Өлең, жыр, ақындар

Джиованни Туба

Қарт Джиовaнни Туба қаршадай күнінің өзінде-ақ теңізді жақсы көріп, жерден жеріп кеткен еді: — қиыла қараған қыз жанарындай біресе назданып, момақан тартып, біресе құмарлыққа бой ұрған әйел жүрегіндей буырқанып жататын осы бір көк жайқын, балық баласы пысқырып та қарамайтын күн сәулесін сіміріп жайнаған алтын нұрмен өбіссе де, көзді ұялтқан көркемдіктен өзге дәнеме иімейтін осы бір жапан,— өзінің қиыр-қиянына жүзуге адамды қатты аңсатып, әлдене жайында мәңгі-бақи жыр шерткен осы бір зұлым теңіздің аспаннан ылғалды сонша мол тілеп, адамның берекелі еңбегіне қатты құштарланған тастақ әрі меңіреу жерден алары көп болса да, берер қуанышы тым-ақ аз!

Бала күнінің өзінде-ақ Туба жан-жағы сұрғылт таспен бекініп, тау баурайында кертпештеле көсілген жүзім егісінде жұмыс істеп, жапырақтары қаттасып, тарбиған інжір мен зәйтүн ағашының арасында, қара-көк апельсин мен шым-шытырық шырмалған анар ағашының аясында, шаңқиған күнде гүлдердің жұпар иісіне бөленіп, қайнаған жерде жүрген сол бір кезінің өзінде-ақ теңіздің көкпең-көк кезіне, аяғының астындағы жер жылжып — шайқалып, балқып әрі қалқып бара жатқан адамша, танауы делдие қарап, ащы ауаны сімірген сәттері елти түсіп есі-дерті теңіз боп, сол теңізге құлай берілген адамдарша, тіл алмайтын, еріншек әрі жаңғалақ тарта берген еді...

Ал енді, мейрам күндері, Сорренто тауының иығынан күн жаңа ғана көтеріліп, көк аспан, абрикос гүлдерінен тоқылғандай, қызыл арайланып тұрған мезетте иығына қармағын асып, ылдиға құлдилап, құдды бір жұмарланған сүйексіз серпінді бұлшық еттей, тастан-тасқа ырғыған, овчарка іспеттес сабалақ Туба секпілден жирен тартқан бет-ауызы құлағына жеткенше ыржиып, теңізге қарай дедектеп келе жататын еді, сол кездері оның қарсы алдынан жасаңғыраған таңғы ауада ұйқысынан оянған гүлдердің шырын-шәрбәт лебін баса мұрын жарған жұпар иісі аңқып, сонау төменде тасқа оралып, аумаған қызша, адамды еліктіріп өзіне тартқан толқындардың сыбырласқан сыбдыры есіп те тұратын...

Оның өзі, мінеки, жылтыр қара сирақтарын салбыратып бір қызғылт-сұр жартастың шетінде еңкейіп отыр; мөйілдей қара, баданадай көздері мөп-мөлдір көгілдір суға үңілген; судың сұйық әйнегінен бұл мөздер күллі ертегілерден де тамаша, таңғажайып бір дүниені: теңіз түбіндегі жағалай кілем жайылған тас арасынан шикіл-сары балдырды көріп отыр; балдыр шытырманынан теңіздің қолдан егілген гүлдері — алуан түсті «виолдар» жүзіп шыға келіп; елтігендей, екі көзін сүзе қарап, әшекейлі тұмсықты, көк-жасыл теңбіл төс «перкия» көрінгенде, сары-алтын «сарпалар» жылтыңдап, жайтаңдаған, жағал «каньилер», қап-қара «гваррачиналар», қутыңдаған сайтанға ұсап сумаң қағады; күміс табақша жылтылдаған «спаральон», «окьята» және басқа әсем балықта сан жоқ! — шеттерінен қу келетін өздері қармаққа шаншылған құртты дөп-дөңгелек ауыздарына көмейлей асаудан бұрын титтей тістерімен ептеп қана түтіп әкететін кілең есті балық өңшең бір!..

Сол бір жарқыраған, мөп-мөлдір су ішінде, ауада қалықтаған құстан аумай, сорайған мұртты креветкалар жүзіп, тас үстінде әшекей үй-қабыршағын сүйретіп, дуана-шаяндар жорғалайтын; қаннан аумаған алқызыл теңіз жұлдыздары баяу жылжып, қылаң медуздің қоңырауы үнсіз ғана шайқалып, кей-кейде тас астынан тісі пышақша қылпыған мурендердің қияңқы бастары қылтиып, иірілген қызыл шұбар жыландар да жалт етіп шыға келетін, — мұның өзі ертегідегі жалмауыздан аумағанмен, бірақ одан да гөрі сұмдық әрі сиықсыз боп көрінетін еді; ылас шүбіректен аумай, су ішінде тұтқиылда тарбия қалатын сұрғылт сегізаяқ, жыртқыш құсша, әлдеқайда зу ете түседі; бамбуктен жасалған қармақтың сабы сықылды сорайған мұрттарын жыбырлатып, мінеки, мына бір лангуст жайлап қана жылжып келе жатыр; мөп-мөлдір су ішінде, су сықылды жарқырап тұрғанмен, бірақ теңізден гөрі анағұрлым құлазыған аспан астында тағы да толып жатқан әралуан кереметтер тіршілік етеді.

Жә енді, теңіз көкпең-көк көкірегін біргелкі ғана көтеріп, демалып жататын; жасылы ағымен ойнап, жартасқа, Тубаның аяғына қарай шалп етіп, тастарды тарпып сылдыр қаққан толқындардың жігіттің аяғына шапшып жеткісі келетін еді, — кей-кейде көздеген жеріне жетіп, жігіт селк етіп, жымиып қойған кездері толқындар қуанғаннан сақ-сақ күліп, қорқып кеткендей, тастардан тайып кейін қарай қаша жөнелетін де, жартасқа қайтадан тап беретін; күн сәулесі толқын көкірегін наздана тілгілей отырып, жарқыраған шұңқыр жасап, тұңғиық су түбіне түскенде,— сол сықылды, өзегінде сыбдырсыз жарқын толқын есіліп, аясына күллі әлемді сиғызған, теңіздей, шексіз еркін көңіл көзі көрген нәрселеріне үн-түнсіз әрі шаттана мейілденіп тәтті ұйқыға мезгейтін.

Мейрам күндерін ол осылай өткізетін еді, содан соң теңіз оны жай күндері де еліктіре бастады — өйткені, теңізге көңілі құлаған кісі, тірі адамның бір мүшесі — жүрекке ұсап, соның бір бөлшегі болып та кетеді ғой. Сөйтіп, Туба жерін інісінің қолына тастап, өзі сықылды еркіндікке ғашық болған адамдармен бірге Сицилияның жағалауына коралла аулай аттанған болатын: бұл бір қиын да болса, қызық жұмыс еді, күніне суға он дүркін батқаныңмен, оның есесіне, көгілдір судан жиек-жиегі темір тісті келген айшық тәрізді ау батпандай көтеріліп, ішінде, құдды адам басында сапырылысқан ой сықылды, құжынап жүрген алуан үлгілі, түрлі түсті тіршілік иелерінің арасынан теңіз сыйы — қымбатты кораллалардың қызғылт бұтақтары қылт еткен кездері талай-талай тамашаны да көресің.

Сөйтіп, теңіз арбаған осы адам жерден мәңгі-бақи жеріп кеткен еді; әйелдерді де өзі құдды бір түс көріп отырғандай, сәл уақытқа, үн-түнсіз ғана сүйіп, олармен тек балық пен коралла жайында, тулаған толқын мен ұйтқыған жел жөнінде және көз көрмеген теңіздерге сапар шегетін алып кемелер туралы ғана әңгіме құратын; жерде жүргенде моп-момақан болып, аяғын абайлап, сенімсіздеу басып, жұрт алдында балық сықылды, жұмған аузын ашпай, құбылмалы тұңғиыққа көз тігіп үйренген адамша, жан-жағына қас қақпастан қадала қараса да, теңізде өзі жолдастарына ілтипатты, жайдарман жанға айналып әрі құдды дельфин сықылды епті болып та кететін.

Әйтсе де адам өмірді өзіне қалай сайлап алмағанмен, оның өзі тек бірнеше ондаған жылдарға ғана жетеді ғой; теңіз суына тұздалған Туба сексен жастан асқан кезде құяңнан құрысып қалған қолдары «жетті енді!» дегендей, жұмыс істеуден айнып, маймиған аяқтарының бүкірейген денесін көтеруге әлі әрең ғана келген еді, сөйтіп жел атаулы желпіген қарт аралға мұңая шығып, тау өрлеп, інісінің лашығына, соның балалары мен немерелеріне барған болатын — бұл бір жомарт болайын десе, жұтатқан жоқшылықтан қолдары байланған жандар еді, сөйтіп, оларға баяғыдай тәтті балық әкеп тұруға қарт Тубаның қазірде шамасы келуден қалған да болатын.

Бұл адамдардың арасында өмір сүру қартқа қиынға айналған еді, өйткені оның қызыл иек аузына құрысқан, қоңырқай қолымен апарған бір үзім нанға олар қатты қадағалап қаpaп отыратын; ұзамай ол бұлардың ішіне басының симайтындығын аңғарды; сөйтіп, көңілі күйікке толып, жүрегі қайғымен сыздап, күн құрғатқан терісін әжім бұрынғыдан да бетер айғыздай түсіп, сүйек-сүйегі белгісіз бір дертпен сырқырай берді; ұзақты күнге өзі лашықтың есігі алдындағы тасқа шығып алып, бетінде бар өмірін сарп еткен мөп-мөлдір теңізге, күн сәулесіне шағылып көкпең-көк болып, көрген түстей, әсем тартқан сол бір теңізге таң атқаннан күн батқанша нұры тайған көзін тігіп отыратын еді.

Бұл теңіз өзінен қиянда қалып, жағалауға жету қиынға соққанмен, бірақ қарт тәуекелге бел байлап, бір күні маужырап тұрған ымыртта, үшкір тастың үстінде жорғалаған мертіккен кесірткеше, таудан еңбектеп түсіп, жиекке кеп жеткен кезде толқын оны адам үнінен де гөрі жылы бір сырмінез сыбырмен, жер бетіндегі меңіреу тасқа соғып сылдырлаған шалпылымен қарсы ала кеткен еді; жұрт кейіннен болжалдағандай, сол жерде қарт жүгініп, аспан мен қиыр-қиянға көз жіберіп, өзіне шетінен жат күллі адам баласы үшін үн-түнсіз ғана аздап дұға қылып алып, саудыраған сүйегінен, өзінікі болса да, өгей тартқан, көне жарғағы — шоқпыт-шомытын сыпырып, тас үстіне тастап-аппақ қудай басын бір сілкіп қойып, суға шалқасынан түсіп жата кетті, сөйтіп көкке қараған күйі, теңбіл аспанның қаракөк пердесінің етегі теңіз толқындарының қап-қара барқытына жанасып, теңіз үстінде жұлдыздар қолың жеткендей боп сонша бір тиіп тұрған қиянға қарай жүзіп ала жөнелді.

Жаздың маужыраған түндерінде теңіз, ұзақты күнгі ойыннан болдырған бөбекше мүлгіп, әлдебір айқын түс көргендей, ептеп қана күрсініп қойып, мызғып жатады, — егер оның қоймалжың әрі жып-жылы суында түн ішінде жүзетін болсаң, қолтығыңның астынан көкпең-көк ұшқын шашырап, айналаңда көк-ала жалын есіліп, ананың айтқан ертегісіндей, елжіреген сол бір от ішінде адам көңілі баяу ғана балқып-еріп тұрады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз