің бір дозасын босану залында қабылдауы қажет. Осы ереже орындалып, бала өмірінің алғашқы 12 сағатында препараттар енгізілсе, ол балада созылмалы «В» гепатитінен өмір бойы қорғанудың 95 пайызға дейінгі мүмкіндігі пайда болады. Қорғануды барынша басымырақ қамтамасыз ету үшін балаға әрі қарай вакцинаның 3 қосымша дозасын (1 айда, 2 айда және 12 айда) енгізу қажет. Егер әйел гепатитпен ауырғанын білсе, ол туралы маман дәрігерге айтуы өте маңызды. Сонда әйелдің босанар сәтіне әлгі екі дәріні дайындап қоюға мүмкіндік туады.

Егер де бала дер кезінде вакцинаны және иммуноглобулинді қабылдамаса, онда зарарлану қаупі 90 пайызға дейін жоғарылайды да баланы «В» вирустык гепатитінен қорғап қалудың екінші мүмкіндігі болмайды.

«С» вирустық гепатиті (СВГ)

Баланың кұрсақта ауру жұқтыру қаупі 5-10 пайыз. Егер әйел «В» вирустық гепатитімен ауырса, онда бұл көрсеткіш одан да жоғарылайды.

Жүкті әйел босанғаннан кейін бала дәрігеріне өзінің ауруы туралы хабарлауы тиіс. Сырқат анадан туған бала «С» вирустық гепатитіне анасының антиденесінің тасымалдаушысы болуы мүмкін, бірақ та ауру жұқпаса, онда бұл антиденелер бала өмірінің 18-інші айында өз-өзінен жоғалып кетеді. Туғаннан бастап «С» гепатиті вирусының бар-жоғын анықтауға өзгеше тест полимераздық ұласпалы реакция мүмкіндік береді.

Жүктілік

Вирустық гепатиттің емінен бұрын бала туамын деген әйелдер емді босанғаннан кейін баласы өскенге дейін уақытша ірке тұруына болады. Себебі, вирусқа қарсы ем әлсіздікке немесе депрессияға шалдықтыруы мүмкін. Егер сіз әлсіз не күйзелісті жағдайда болсаңыз, онда кішкентай балаға дұрыс күтім жасау қиын. Балаңыздың жасына қарамастан емделу кезінде әйелге қолғабыс өте қажет. Егер сізде созылмалы гепатит болса және босанғыңыз келсе, балаңыз зарарланған ба әлде жоқ па, соны анықтау үшін көп уақыт кетеді. Сондай жағдайда сізде қорқыныш пайда болады. Ол сізге үлкен зиянын тигізеді. Сондықтан сіз өзіңізді ұстап, үрейіңізді басуыңыз қажет. Дұрыс ойлауға тырысыңыз. Өзіңізді еркін сезініп, стресті жеңуге ұмтылыңыз. Өйткені сіз балаңызға өте қажетсіз. Балаңыз сырқат болса, әрине сіз уайымға берілесіз. Бұл қалыпты жағдай. Абыржу, қорқу, ашулану — бұлардың бәрі де жиі кездесетін жағдайлар. Көп әйелдер созылмалы вирустық гепатитке немесе басқа да созылмалы ауруларға шалдыққан балаларын тәрбиелеп өсіріп жатыр, солардың тәжірибесі сізге үлгі болуы тиіс. Мұндай жағдайда сіз дәрігер инфекционист немесе гепатолог маманның ақыл-кеңесін алғаныңыз жөн.

Емізу

Сүт арқылы вирустың берілу қаупінің басым болуына қарамастан, емшек емізудің артықшылығы айқын. Екіншіден, вирустық гепатитпен зарарланған аналар үшін бала емізуге қатысты арнайы нұсқаулар жоқ. Алайда мұндай жағдайда емшек ұштарына мұқият күтім қажет. Егер емшек ұштарында тіліну не қанды бөлінділер байқалса, олар жазылғанша емізуді тоқтата тұрған жөн. Тағы да бір ескеретін жайт — әйелдер вирусқа қарсы ем қабылдап жүрген кезде, оларға бала емізуге рұқсат етілмейді.

Х. Н. Нұржанов


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз