ozgetil.kz

Аппақ тыныштық

— Кармен екі күнге де бармайды.

Мэйсон кесек мұзды түкіріп тастады да, байғұс мақұлыққа мұңдана қарады, одан иттің табанын аузына тосып, оның бақайларының арасына шодырайып қатып қалған мұзды қайтадан тістелеп тазалай бастады.

— Аттары әсем қаншама итті кездестірдім, солардың бірде-бірі түкке жараған емес, - деді ол шаруасын бітірген соң итті серпіп тастап. - Олар біртіндеп әлсірей береді де, ақыры өліп тынады. Сен әшейін Касьяр. Сиваш немесе Хаски деп аталатын иттердің бірдеңеге ұрынғанын көрдің бе? Ешқашан да! Шукумге қарашы: бұл...

Кенет әбден жүдеген ит жоғарыға қарай атылып, Мэйсонды кеңірдектен ала түсуге шақ қалды.

— Өй, мынауың не сұмдық!

Бишіктің сабымен бастан тиген қатты соққы итті қар бетіне мұрттай ұшырды. Ол жанталаса безектеп қалды да, езуінен сап-сары сілекей тамшылап кетті.

— Айттым ғой, Шукумге қарашы: Шукум мүлт кетпейді. Бәс тігейін, бір апта өтпей-ақ бұл Карменді жарып тастайды.

— Ал мен, - деді Мэйлмют Кид отқа қыздырып отырған нанының бетін аударып, - межелі жерге жеткенше Шукумді өзіміздің жеп қоятынымыз үшін бәс тігемін. Бұған сен дейсің, Руфь?

Үндіс әйел қоюын тұндыру үшін кофеге бір кесек мұз тастады да, Мэйлмют Кидке қадаған көз жанарын күйеуіне бұрды, одан иттерге қарады, бірақ үн қатқан жоқ. Соншама көз жетіп тұрған ақиқат құптауды қажет етпейтін еді. Басқа шешім де жоқ-тын. Алда із түспеген екі жүз миль жол жатыр, азық небәрі алты-ақ күнге жетеді, ал иттерге мүлде ештеңе қалмаған.

Екі аңшы мен бір әйел отқа таяулау отырып, азын-аулақ таңғы астарын ішуге кірісті. Бұл қысқа ғана күндізгі аялдама болғандықтан жегулі жатқан иттер тамаққа жұтына қарайды.

— Ертеңнен бастап таңертеңгі ас деген тоқтатылады, - деді Мэйлмют Кид, - және иттерден көз айырмаңдар, бұлар әбден құтырды, қара да тұр, көзің сәл тайса бас салудан да тайынбайды.

— Ал мен кезінде әдістемелік қауымның бастығы болдым ғой. әрі жексенбілік мектепте сабақ бергенмін!

Мэйсон осыны не үшін айтқанын білмей өзінің бу бұрқыраған башмақтарына барлап қарауға кірісті. Ол ой құрсауынан Руфь бір шәшке кофе құйып бергенде бір-ақ босады.

— Бізде шайдың молдығына Құдайға шүкір. Мен үйде, Теннссиде шайдың қалай өскенін көрдім. Қазір бір шелпек ыстық жүгері наны үшін немді аянар едім!.. Күйінбе, Руфь, сәл шыда, ұзамай-ақ ашығудан құтыласың, башмак киюдің де қажеті болмай қалады.

Осы сөздер айтылғанда әйелдің қабағы жадырай түскен, ақ нәсілді қожайынына - алғаш ұшыратқан адамына, бұған әйелді хайуан немесе жүк артатын мал орнына қарамауды көрсеткен тұңғыш еркекке деген сүйіспеншіліктен жанары да жарқырап кетті.

— Иә, Руфь, - деп жалғастырды оның күйеуі өздері бір-бірімен түсінісетін осынау жалғыз ғана шартты тілде, - ұзамай-ақ шығамыз бұл жерден, ақ адамның қайығына отырамыз да Тұзды Суға тартамыз. Иә, бейнебір су таулары біресе жоғары, біресе төмен атқылап жатқандай жаман су, асау су. Және қандай кәп өзі, қаншама жүруге тура келеді соның бетімен! Он ұйқы, жиырма ұйқы, қырық ұйқы жүресің, - Мэйсон ойын түсінікті жеткізу үшін күндерді саусағымен санай бастады, және өне бойы су, жаман су. Одан үлкен елді мекенге келеміз, онда жаздағы шыбын-шіркей секілді қаптаған халық көп. Шошақ лашықтары, міне, мұншама биік - он, жиырма қарағай бойындай!.. Еһ!

Сөз таппаған соң бір сәт үнсіз қалды да, Мэйлмют Кидке жалыншты жүзбен қарады, сөйтті де жиырма қарағайды бірінің үстіне бірін шығарса қаншалықты биік болатыны қолымен мұқият көрсетуге кірісті. Мэйлмют Кид мысқылдай жымиған, бірақ Руфидің көздері таңырқау мен шаттықтан шарасынан шығып кете жаздады; ол күйеуім қалжыңдап тұр деп ойлады, осы мейірім байғұс әйел жүрегін елжіретіп жіберген.

— Ал одан соң ж... жәшікке отырамыз да, пифф, - жөнеп береміз! - Мэйсон ойын түсіндіру үшін әуеге атып жіберген бос саптыаяқты қайта қағып алып айқай салды: - Пафф! -Сөйтіп, міне, жетіп те келдік! О, ұлы шамандар! Сен Форт Юконға жол тартасың, ал мен Артик ситинге кетемін - жиырма бес ұйқы. Аннан мұнда тартылған ұзын арқан, мен сол арқанға жармасамын да: "Алло, Руфь! Жағдайың қалай?" деймін. Ал сен: "Бұл сенсің бе, күйеуім?" дейсің. Мен айтамын: "Иә". Сен айтасың: "Нан пісіре алмай отырмын: сода таусылды" дейсің. Сонда мен айтамын: "Шошалада, ұнның астынан қара. Cay бол!" Сен шошалаға барасың да соданы керегіңше аласың. Өзің өне бойы Форт Юконда боласың, ал мен - Артик-ситидемін. Міне, шамандар қандай!

Руфьтің осынау сиқырлы ертегіге аузын аңқита иланғаны сонша, еркектер күлкіге қарық болды да қалды. Таласқан иттердің шуы алыс елдегі кереметтер туралы әңгімені бұзып жіберген, ал оларды ажыратып біткен мезгілде әйел де шаналарды буып-түйіп үлгерген еді, сөйтіп жолға шығуға бәрі де сақадай сай тұрды.

— Тарт, Қасқа! Кәне, жөнел!

Мэйсон бишікті ептілікпен шарт еткізді де, иттер ақырын қыңсылап сырма қайыстарын кере бастағанда бұрма сырықты тірсиіп, қатыңқырап қалған шананы орнынан жылжытты. Оның соңынан екінші жегіммен Руфь ілескен, ал мұның қозғалуына жәрдемдескен Мэйлмют Кид керуеннің ең артында келеді. Бұқаны бір ұрып сұлататындай қайраты бар қарулы да, айбарлы адам бейшара иттерге бишік сілтей алмайды және оларды басқа айдаушыларға қарағанда қатты аяп тұрады. Кейде Мэйлмют Кид бұларға жаны ашығанда жылап жібере жаздайды.

— Ал тартыңдар, ақсақтарым! - деп міңгірледі ол ауыр шаналарды қозғауға бірнеше мәрте әрекеттенген соң.

Ақыр аяғында төзімі ақталып, ауырсына қыңсылаған иттер өз бауырластарын қуып жету үшін митыңдай жөнеледі.

Әңгіме тыншыған. Қиын жол ондай әуестікті көтере бермейді. Солтүстіктегі сапар - аса ауыр да азапты еңбек. Дәл осындай, әрі тапталмаған жолдың бір күніне үндемей төзген адам ақ бақытты адам.

Ал тыңнан жол салудан өткен қиямет-қайым да жоқ шығар. Тоқыма жалпақ шаңғылар қадам басқан сайын батып кетеді де, аяқ омбы қарға тізеге дейін бір-ақ сүңгиді. Одан сирақты абайлап суыруың қажет шаңғының беті қардан тазаланып біткенше тіп-тік күйде шығарып ала алмасаң пәлеге қалғаның. Одан араға кемінде жарты ярд салып бір қадам алға аттайсың да, келесі аяқты суырасың. Мұндаймен алғаш ұшырасқан адам бұған дейін шаңғыларын бір-біріне айқастырып алмаған күннің өзінде алдамшы қарға сеніп бой жинақтап отырмаса жүз ярд сайын шарасы бітіп омақаса құлайды. Күніне бір рет иттердің табанының астына түспеген адам қысылмастан ұйықтайтын қабына кеудесін кере демалып зор мақтанышпен кіруіне болады; ал ұлы Солтүстік

Соқпағына жиырма түнеп жеткен адамға Құдайдың өзі қызыға қарауы мүмкін.

Ымырт жабыла бастаған сәт еді, Аппақ тыныштықтың мысы басқан жолаушылар үн-түнсіз тыңнан жол салып келе жатты. Табиғаттың адамды тәубесіне түсіретін тәсілі көп: үздіксіз түрде алма-кезек ауысатын судың тасуы мен қашуы, түтіккен борандар, жер сілкінісінің сұмдықтары, көк зеңбірегінің найзағайлары. Бірақ мұның бәрі де Аппақ Тыныштықтың әділдігі алдында бас иетіндей. Селт еткен сыбдыр естілмейді, көктің жүзі қақталған мыс табақтай жарқырап тұр, үп еткен үн күпірлік секілденеді, адам өз даусынан өзі шошиды. Жым-жырт дүниенің елеске малынған кеңістігі бетінде қыбырлап бара жатқан жан иесі өзінің бар болғаны жердің құртындай ғана екенін жіті сезінсе осым өрескел-ау деп күнәға батқандай қуыстанады. Таңғажайып ойлар өз-өзінен туындайды, тылсым ғалам өз шешуін іздейді. Сөйтіп адам ажал аузында тұрғандай үрейленеді. Жаратушының, бүкіл әлемнің алдындағы қорқыныш билейді, мұнымен қатар дәрменсіз материяның жандалбаса әрекеті оянады тіршілік үміті тұтанып, мәңгілік ғұмырды армандайды, міне, осындайда кісі Құдаймен бетпе-бет оңаша қалады.

Күн еңкейген сәт еді. Осы тұста өзен арнасы күрт бұрылып, Мэйсон бұрышты төтесімен қиып алу үшін көлігінің бетін тар мүйіске бұрды. Бірақ иттер өрге қарай шыға алмай қойды. Шана Руфь пен Мэйлмют Кид артынан итерсе де төмен сырғи береді. Тағы бір мәрте жандәрмен әрекет жасалды; аштан бұратылған байғұс мақұлықтар соңғы күштерін салып ышқынды. Ақыры тырбана-тырбана шана да жағаға шықты-ау. Алайда көсем ит жегімді оңға қарай жұлқып қалды да, шана Мэйсонның шаңғысына соқтықты. Іс насырға шапқан: Мэйсон сүрініп жығылды, жетек қайыстарға оратылған бір ит құлады, сөйтіп шана барлығын ала-мала төменге қарай домалап кетті.

Сарт-сұрт! Бишік ауада ысыл қаққан. Таяқ көбінесе құлаған итке тиді.

— Тоқтат Мэйсон! - араға Мэйлмют Кид түскен. - Бейшараның онсыз да құр сүлдері жүр. Тұра тұр, қазір менің иттерімді қоса жегеміз.

Мэйсон серігі сөйлеп біткенше шыдады, - бұдан соң ұзын бишік кінәлі итті қайтадан шықпыртты. Кармен, - бұл сол еді, - жалбарына қыңсылап қар астына бұға берді, одан бір қырына аударылып түсті.

Бұл жолаушылар үшін аса ауыр да, сонша көңілсіз сәттер-тін: ит өлгелі жатыр, екі дос салғыласып тұр. Руфь екеуіне кезек-кезек жалынышты түрмен қарайды. Бірақ Мэйлмют Кид көзінде аяныш табы ұялағанымен сыр алдырмауға тырысып, еңкейе берді де сырма жіптерді қиып жіберді. Ешкім тіс жармаған. Жегімдер қосарластырылды да, асу алынды; шаналар қайтадан жолға түсті. Кармен артта зорға сүйретіліп келеді. Ит жүруге жараса атпайды, оған тірі қалуға бір ғана мүмкіндік берілген: аялдамаға дейін әупірімдеп жетуі керек, онда адамдардың бұлан өлтіруі де ғажап емес.

Өзінің әрекетіне өкінгенімен онысын мойындауға намыстанып алда аршындай басқан Мэйсон төнген қауіпті сезген еді. Бұлар төмендегі қалың тал-шілік арасымен өтіп келе жатқан. Сонадай жердегі елу футтай аралықта бір кәрі қарағай сорайып тұрған-ды. Тағдыр осында ғасырлар бойы серейген оның күнін осы сәтте бітіруді, бәлкім бұған қоса Мэйсонға да дәл сондай жазмышты ойластырып қойған екен.

Ол башмағының босап кеткен бауын байлауға аялдаған. Шаналар тоқтады, иттер де дыбыр етпестен қарға жата кетті. Төңіректік қатерлі тыныштық тұр, ақ көрпеге оранған орман ішінде селт еткен қозғалыс жоқ: аяз бен үнсіздік жүректі мұздатып, табиғаттың діріл қаққан демін буып тастаған. Кенет ауа тыныс алғандай болды; маңайдағылар оны естіген жоқ, анығында, осынау мүлгіген кеңістіктегі қимылдың жаршысы деп сезінген сияқты. Осы сәтте жылдардың ауыртпалығы мен қардың салмағынан иілген алып ағаш адам өмірін қасіретке бастаған өзінің ақтық міндетін атқарды. Сытыр еткен дыбысты естіген Мэйсон бір бүйіріне қарай ыршып түспекші еді, бірақ бойын тіктеп үлгере алмады, гүрс етіп құлаған ағаш иығынан соқты.

Аяқ астынан туындайтын қауіп, мезетте жететін ажал - Мэйлмют Кид бұлардың екеуімен де талай ұшырасқан! Бұтақтағы қылқандар әлі дірілдеп тұр, ал бұл әйелге нұсқау беріп, өзі көмекке ұмтылып үлгерді. Үндіс әйел де есінен тана қойған жоқ, мұндайда өзінің көпшілік ақ нәсілді апа-сіңлілері жасайтындай қажетсіз көз жасын бұлауға да бармаған. Мэйлмют Кидтің алғашқы сөзі бойынша күйеуінің ауырсынған үнін ести жүріп, ағаштың салмағын жеңілдететін құрал міндетін атқаратын сырықты бар салмағымен басуға кіріскен. Ал Мэйлмют Кид қарағайды балтамен шаба бастаған. Болат темір тоңазыған діңге тиген сайын шың-шың етеді, әрбір соққының дыбысы Мэйлмют Кидтің күшіне ырсылдаған демімен қосарласа естіледі.

Ақыр аяғында Кид жаңа ғана сап-сау жүрген адамның аянышты тамтығын қар бетіне шығарып жатқызды. Алайда жолдасының азаптануына қарағанда әйелдің жүзіндегі үнсіз қайғы табы мен бір үміт, бір күдік араласқан көзқарасы үрейлірек еді. Көп ештеңе айтыла қойған жоқ: Сібірдің тұрғындары бос сөзден нақты істің құндырақ екенін жастайынан біліп өседі. Адамға сынап бағанасынан алпыс бес градус нөлден төмен температурада қар үстінде көп жатуға болмайды. Шананың қайыстары кесіліп, байғұс Мэйсон аң терісіне оралды да, бұтадан жасалған төсенішке жатқызылды. От жағылған; отынға бақытсыздыққа себепші әлгі ағаш бұталды. Алаудың үстін ала жылуды сақтап төменге серпу үшін қарабайыр шымылдық тартылды: бұл физиканы табиғаттан үйренген адамдарға әбден белгілі әдіс.

Ажалмен талай мәрте бетпе-бет келіп көргендер оның белгісін бірден таниды. Мэйсон оңбай мертіккен еді. Бұл бір қарағаннан-ақ байқалып тұрған: оң жақ код, сан мен бел омыртқа сынған; аяқ жансыз; іш құрылысының да істен шығуы ықтимал. Тек бейшараның анда-санда ыңырситыны ғана оның әлі тірі жатқанын айғақтайды.

Үміт үзілген, енді ешқандай қайран жоқ. Азапты түн ұзақ созылды. Руфь оны өзінің халқына тән табанды қайсарлықпен қарсы алған; Мэйлмют Кидтің күнқақты жүзіне бірнеше әжім қосылды. Шын мәнінде аса көп азаптана қоймаған Мэйсон болатын, оны ұшқыр қиялы Шығыс Теннеснге, Ұлы Тұман Тауларына, сонау балалық шағына шарлатып әкеткен. Баяғыда ұмыт болған түстіктегі қаланың жан тербетер әуездері тамылжып тұрды: ол көлге шомылып жүргенін, жанат аулауға шыққанын немесе қарбыз жұлуға барғанын айтып сандырақтап жатты. Руфь үшін бұл әшейін түсініксіз дыбыс жиынтығы еді, ал Кид бәрін ұғынған, әрбір сөз оның жанын елжіреткен - дәл мұны өркениет аталған нәрсенің бәрінен айырылған кісі ғана терең сезіне алады.

Таңға қарай әл үстіндегі адам есін жиды да, Мэйлмют Кид оның сыбырын есту үшін аузына еңкиді:

— Біздің Тананда кездескеніміз есіңде ме?.. Ең соңғы мұзжарғыш кемемен келгелі де төрт жыл өтті... Ол кезде мен оны онша сүймейтін едім, тек жақсы болатын өзі... содан әуестендім ғой. Кейін әбден бауыр басып алдым. Қиын шақтарда қасыңнан табылатын жақсы әйел еді. Ал өзіміздің кәсібімізге келер болсақ, өзін білесің, оған теңдесетін адамды табу қиын... Оның Бұғы Мүйізі табалдырығынан жүзіп өтіп, сен екеумізді құз басынан қалай түсіріп алғаны есіңде ме? Және жауып тұрған оқ астында суға малшынып!.. Ал Нуклукайтодағы аштық ше? Оның көктайғақ мұз бетімен бізге хабар жеткізуге асығып жүгіргені ше? Иә, Руфь маған жақсы жар болды, бұрынғы әйелімнен де жақсы... Менің үйленгенімді білуші ма едің сен? Айтпап па едім саған? Иә, бір мәрте үйленгендер қатарына қосылуға талпынып көргенім бар... үйде. Штаттарда. Осында тап болғаным да содан. Бірге өскенбіз. Ажырасуға мүмкіндік беру үшін кетіп қалдым. Соған қолы жетті оның.

Руфьтің жөні басқа. Мұндағының бәрін доғарып келесі жылы сонымен бірге аттанбақшы едім ғой. Енді бұл туралы сөз қозғаудың өзі артық. Руфьті қайтадан тайпасына қайтара көрме, Кид. Онда өте қиын болады оған. Өзің ойла: төрт жылға таяу бізбен бірге бұршақ, бекон, нан, кепкен жеміс жеді, осыдан кейін қайтадан балық пен бұлан етіне қалай көшеді! Жеңіл өмірге дағдыланып алып қайтадан ескі тұрмысқа көшу оңай ма. Өте қиын болады. Көз қырыңды сала жүр, Кид... Неге сен... жарайды, сен әйелдерден ылғи алыс жүруші едің ғой... Сенің мұнда нендей тағдырмен келгеніңді де ақыры біле алмадым. Оған мейіріммен қарап, мүмкіндігінше тезірек Штаттарға жөнелт. Ал егер отанын сағынар болса оралуға жәрдемдес.

Бала... біздің арамызда көбінесе жақындата түскен сол, Кид. Ұл бола ма деп үміттенгім келеді. Өзің ойла, Кид! Менің қаным ғой ол. Мұнда қалдыруға болмайды оны. Ал егер қыз болса... жоқ, ол мүмкін емес... Менің терілерімді сат: одан бес мыңдай шығаруға болады және маған Компанияның соншама берешегі бар. Менің ісімді өзіңдікімен қоса жүргіз. Біздің мәлімдемеміз өз-өзін ақтар деп ойлаймын... Оған жақсы білім бер... ал сен бастысы, Кид, ол мұнда қайтып оралмасын. Бұл ақ нәсілді адам жүретін жер емес.

Менің саудам бітті, Кид. Әрі кетсе - үш немесе төрт күн. Сендерге әрі қарай жүру керек. Сендер әрі қарай кетуге тиіссіңдер! Есіңде болсын, бұл менің әйелім, менің ұлым... Құдайым-ай! Тек ұл болса екен! Қалмаңдар менің қасымда. Мен кетуге бұйырамын! Өлгелі жатқан адамға құлақ тұр!

— Үш күн берші маған! - деп жалынды Мэйлмют Кид. - Мүмкін жағдайың біршама оңалар; әлі белгісіз ғой қалай болатыны.

— Жоқ.

— Тек үш күн.

— Кетіңдер!

— Екі күн.

— Бұл менің әйелім мен өзімнің ұлым, Кид. Өтінбе менен.

— Бір күн!

— Жоқ! Бұйырамын мен!

— Тек бір ғана күн! Азықты жеткіземіз бірдеңе қылып; мүмкін бұлан атып алармын.

— Жоқ!-.. Ал жарайды: бір күн, тек одан бір минут те артық емес! Одан соң, Кид: мені ажал тырнағына жалғыз тастап кете гөрме. Бір ғана оқ, шүріппені бір бассаң жетіп жатыр. Түсіндің ғой? Есіңде болсын. Ұмытпа!.. Өз қанымнан жаралған перзентім ғой, бірақ соны көре алмайтын болдым... Маған Руфьті шақыршы. Онымен бақұлдасқым келеді... ұлдың жайын ойла, менің өлгенімді күтпе деймін. Әйтпесе оның сенімен кетуден бас тартуы да ғажап емес. Қош бол, достым, қош! Кид, тұра тұршы... жоғарырақ қазу керек. Мен әр жолы қырық центтейге шаятын едім. Мынаны да ұмытпа, Кид...

Анау өлім аузындағы адамның өзінің өрлігін доғарып ақырын ғана зорға айтып жатқан соңғы сөздерін есту үшін төмен иілді.

— Кешір мені... не үшін екенін білесің ғой... Кармен үшін.

Жылаған әйелді күйеуінің жанында қалдырған Мэйлмют Кид паркасын киіп, шаңғысын тағынып, қаруын алды да, орманға сіңіп кетті. Ол қатал Сібірмен талай тайталасса да, мұншама күрделі міндетпен алғаш ұшырасқан. Егер әшейін пайымдаса бұл өзі қарапайым-ақ арифметика - үш өмір күйреген бір ғұмырмен бетпе-бет келген. Бірақ Мэйлмют Кид екі ойлы еді. Мэйсонмен тұрақтар мен кен орындарында, теңізбен құрлықтағы саяхаттарда, аң қағуда, аштық пен су тасқындарында иық тіресе, басты қатерге тігіп, достықпен қанаттасып бірге келе жатқалы бес жыл өтіпті. Байланыстарының тығыздығы сонша, бұл оны екеуінің арасына пайда болған алғашқы күннен бастап, неге екенін, Руфттен қызғанатынын жиі аңдайтын-ды. Ал енді сол қатынасты өз қолымен бұзуына тура келіп тұр.

Ол көкке бұлан жібере гөр, тек бір ғана бұлан деп жалбарынды, бірақ ол мақұлық бұл елден безіп кеткен секілді; сөйтіп кешке қарай шаршап-шалдығып, жүрегі зіл тартып, құрқол қайтты. Иттердің құлақ тұндыра үруі мен Руфидің шыңғырған даусы қадамын жылдамдата түскен.

Тұраққа жүгіріп жеткен Мэйлмют Кид жағалай қоршап ырылдаған иттерден балтамен қорғанған үндіс әйелді көрді. Иттер өз қожайындарының темірдей тәртібін бұзып, азық қорына бас салыпты. Қолма-қол көмекке келген Кид мылтығының дүмін іске қосты да, көз алдында ежелгі табиғи сұрыптау дәстүрінің атам заманғы қатыгез көріністері басталды. Нысанасына бірде тиіп, бірде тимеген мылтық пен балта сонадайдан жалт-жұлт етеді; қиралаңдап жан-жаққа шашыраған иттердің көздері жайнап, тыжырынған езулерінен сілекей шұбырады. Адамдар мен хайуандар үстемдік үшін екілене арпалысқан. Бұдан соң таяқ жеген иттер оттай оқшау кетігі, жараларын жалап, жұлдыздарға шағынып ұлуға кіріскен.

Кепкен балықтың барлық қоры жойылыпты, сөйтіп алдағы екі жүз мильден астам жолға бес қадақтай ғана үн қалған. Руфь қайтадан күйеуіне келді, ал бас сүйегі балтамен мылжаланған иттердің бірін мүшелеп жатқан Мэйлмют Кид буы бұрқыраған етті бөлшектеп шауып алды. Ол барлық етті сенімді жерге жасырды да, тері мен ішек-қарынды өлген иттің өз серіктеріне тастады.

Танертең басқа машақаттар басталған. Енді иттер өзара таласты. Тобыр өлгелі жатқан Карменге бас салды. Төпелеген бишік соққысынан пайда болмады. Қыңсылап, жерге кенедей жабысып алған иттер Карменнен жалғыз-түйір сүйек, бір уыс түк қалмаған кезде ғана тұс-тұсқа тұра безді.

Мэйлмют Кид қайтадан қиялымен Теннссиге ауысып, тағы да өзінің ағайындарына әлдебір түсініксіз уағыздарын сандырақтаған Мэйсонға құлақ түре жүріп, шаруасына кіріскен.

Қарағайлар жақын тұр еді, Мэйлмют Кид ісін шапшаң атқара бастады: Руфь оның аңшыларша азық қорын қүнулар мен иттерден қорғайтын қойма жасап жүргенін аңдады. Ол қатар тұрған екі жас қарағайдың басын төмен иіп, бұғы терісінен жасалған қайыстармен байлап, жерге тартып қойды. Бұдан соң бишіктің көмегімен иттерді тыныштандырып, шаналарға жекті де, көлікке Мэйсон оралған теріден басқаның бәрін тиеді. Жолдасын қарағайдың басына қайыспен шандып бекітті. Енді пышақпен бір осып жіберсе жетіп жатыр - қарағайлар түзеледі де, денені биікке бір-ақ көтереді.

Руфь күйеуінің ақтық сезін тапжылмай тұрып тыңдады. Байғұсты мұндай тәртіпке үйретудің қажеті жоқ-тын. Ол баяғы қыз кезінен-ақ тайпасындағы барлық әйелдермен бірге бүкіл тірлікті Жаратушының алдында, жолынан кесе-көлденең өтуге тыйым салынатын еркектердің алдында тізе бүгіп дағдыланған. Кид қош айтысар сәтте күйеуінің бетінен сүйген Руфьті жұбатып жатпады, оның халқы мұндай салтты білмейді, бұдан кейін әйелді алдыңғы шанаға қарай апарды да, шаңғы киіп алуына жәрдемдесті. Әйел қарап та әуреленбестен сырықты шап берді де, иттерге қарай бір сілтеп, жолға түсті. Анау ес-түссіз жатқан Мэйсонға оралған; Руфь әлдеқашан қара үзіп кетсе де, бұл досының ажалының тезірек келуін күтіп алау қасында көп отырды.

Аппақ үнсіздіктің мұңды ойларыңмен оңаша қалу оңай емес. Түнек тыныштығында мейірім бар, ол адам жанын жұмбақ жанашырлығымен жылытатын сияқтанады, ал мұз құрсанған аспан астындағы мөлдіреген таза да, аяз қарыған Аппақ Тыныштық аямайды.

Бір сағат өтті, екі сағат Мэйсонды ажал алмады. Талтүсте жиектен көрінбей кеткен күн көк жүзін қызғылт нұрға малшындырды да, ұзамай ол да сұрғылт тартты. Орнынан тұрған Кид өз-өзін зорлағандай Мэйсонның қасына келді де, жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Аппақ Тыныштық оны бейне бір тәлкек қылып тұрғандай еді. Бойын үрей билеген. Гүрс еткен мылтық даусы естілді. Мэйсон зырқырай көтеріліп өзінің әуедегі моласынан орын тапты. Ал иттерін сабалаған Мэйлмют Кид қар жамылған дала төсінде бұл маңайдан апыл-ғұпыл алыстай берді.





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)