Өлең, жыр, ақындар

Тегін білім: Қазақ және орыс топтары бір грантқа таласуы мүмкін

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік гранттарды қазақ және орыс топтарына бөлмей, барлығына бірдей тағайындауға қатысты ұсынысты түсіндірді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде гранттар екі топқа бөлек беріледі. Қазақ тілді топта үміткерлер алған ұпайларына қарай тегін білім алуға мүмкіндік алады. Орыс тобында да солай. Ал жаңа ұсынысқа сәйкес, бір мамандық бойынша жалпы гранттар бөлінеді де, қазақ тілді және орыс тілді топтар конкурсқа бірдей қатысады. Сөйтіп, ортақ бір тізім шығарылады.

«Бүгінде біз әрбір топтың ұпай санына қараймыз. Сосын грант тағайындаймыз. Ал жаңа тәртіп бойынша жасаса, жалпыға бірдей конкурс болады. Ұпай санына ғана қараймыз. Кім қандай ұпай алды, соған сәйкес грант бөлінеді. Тілге байланысты емес. Мәселен, педагог мамандығына 100 орын бөлінсе, сол 100 орынға қазақ тілінде оқыған балалар да, орыс тілінде білім алған балалар да таласады. Сонда ең жоғары ұпайы бар 100 бала грантқа өтеді. Әзірше, бұл ұсыныс қана. Біз оның бәрін жан-жақты талқылайтын боламыз», - деді А.Аймағамбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты бірқатар өзгерістерді жариялады. «Бізге педагогтар мен ата-аналардың тарапынан жыл бойы ұсыныстар түсіп жатады. Оның ішінде ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу бірдей функцияны атқарған соң, осы екі тестілеуді бірге өткізуге қатысты ұсыныс бар. Екінші, ҰБТ жоғары оқу орнына түсетін емтиxан болғандықтан, оны өткізу шараларынан мектеп мұғалімдерін босату. Үшінші, мектеп балаларын ҰБТ-ға емес, мектеп бағдарламаларын игеруге дайындау қажет болғандықтан, мектептерде сынама, "пробный" тесттерін өткізбеу. Төртінші, мемлекеттік білім гранттарын оқу тіліне - қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындау және тағы бірнеше ұсыныс бар»,- дейді Е.Сағадиев.

Ресми мәліметке сәйкес, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге республика бойынша 100 мыңнан астам түлек өтініш білдірді. Олардың 75 проценті қазақ тілінде оқуға ниет етсе, қалған 25 проценті орыс тілді бөлімдерді таңдаған. Мемлекеттік гранттар да солай таратылды. ҰБТ-да орташа ұпайдың көрсеткіші 83-ті құрады. Шекті деңгей - 50 ұпайды 84 мың түлек жинады. Тест тапсырғандар смартфон, роутер, модем сияқты 82 мыңнан астам құрал-жабдықты, сондай-ақ, 28 мыңнан астам шпаргалка алып өтпекші болған.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар