Өлең, жыр, ақындар

ТОП-10: Қазақстандағы ең үздік интернет-дүкендер

Елімізде онлайн-сауда нарығы жыл сайын 30 пайызға артып келеді. Ондағы ең ірі интернет-дүкен Satu.kz. 2017 жылы қазақстандықтар осы дүкенге 20,144 млрд теңге қаржыларын жұмсап, 508 мың тауар сатып алыпты. 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 млрд теңгені құраған. Ал, 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызын көрсеткен.

Әлемдік е-коммерция қарқынды даму үстінде. Электронды саудасы дамыған алпауыт мемлекеттерге келетін болсақ, ең алдыңғы орынды 681 млрд доллармен Қытай алады. Артынша, АҚШ (438 млрд доллар), үшінші орын болса Ұлыбританияға тиесілі (196 млрд доллар).

Әлемдік үздік интернет-дүкендерге Қытай мен АҚШ мемлекеттерінің еншісіндегі компаниялар кіреді. Мәселен, қытайлық компания Алибаба, AliExpress, АҚШ мемлекетіне тиесілі Zappos, Ebay, Amazon, Itunes және т.б.

Қазақстандағы интернет-дүкендердің ондығына – Технодом, Lamoda Қазақстан, Kaspi, Yves Rocher, Tickets.kz, Aliexpress, Flip.kz, Sulpak.kz, Chocotravel.com, Otto-trade.kz кіреді.

Технодом

Электроника, тұрмыстық техника, компьютер сататын еліміздегі ең ірі онлайн-дүкен — Технодом. Оның тауар каталогында 15 мың өнім көрсетілген. Сапалы қызмет пен жақсы ұсыныстар аталған дүкеннің танымалдылығын арттыруда. Мәселен, кез келген тауарды онлайн арқылы 12 айға бөліп төлеуге алуға болады. Ол Қазақстанның 17 қаласы бойынша жұмыс істейді. Ал, жеткізу уақыты 3 сағатты құрайды.

Lamoda Қазақстан

Lamoda каталогында негізінен киім түрлерімен бірге аяқ киім, косметика, аксессуарлар және т.б ұсынылған. Кең көлемді ассортименті мен еуропалық деңгейдегі қызметі арқылы тұрғындарға жайлылық ұсынып жатыр. Дүкен 80-нен аса мемлекеттің кәсіпорнымен келісім-шартқа отырған. 2017 жылы онлайн-дүкені арқылы 23,1 млрд тенге қаражат түскен.

Kaspi

Kaspi мобильді бағдарламасы арқылы үйден шықпай-ақ, сауда жасауға болады (электроника, телефон, гаджеттер, жиһаздар және т.б.). Интернет-дүкеннің былтырғы табысы 54,8 млрд теңгені құрады.

Yves Rocher

Yves Rocher компаниясы француз парфюмдары мен косметикасын ұсынады. Мұнда шаш, бет, дене күтіміне арналған тауарлар бар. Сондай-ақ, ерлер мен әйелдерге тиімді сыйлық алуға болады. Yves Rocher 1959 жылы құрылды. Оның өнімін 80-ге жуық ел тұтынады. Мұнда 700-ден аса тауар түрі бар.

Tickets.kz

Tickets.kz — билетке тапсырыс беруге арналған қызмет. Ол өз қызметін 2010 жылы бастаған болатын. Осы сайттың көмегімен теміржол билеттері мен авиа билеттерге әлемнің қай түкпірінде жүрсе де тапсырыс беруге болады.

AliExpress

AliExpress онлайн-сауда нарығындағы ең маңызды ойыншылардың бірі. Ол әлемдік деңгейдегі онлайн-дүкен ретінде баршамызға белгілі. Ол бастапқыда Қытай елінің өнімдерін әлемдік айналымға шығару үшін құрылған болатын. Десе де, қазіргі таңда бұл компанияның қызметін тұтынушылар саны жылдан жылға артуда. Әлем елдерінің 200 аса мемлекеті осы компанияның қызметін тұтынады. Тіпті, Африка елдеріндегі ең кедей мемлекет саналатын Зимбабве де AliExpress-ті пайдаланады екен. Өйткені, мұндағы тауар бағасы арзан, жеткізу уақыты да тез және сапалы тауар түрлерін ұсынады. Аталған компания Alibaba кәсіпорнына тиесілі. Оның табысы 2017 жылы 9,791 млрд долларды құрады.

Flip.kz

Flip.kz интернет-дүкені 2007 жылдың 20 қарашасында құрылған болатын. Осы уақыт аралығында компания тауар көлемін кеңейтіп қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінде өз филиалдарын ашты. Бастапқыда бұл компания тек кітаптар ғана сататын, қазіргі таңда ойыншықтар, үйге қажетті тауарлар, компьютерлік ойындар, бағдарламалық қамтамасыз ету мен бейнежазба өнімдерін сатып алуға болады. Төлем жүйесі банк картасы немесе Webmoney және KZM мобильді бағдарламасы арқылы жүзеге асады.

Sulpak.kz

Sulpak.kz өзінің интернет-дүкенін 2009 жылы ашқан болатын. Бүгінде бұл компанияны интернет-гипермаркет деп атасақ та болады. Өйткені, мұнда тауарлар түрі көп. Мәселен, электроника, компьютерлер, тұрмыстық техникалар, фото және видео тауарлары, кеңсе техникасы, телефон және байланыс, ойындар және бағдарламалық қамтамасызету бағдарламалары енеді. Аталған компанияның филиалдары Қазақстанның барлық қаласында бар.2017 жылы Sulpakкомпаниясының таза табысы 8,03 млрд теңгені құрады. Ал, 2016 жылы 1,79 млрд теңгені көрсеткен болатын.

Chocotravel.com

Chocotravel.com – 2013 жылы құрылған Қазақстанның барлық аумағын қамтып жатқан интернет-дүкен. Қазіргі таңда Chocotravel.com онлайн-сауда нарығындағы көшбасшылардың бірі. Аталған сайттан үйде отырып-ақ, билетті электронды форматта алуға болады. Орта айлық қаралым шамамен 100 мыңды құрайды.

Otto-trade.kz

Otto-trade.kz – еуропалық тауарларды тікелей сатып алуға болатын интернет-дүкен. «Отто» концерні 70 жыл бойы нарықта алдыңғы орындардан көрініп келеді. Ол өзінің тұтынушыларына еуропалық дизайнерлердің киімдерін ұсынады. Мәселен, Arizona, MixSixty, Adidas, Geox, Levi’s және т.б. Otto-trade каталогында 1 млн киім-кешек түрлері мен аксесуарлар қамтылған. Сайттағы орта айлық қаралым — 34 мыңды көрсетіп отыр.

Елімізде онлайн-сауда күн өткен сайын жаңа қарқынмен дамып келеді. Оған себеп — халықтың интернетке қолжетімділігі мен әлеуметтік желілердің дамуы. Интернет арқылы сату да, сатып алу да өте оңай. Сондай-ақ, онлайн-сауда нарығындағы кәсіпкерлер легі артуда. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының артуына жағдай жасауда. Ал, төлем жүйесіне келер болсақ, арнайы терминалдар немесе банк карталары арқылы жүзеге асады. Осы ретте, қазақстандық банктердің де қызмет көрсету аясы кеңіп келеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз