Өлең, жыр, ақындар

Анабез апоплексиясы

Анабез апоплексиясы — анабез тініне патологиялық қан құйылу және одан құрсақ қуысына қан кету.

Анабез апоплексиясы кез келген жаста кездесе береді. Оның гинекологиялық аурулар ішіндегі жиілігі 1-3%.

Патогенезі

Анабез апоплексиясының патогенезі өте күрделі. Бұл анабез тінінің кейбір ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Олардың біріншісі — кіші жамбас ағзаларына, атап айтқанда анабездерге физиологиялық қан толу және етеккір айналымының әр түрлі кезеңдерінде тамырлардың өткізгіштігінің жоғарылауы. Анабез тінінің екінші ерекшелігі — оның  айналымды түрде өзгеруі. Қалыпты жағдайда жыныстық тұрғыда дамыған әйелде анабезде фолликулдар өседі, оларда аналық жасушалар өсіп-жетіледі, яғни болашақ жүкілікке дайындық жүреді. Етеккір басталған соң доминантты фолликул өсе бастайды да ол етеккірдің ортасына қарай ең жоғары мөлшерге жетеді — диаметрі шамамен 20 мм. Одан кейін фолликул қабығы жарылып, өзінен пісіп-жетілген аналық жасушаны шығарады — овуляция. Жарылған фолликулдың орнында уақытша ісік — сары дене пайда болады. Сары дене әйелді жүктілікке дайындайтын белгілі бір гормондар өндіреді. Бұл — анабез айналымының қалыпты ағымы.

Жатыр қосалқыларындағы жіті және созылмалы қабыну үдерістерінде, поликистозды анабездер синдромында және кейбір басқа аурулардың (тұрып қалған гиперемия, тамырдың варикозды кеңеюі, эндокриндік бұзылыстар, қанның ұюы бұзылған қан аурулары, антикоагулянттарды ұзақ қабылдау) салдарынан анабез тіндерінде дистрофиялық және склероздық өзгерістер болған жағдайда, сондай-ақ овуляцияны дәрі-дәрмекпен ынталандыру кезінде, овуляция және сары дененің қалыптасу үдерісінде белгілі бір бұзылыстар пайда болады, яғни гипофиздің гонадотропты гормондары тым көбейіп кетеді және өзара қатынасы ұлғаяды. Нәтижесінде қан кұйылу — гематома күшейеді. Бұның бәрі ауырсынумен, әлсіздікпен, бастың айналуымен, жүректің айнуымен, құсумен, терінің бозғылттануымен, естен танып қалатындай ахуалмен қатар жүреді.

Тиісті ем жүргізілмесе, іштегі қан кету күшейіп, әйелдің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ іштің жарақаттануы, шамадан артық дене қимылы, тым қарқынды жыныстық қатынас та анабездің жыртылуына соқтыруы мүмкін.

Сол жақ анабезден гөрі оң жақ анабез апоплексиясы жиі кездеседі. Бұл оң жақтағы анабездің қанмен күштірек қамтамасыз етілуіне байланысты.

Апоплексияпың түрлері

Анабез апоплексиясы анемиялық, ауырсыну және аралас болып бөлінеді. Ауырсыну апоплексиясы кезінде іштің асты ұстама тәрізді қатты ауырады, етеккірдің кез келген күнінде пайда болады. Ауырсыну ұстамасының қарқыны 30 минуттан 3-4 сағатқа, тіпті одан да ұзаққа созылады. Анемиялық түрінде әйел әлсіздікке, бастың айналуына, бастың ауыруына, жүректің айнуына, кұсуға, кіші дәретке, үлкен дәретке жиі отыруға шағымданады.

Аралас түрінде анабез апоплексиясының ауырсынулы және анемиялық түрінің клиникалық белгілері аралас келеді.

Нақтамалау

Анабез апоплексиясына тән белгілер етеккір айналымының ортасында немесе екінші жартысында пайда болады. Науқасты қараған кезде зақымдалған анабез жағы қатты ауырады, сондай-ақ ішперде қозуының оң белгісі байқалады. Қан талдауында гемоглобин мөлшері төмендейді. Кіші жамбас ағзаларына УДЗ жасағанда зақымдалған анабезде қан құйылу белгілері бар үлкен сары денені немесе іштегі еркін сұйықтықты байқауға болады.

Ажырата нақтамалау

Сырқат төмендегі сырқаттардан ажырата нақтамаланады:

— жатырдан тыс жүктілік;

— анабез цистаденомасы капсуласының жыртылуы;

— жіті соқырішек.

Ажырата нақтамалау өте қиын, бірақ міндетті шара. Өйткені жіті соқырішек пен жатырдан тыс жүктілік кезінде оталау міндетті болса, апоплексия кезінде бұл барлық кезде қажет бола бермейді.

Емі

Ем анабез апоплексиясының түріне және құрсақ қуысына қан кетудің ауырлығына байланысты және аурухана жағдайында жүргізіледі.

Ауырсыну апоплексиясы кезінде (ішпердеге қан кетусіз) консервативті ем жүргізіледі. Бұл емге тыныштықта тынығу, спазмолитикалық, тамыр нығайтатын ем, физиотерапия жатады.

Ішке қан кету байқалғанда немесе осындай күдік болғанда, ота жасалады — лапороскопия немесе ішті кесу (лапоротомия). Және де емді барынша аялай жүргізеді — қан ағып тұрған тамыр коагуляциясын немесе анабездің тек зақымданған бөлігін кесу (анабез резекция), сондай- ақ құрсақ қуысынан қанды алып тастау жүргізіледі.

Гемостаз ақауымен қатар қан ауруы болған жағдайда гематологтың кеңесінен кейін консервативті жолмен емдеуге артықшылық берген жөн.

Апоплексияның алдын алу үшін анабездің жыртылуына алып келетін ауруларды дер шағында емдеу керек.

С. Т. Хожаназарова, акушер-гинеколог


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз