Алматы қаласы

Алматының ресми жасы 1854 жылдан, Кіші Алматы өзенінің бойында орыс әскерлерінің қамалы салынған мезгілден бері қарай есептелініп келді. Ал «Верный» атауын кейінірек 1867 жылы алғаны белгілі. Алайда қала тарихының құпиясы ғасырлардың терең қойнауында жатыр. XVI ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген мемлекеттік қайраткер, қолбасшы, ақын әрі жазушы Заһир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-нама» атты шығармасында мынадай мәліметтер бар: «Ферғана — бесінші климаттық белдеудегі аймақ. Ол жер өңдеумен айналысатын елдердің шекарасында орналасқан. Оның шығысында — Қашқар, батысында — Самарқанд, оңтүстігінде — Бадахшан таулары, солтүстік шекарасында — Таразкент кітабында аттары аталатын Алмалық, Алмату, Янги қалалары сияқты ежелгі елді мекендер болған. Алайда оларды моңғолдар қиратып кеткен, сондықтанда ол жерлерде қазір ешқандай елді мекен қалған жоқ». Бұл жерде қазіргі Алматының орнында орналасқан Алмату деп аталатын ортағасырлық қала туралы айтылып отыр.

Алматы елді мекені жайлы Бабырдың замандасы, «Тарих-и Рашиди» атты еңбектің авторы Мұхаммед Хайдар Дулат та моңғол шапқыншылығы мен осы елді мекеннің маңында болған соғыстарға байланысты деректерінде атап өтеді.

1979 жылы Алматыда қазіргі ҚР Ұлттык қауіпсіздік комитеті әскери институты орналасқан жерден екі күміс теңге табылды. Екі теңгенің де жазулары айқын емес. Алайда ерекше қызығушылық туғызған нәрсе — осыған дейін кездеспеген тамға — билеушілер мөрінің бейнесі. Шығыстанушы, нумизмат В.Н. Настич бұл ақшалардың жергілікті екендігі, Жетісуда соғылғандығы және қазіргі Алматы аумағында XIII ғасырда ақша соғатын өндіріс болғаны жайлы болжам айтады. 1990 жылы тап сондай таңбасы бар тағы да екі теңге табылады. Олардың ерекшелігі — таңбалар жоғарыда айтылған теңгелердегі сияқты қатар емес, теңгенің екі жақ бетінде де орналасқан. Бұл теңгелерді Қазақстаннан келген адамнан сатып алған коллекционер кісі В.Н. Настичке көрсетеді. Екі теңгенің біріндегі шеңбер бойымен айналдыра түсірілген жазудан ақша шығарылған жердің атын оқуға болады: «бұл дирхем Ал.м.ты аймағында (балад) ...бес... жылы соғылды». Бұл жазу қаланың атын Алматы деп сенімді түрде оқуға негіз береді. Осыған қарап, оның сол кездің өзінде қазіргі «алмалы жер» немесе «алма көп өсетін жер» деген мағынаны білдіретін «Алматы» атауымен аталып, XIII ғасырда Қазақстанның оңтүстік астанасының орнында өмір сүрген қала екеніне көз жеткіземіз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)