Эссе және өлең-жыр байқауы

Жүктілік токсикоз

Бұл әдетте жүктілік кезінде пайда болады және босанғаннан кейін тоқтайды. Шартты токсикоздар ерте және кеш токсикоздар деп бөлінеді.

Ерте токсикоздың өте жиі кездесетін түрі — жүктілік кезінде әйелдердің құсуы. Сілекейдің шұбыруы, дерматоздар, қолқа демікпесі, сарғаю сирек кездеседі. Кеш токсикозға жүкті әйелдердің шемені, нефропатиясы, реэклампсия, эклампсиясы жатады.

Құсу

Жүктілік кезіндегі құсу сілекей шұбырумен бір пайда болады, лоқсиды, тәбеті төмендейді, дәм сезімі өзгереді.

Жеңіл түрінде, яғни күніне 2-3 рет қайталайтын түрі жүктілік барысында организмнің жалпы жағдайына теріс әсерін тигізбейді. Ауырлығы орташа, яғни күніне 10 рет шамасында болатын құсуда әлсіздік, жүдеу, тәбеттің нашарлауы, кіші дәреттің азаюы сияқты құбылыстар орын алады.

Өте ауыр түрінде құсу жиілей түседі, яғни ас қабылдамаса да күніне 30-40 ретке дейін болады. Жүкті әйел күрт жүдейді, артериялық қысымы төмендейді, организмі құрғай бастайды, несептен ацетонның иісі шығады. Бұл науқастың өміріне қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда түсік жасатуға тура келеді.

Емі

Жеңіл түрлерінде ауруханаға жатқызудың және арнайы ем жүргізудің қажеті шамалы. Ауырлығы орташа дәрежелі токсикозда және тоқтаусыз құсу жалғаса берсе, науқасты ауруханаға міндетті түрде жатқызу керек. Түнге қарай ұйықтатқыш дәрілер береді. Витаминдер жиынтығы, организмді нығайтқыш дәрілер, құсуға қарсы дәрілер, физологиялық ем т.б. қолданылады. Ас әбден пісірілген немесе ботқа сияқты болуы немесе үгітілуі тиіс. Тамақты аз-аздан бөліп ішу керек. Қою және сұйық тамақты бір мезгілде ішпеген жөн. Тамақты аздап жылытып ішкен дұрыс. Организм қатты сусызданса, ауруханада күн сайын 1-2 литр сұйықтықты, яғни физиологиялық ерітіндімен дайындалған 5% глюкоза ерітіндісін клизма түрінде тамшылатып енгізуге болады. Жоғалған минералдық заттардың орнын тағамға тұз қосу, майшабақ т.б. тағамдарды пайдалану арқылы толықтырады. Құрғақ тағамдарды да пайдалануға болады. Піскен қартопты маймен, жұмыртқамен қосып жеуге болады. Астан жарты сағат бұрын және ас қабылдап болғаннан кейін бір жарым сағат бойы ештеңе ішпеген дұрыс.

Егер көп құсатындай болса, күніне ішілетін асты барынша азайту керек. Мысалы, күні бойы 1,5 литрдей компот, яғни әрбір 2 сағат сайын 1 құтыдан ішу, 500 грамдай сүзбе, 100 грамдай қаймақ жеуге болады. Мұның өзін күні бойы 4-5 ретке бөлген жөн. Сонымен қатар жеміс-жидектерді езіп жеуге болады. Күні бойы тыныштық сақтап, төсектен көп тұрмауға тырысқан дұрыс. Егер асты бұлай азайту әлсіздік тудырса, қытырлақ нан жеуге болады.

Тамақтың иісі, түсі және ол туралы ойлаудан жүрек айни бастаса және ауыру күшейе түссе, тамақ ішуді, тіпті дәрі ішуді де тоқтата тұрып, төсекте жылы оранып жату керек. Бұлай жасау науқастың жағдайын біршама жеңілдетіп, жүрегінің айнуы мен құсуын басады. Осы кезеңді тоқтатқаннан кейін жеміс-жидекпен, шикі көкөністермен тамақтанады, содан біртіндеп әдеттегідей тамақтануға көшеді.

Құсу, лоқсу тым жиі қайталанса, жағдай біршама қиындау. Күн сайын біркелкі тамақпен тамақтану, тұзы көп ащы тағамдар токсикозді тудыруға ықпалын тигізеді. Осының салдарынан ісіну, қан қысымының көтерілуі, қантамырлар тонусының жоғарылауы сияқты өзгерістер пайда болады.

Дәрі-дәрмектердің көбісі, мысалы, құсуға қарсы дроперидол, аминазин, этаперазин және басқа да дәрілер тек ауруханада ғана қолданылады. Үйде тек супрастинді, дипразинді, пипофенді пайдалануға болады. Бұлар орталық жүйке жүйесін тыныштандырады. Дәрігер науқастың жалпы жағдайына қарай басқа да қажетті емдерді тағайындайды.

Сілекей шұбыру

Бұл токсикоздың жеке түрі ретінде де, тоқтаусыз құсу кезінде де білінеді. Бөлініп шығатын сілекейдің мөлшері орташа, кейде едәуір көп. Кейде сілекейдің мөлшері 1 литрге дейін барады. Мұндайда ұйқы бұзылады, тері және еріннің шырышты қабықтары былжырайды, тәбет нашарлап, сұйықтық көп жоғалғандықтан, науқастың салмағы азайып, жүдей бастайды.

Емі

Науқасты емдеу негізінен құсу кезіндегі ем сияқты. Ауыр жағдайларда ауруханаға жатқызады. Жүйке жүйесінің жұмысын реттейтін дәрілер, жалпы әлдендіргіш дәрілер беріледі. Қоса-қабаттасқан ауруларды басу үшін қажетті емдер қолданылады. Ауыз қуысын түймедақ, шатыраш өсімдіктерінің тұндырмасымен, ментол ерітіндісімен шаяды. Сілекейдің шұбыруы күшейген кезде атропинді қолдануға болады. Терінің тітіркенуін азайту не басу үшін оған вазелин жағып қояды. Сілекейдің шұбыруы емдеуге келеді, сондықтан жүктілік кезеңі қалыпты өтеді.

Шемен (водянка)

Ісіну пайда болады, несептің бөлініп шығуы қиындайды, дене салмағы тез ұлғаяды. Несепте патологиялық әлементтер болмайды, артериялық қысым қалыпты. Бұл қысқа уақытқа ғана созылады. Кейбір науқастарда өршіп, нефропатияға ауысуы мүмкін. Бұл жүктіліктің екінші жартысында экстрагенитальді ауруларға байланысты емес ісінулердің пайда болуымен анықталады. Кейде ісінулер жасырын түрде болуы мүмкін.

Емі

Сұйықтықты тәулігіне 700-800 мл-ге дейін, ал ас тұзын 3-5 г-ға дейін азайту керек. Ас құрамында дәрумендер мол болуы тиіс. Көбіне сүттен жасалған аспен тамақтанған жөн. Тағамға сондай-ақ өсімдік майларын көбірек қолдану керек. Мұнда да тыныштық сақтау керек. Егер ісінулер айқын болса, ауруханаға жатқызады. Күніне сұйықтықты азайтып, 1 келідей алма, 400 грамдай сүзбе жеу керек. Көктамыр ішіне глюкоза енгізеді, диуретиктер беріледі.

Нефропатия

Көбіне шемен, гипертониялық аурулар, нефриттер аясында пайда болады. Токсикоздың бұл түрі барлық түрлердің жиынтығы деп есептеледі. Ісіну пайда болады, артериялық қысым жоғарылайды, несепте ақуыз мөлшері ұлғаяды. Орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылуы, ми қан айналымы нашарлап, бассүйек ішіндегі қысым артып, ми ісінуі пайда болуы мүмкін. Науқастың басы жиі ауырып, маңдай, желке тұстарында ауыру күшейіп, көздің алды қарауытып, көруі нашарлайды. Көздің торқабығы қыртыстанып, ісініп, қан теуіп мазаны алуы мүмкін. Егер бұл кезең ауырлау болса, ол преэклампсияға және эклампсияға ауыса бастайды.

Нефропатия іштегі ұрыққа жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін.

Емі

Ауруханаға жатқызып емдейді. Сұйықтық, ас тұзы шектеледі, дәрумендер егіледі, глюкоза препараттары, дибазол, папаверин, резерпин, диуретиктер, спазмолитиктер, тыныштандырғыш дәрілер тағайындалады. Орын алған гипопротеинемия, гиповолемияны тоқтатып, дегидратация жасалады. Ем жансақтау бөлімінде немесе қарқынды түрде емдеу бөлімдерінде жүргізіледі. Жалпы ми симптомдары жоғалып, артериялық қысым қалыпқа келіп, диурез дұрысталғанша 3-5 күн тиянақты ем жүргізіледі. Содан кейін науқас әйелді жүкті әйелдерге арналған палатаға ауыстырады. Ұрыққа қауіп төнбейтіндей емдер жүргізіліп, түрлі аурулардың алдын алу шаралары қолданылады. Дер кезінде емдеудің арқасында ол преэклампсияға, эклампсияға ұласпайды. Егер жағдай үмітсіз болса, онда жүктілік тоқтатылады.

Преэклампсия

Мұның алдындағы нефропатия аясында бастың ауыруы күшейеді, көздің көруі нашарлап, жауырын астында ауырсыну пайда болады.

Емі

Нефропатияның ауыр түрлерінде қолданылатын ем шаралары жүргізіледі.

Эклампсия

Кеш токсикоздың жоғары сатысы. Құрысу басталып, науқасты есінен тандырады. Мұндай ауырлық тіршілік үшін маңызды деген ағзалар қызметінің бұзылғанын көрсетеді. Бұл әйелдің босану кезінде орын алуы мүмкін. Жүктілік кезінде болуы сиректеу. Алғаш босанғандар, әсіресе егде жаста босануда, сондай-ақ бауыр, бүйрек қызметтерінің, жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы аурулары, нейроэндокриндік аурулары бар әйелдерде кездеседі.

Құрысу ұстамалары преэклампсияның немесе нефропатияның бар екендігін көрсетеді. Осы жағдай орын алар алдында науқастын басы қатты ауырады, көзінің алды бұлдырап, көруі нашарлайды, ұйқысыздық, мазасыздық орын алады, артериялық қысым көтеріліп кетеді. Эклампсияның әрбір ұстамасы 1-2 минутқа созылуы мүмкін. Мұның өзі бірнеше сатымен жүзеге асады. Алдымен, 20-30 секундтай беттің бұлшықеттері аздап жыбырлап тартылады, қабақ тартып, көз жабылады, ұрты салбырап кетеді. Содан кейінгі сатысында барлық дененің бұлшықеттері құрысып, бұл да 20-30 секундқа созылады. Ана мен іштегі ұрыққа қауіп төнеді. Науқас есінен танып, беті көгеріп, тынысы тарыла бастайды.

Үшінші сатысында денедегі барлық бұлшықеттер тартылып, тыныс тарылып, науқастың аузынан көбік шыға бастады, құрысу барысында тілін тістеп алып, қан түкіруі мүмкін. Бұл да 20-30 секундқа созылады. Төртінші сатысында, жағдай тіпті қиындап науқас комаға түседі. Бұл бірнеше сағатқа созылады. Түрлі ем шараларын жүргізу барысында науқастың жағдайы біртіндеп түзеле бастайды. Басынан кешкен оқиғалар есінде қалмайды.

Құрысулар кезінде дене температурасы жоғарылап, артериялық қысым артып, тамырдың соғуы баяулауы мүмкін. Кейде комада жатқанның өзінде құрысулар пайда болуы мүмкін. Кейде құрысулар болмай-ақ, бірден комаға түсетін жайттар кездеседі. Бұл өте қауіпті. Тіршілік үшін маңызды қызметтер барынша нашарлап, науқасқа жарық, шуыл т.б. тітіркендіргіштер ауруын қоздыра туседі. Асқыну кезеңінде миға қан құйылып, жатырішілік гипоксия орын алып, іштегі ұрық өлуі мүмкін.

Емі

Токсикоздың бұл сатысында да тиісті шаралар дер кезінде жасалуы тиіс. Науқасты тыныш, арнайы желдетілген және жарықтан қорғалған бөлмеге жатқызады. Жүйкесіне тиетіндей шуылдар, жағымсыз иіс сияқты әсерлердің бір де біреуі болмауы керек. Артық қимыл жасамауы да қадағаланады. Медицина маманы ұдайы жанында болуы тиіс. Дәрігер тиісті емдеу шараларын жүргізеді.

Қантамырлардың құрысуын жоятын, диурезді жақсартатын, гипертония мен мидың ісінуіне жол бермейтін, артериялық қысымды қалыпқа келтіретін дәрілер тағайындалады. Көптеген емшаралар наркозбен жасалады. Мұндай әйелдер босанғанша және босанғаннан кейін де ұдайы бақылауда болып, тиісті ем-дом алады.

Осындай әйелдерден туған нәрестелер әлсіздеу, түрлі жұқпаларға төзімсіз. Сондықтан оларға мұқият күтім қажет.

 

Күнқияш Әлмырзаева, гинеколог дәрігер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...