Эссе және өлең-жыр байқауы

Тырысқақ – аса қауіпті ауру

Бұл ауру адамзатты апатқа ұшырату жөнінен обадан кейінгі екінші орынды алды. Ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлердің байқауынша, тырысқақ ауруының дені Үндістанда болған көрінеді. Оның жұқпалы жері Срахмапутра мен Хузли өзендерінің тарауларымен түйіскен Ганга өзенінің атырауында әлі күнге дейін сақталып қалған. Әрине, бұл табиғи жағдайға байланысты. Үйме-жүйме жаман үйлерде күнелтіп жүрген халық арасында вибриондардың (үтір тәрізді микробтардың) тарауына өте-мөте қолайлы жағдай бар.

Тырысқақ — ішек-қарынның жұқпалы ауруы. Ішек-қарынның басқа жұқпалы ауруларына қарағанда, бұл адамды тырыстырып тастайтындықтан «тырысқақ» деп аталған. Бұл ауру жер-жерге тез тарап, адамдарды қырғынға ұшыратады.

Тырысқақтың тым жұқпалы ауру екені тіпті біздің дәуірімізге дейін 500 жыл бұрын жазылып қалдырылған. Тырысқақ тек XIX ғасырдың басында ғана, 1817 жылдан бері халықаралық қарым-қатынастар дамығаннан бастап, Үндістанның шекарасынан өтіп, бүкіл дүние жүзіне тараған.

1817 жылдан 1926 жылға дейін жер шарының халқы тырысқақпен алты рет жаппай ауырды. Төңкеріске дейінгі Ресейде тырысқақ бірде құрып кетіп, бірде лап беріп жүрді. 1823 жылдан бастап тырысқақ елуден астам рет қайталанды. Қазір елімізде оның жұғар жері жоқ, бірақ оның шетелдерден ауысу қаупі бар. Бізбен шекаралас Ауғанстанға тырысқақ Үндістаннан 1930, 1936 және 1960 жылдары келген екен. 1965 жылы тырысқақ Ауғанстан мен Иранда кең етек алып кетті, біздің елдің шекарасында да талай рет қатер төніп, одан сақтану шараларын күшейтуге тура келді.

Халықаралық конвенцияға сәйкес әртүрлі елдердің шекараларында тазалықты тексеретін карантиндік қызмет мекемелері ұйымдастырылған. Мұнда жұқпалы ауруды ел ішіне жібермейтін шаралар жүзеге асырылады.

Суды таза сақтау шаралары күшейтілді, оған бактериологиялық талдау жасалып тұрады, хлорлау сапасы да тексеріледі, мекемелерде, кәсіпорындарда, ауылдық мекендерде қайнаған су құйылған қақпақты бөшкелер қойылды. Асханаларда, базарларда, балалар мекемелерінде тазалықты бақылау анағұрлым қатаң жүргізіледі. Елді мекендердің төңірегі тазартылып, дәретханалар, қоқыстар тасталатын шұңқырлар, жәшіктер залалсыздандырылады.

Тырысқақ ауруы шыға қалса, дәрігерлер оның жұққан жерін табуға, ауру адамды жұрттан бөлектеуге кіріседі. Ауру асқынған кезеңде төңірегіндегі адамдарға аса қауіпті, ауру адамның іші өтіп, құсады. Тәулігіне 20-30 литрден астам сұйық зат шығарады.

Басқа түрлі ішек-қарын аурулары сияқты, тырысқақ та адамдарға су, көкөніс, жеміс-жидек, сүт арқылы жұғады. Оның тарауына шыбын да көмектеседі.

Тырысқақ микробы — вибриондар карбол қышқылынан, хлорлы әктен, хлораминнен және басқа да дезинфекциялық заттардан қырылып қалады. Тікелей түскен күн сәулесі де вибриондарды бірнеше сағатта, ал 60 градусқа дейін қыздырса, 10 минутта қырып тастайды.

Вибриондар ауру адамның нәжісінде 25 күнге дейін, суда, топырақта, азық-түлікте бірнеше күн өмір сүреді. Егер температура төмен болса, вибриондар өмір сүре береді, кейбір ғалымдар вибриондар тіпті мұз ішінде қыстай алады дейді.

Аурудың жұғу жолына қарай, су, тамақ және жанаспа тырысқағы деп аталып жүр.

Су тырысқағы —  ткемелер мен айлақтардағы ауру адамдардың нәжістерімен өзенге және көлге түсіп тарайды. Жұқпалы ауру микробтары бар ақпа су құдықтарға, жақсы жабылмаған су жолдарына барып іркіліп қалуы мүмкін. Вибриондарды су қоймаларына жаңбыр суы да ағызып барады. Су тырысқағы тез тарайды. Су қоймасы вибриондардан тазартылса, ауру шұғыл арада төмендейді.

Тамақ тырысқағы — тамақты әзірлеуге ауру адамдар немесе вибрионды жұқтырып жүргендер қатысады да жұрттың тамағына микробтар түсіреді. Мысалы, қара нанда тырысқақ вибрионы 4 күн, ақ нанда 26 күн сақталады. Мұндай жағдайда салаттар, сүттен пісірілген тағамдар өте қауіпті.

Жанаспа тырысқағы — ауру адамдардың тікелей жанасуынан, микроб жұққан заттарды пайдаланудан жұғады. Бұл тырысқақтың вибриондарын шыбын да таратады. Оның бұл түрі баяу өршиді де, созыла келе басылады.

Тырысқаққа қарсы күресті жүргізуде су алатын жерлерді жақсартудың, қоқыстарды құртудың, шыбынды қырудың, әркім өз басының тазалығын сақтаудың үлкен маңызы бар.

Тырысқақ қаупі төнген аудандарда жұртқа жаппай тырысқаққа қарсы егу жұмысы жүргізіледі, кейде карантин жасалады. Дәрігерлер су мен азық-түліктерді, халық арасында вибриондардың қалған-қалмағанын қайта-қайта тексеріп тұрады.

Тырысқақпен ауырған адамды ауруханаға жатқызып, үйін дезинфекциялайды. Ауру адамның барлық заттарын міндетті түрде бөлектеу керек. Сырқат адамдарға фаг немесе антибиотиктер беріледі. Дәрігер ішек-қарыны ауыратындардың бәрін тексеруден өткізеді.

Дертке шалдыққан адамдар дер кезінде дәрігерге қаралса, олар бұл қатерлі ауруды табуға көмектеседі.

Тырысқақтың басты белгілері қандай?

Бұл ауру әртүрлі болып келеді, олардың көбі кәдімгі іш өтіп ауырған тәрізді. Кейде іш жеңіл-желпі өтеді, адам әлсірейді, жүрегі айнып, лоқсиды. Арада 2-3 күн өткенде тәуір болып кетеді. Егер оны уақтылы біліп, тексеріп, жұрттан бөлектемесе, төңірегіндегілерге жұқтырады. Ал тым ауыр түрінде іш өтеді, құсады, дене тырысады, организм тез солып қалады.

Балалар мен егде тартқан адамдарға диагноз қою әлдеқайда қиын. Балалардағы аурудың бірден-бір белгісі — олардың ішінен сұйық зат көп өтеді, бұл кезде баланың халі нашарлап жатады. Ересек адамдарда тырысқақ ішті жеңіл-желпі өткізеді. Егер сол мезетте ауруханаға жатқызбаса, қарттар да, балалар да тырысқақ ауруын жұқтыра береді.

Тырысқаққа шалдыққан адамдарды антибиотиктермен, бактериофагпен және хлорлы натрийді көктамыр ішіне енгізу жолымен емдейді, бұған қоса басқа да емдік шаралар қолданылады. Қазіргі емдеу әдістері өзінің тиімді екенін дәлелдеп отыр.

Тырысқақ қаупі төнген тұрғындар тазалық сақтауы тиіс. Жеміс-жидектерді әбден жуып, ыстық суға аптап алуы қажет. Суды да, сүтті де тек қайнатып ішкен жөн. Тамақтанар алдында қолды міндетті түрде сабындап жуу керек.

С. Сұбханбердин


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Берік

күшті рахмет

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...