Өлең, жыр, ақындар

Ас үй интерьеріне арналған 10 кеңес

Шағын ас үйді безендіруге шығармашылық тұрғыда қарап, әр нәрсесін жақсылап ойластырса, оны нағыз өнер туындысына айналдыруға болады. Біз кез келген ас үйді сәні мен жайлылығын бұзбастан қалай қайта жасап шығуға болатыны туралы кеңестермен бөлісеміз.  

1. Жарық көбірек болу керек

Қараңғы бұрыштар көрер көзге кеңістікті тарылтып тастағандай көрінеді. Сондықтан ас үй кең әрі жарық көріну үшін табиғи жарықтану мәселесін шешіп алған маңызды. Ашық түсті безендірулерге таңдау жасауға кеңес береміз. Сонда кеңістік кең сияқты көрініп, сіз қиялыңызға ерік беріп, түс акценттерін талғамыңызға қарай орналастыра аласыз. Мысалы, гарнитураны қабырғаның түсіне сәйкес, табиғи материалдардың аса қанық емес реңдерінен таңдауға болады.

2. Жылтыр және айналы беттер

Кеңістік мәселесін шешудегі келесі көмекшіңіз – жарықты шағылыстыратын беттер. Жылтыр қасбеттерді (фасад) пайдалану арқылы сіз тар ас үйдің өзін визуалды түрде кең етіп көрсете аласыз.

Ас үйде айналы беттер тіпті ерекше көрінеді. Бұл үлкен айна, айналы фартук немесе айналы бір қабырға болуы мүмкін. Бөлменің пішіні мен өлшемін өзгертіп көрсетуге көмектесетін кез келген шағылыстыратын бөліктер орынды және соны шешім болмақ.

3. Түстер гаммасын ойластыру

Ас үй бөлмесін сүйікті реңдеріңізбен қорықпастан безендіре беруге болады. Бірақ есіңізде болсан, үш-төрт түстен артық реңдерді пайдаланбаңыз. Әйтпесе дизайнның негізгі идеясы «жоғалып кетуі» мүмкін.

Үстелдің үстіңгі тақтайы және қабырға панелі кереғар түстермен ерекше көрінеді. Осылайша сіз кеңістікті визуалды түрде аймақтарға бөліп, қажетті акцент бере аласыз. Ас үйіңіздегі қандай элемент негізгі рөлді атқаратынын анықтап алыңыз. Бұл перделер, орындықтарға арналған қаптамалар, дастархан жапқыш немесе үстел болуы мүмкін. Егер ас үйдің қабырғаларын ашық түспен бояғыңыз келсе, гарнитураларға жұмсақ рең беруге тырысыңыз.

Есіңізде болсын, қабырғадағы майда суреттер бөлмені кең көрсетеді. Ал ірі суреттер керісінше, оның өлшемін кішірейтеді. Егер сіз төбенің биік көрсеткіңіз келсе, тік геометриялық суреттерді таңдаңыз.

4. Жарықтандыруды кемшіліксіз жасаңыз

Ас үйде жасанды жарықтандырудан маңызды ешнәрсе жоқ. Ас үйді жарықтандырудағы ең басты қағида — көп деңгейлілік. Демек, әрбір функционалды аймақ өзінің жарық көзімен жабдықталуы қажет. Әйтпесе ас үй қараңғы әрі жайсыз болып қалады.

Ас үйді жалпы жарықтандырудың ең сәтті шешімі — төбенің қақ ортасындағы бір люстраның орнынан төбеге орнатылған шамдалдарды пайдалану. Егер сіз жарықтың жарығын реттейтін қосқыш орналастырсаңыз, одан еш ұтылмайсыз.

Жұмыс аймағын өте сауатты түрде жарықтандыру қажет. Бұл жарық диодты көмескі жарық орнатылған әйнек фартук, пластик пішіндегі жарықдиодты таспа немесе ілініп тұрған ас үй шкафтарының төменгі жағына орнатылған қарапайым жиһаз шамдалдары болуы мүмкін.

5. Терезе алдындағы аймаққа назар аударыңыз

Көптеген ас үйлерде терезе орнатылған қабырға пайдаланылмайды. Мәселе міндетті түрде терезенің астына орнатылатын батареяда.

Батареяны «жауып тастайтын» ең қарапайым әрі тиімді әдіс — бос кеңістікті толықтай пайдалану. Торламаны металлпрофильден жасап, бәрін гипсокартонмен тартып тастау керек.

Осылайша қабырға жинақы көрінеді. Ал сіз терезенің алдыңғы жағына жиһаз немесе тіпті ас ішетін үстелді қоюыңызға болады. Егер терезеңізден әдемі көріністер көрінетін болса, күн сәулесіне бөленіп, әсем табиғатқа тамсанып таңғы ас ішудің өзі бір ғанибет.

6. Сақтау жүйесін ойластырыңыз

Ас үй кеңістігін сауатты ұйымдастыру — ретсіздіктен қашып, бөлмені кең және ең бастысы жайлы етудің жалғыз амалы. Сақтау жүйесін ойластыру арқылы күнделікті пайдаланатын ыдыстар мен құралдарды қалай алатыныңызды қайта қарастырыңыз. Бұрыштағы шкафтар, ашық аспалы сөрелер, контейнерлер мен органайзерлердің барлығы сізге осы мәселені шешуге көмектеседі.

Қабырғаларды да пайдаланыңыз: ілгектер мен рейлингтер (шарбақтар) аз орын алады. Бірақ олар ас үйдің көп заттарын сақтауға жақсы көмекші болады.

7. Ықшам орнатылған техниканы таңдаңыз

Алтын уақытыңызды үнемдеуге орнатылған техникалар көмектеседі. Сол кезде сіздің бос үстел беті сияқты қосымша жұмыс кеңістігіңіз болады. Сіз орнатылған тамақ пісіретін беттерді (немесе ас пісіретін пешті) және ыдыс жуатын машинаны таңдау арқылы ас үйіңізді ықшамды ете аласыз. Гарнитураға орнатылған тоңазытқыш ерекше сәнді көрінеді.

8. Жиһазды тапсырыспен жасатыңыз

Егер ас үйіңізге әдеттегі жиһаздарды орналастыру мүмкін болмаса, ерекше шешім қабылдаудан қорықпаңыз. Ондай шешімдердің бірі — жиһазды тапсырыс беріп жасату.

Шкафтардың ені мен биікігін өзіңіз реттей отырып, жиһазды жайлы орналастырып, кеңістікті тиімді пайдалана аласыз. Ал ең кереметі — сіздің ас үйіңіз ешкімдікіне ұқсамайтындай ерекше болады.

9. Мультифункционалды гаджеттерді іздеңіз

Қазіргі ас үйлерде сән мен жайлылық үйлесім табуы керек. Бұған мультифункционалды гаджеттер көмектеседі. Олар ақшаңызды ғана емес, пайдаланылатын кеңістікті үнемдеп, ас пісіруді қызықты әрі көңілді етеді. Мысалы, негізгі тұрмыстық техникалардан өзге қазіргі ас үй бикелері блендерсіз, мультиваркасыз, электрлі еттартқышсыз және кофеуатқышсыз ас дайындай алмайды.

Ас үйге көпфункционалды ұсақ-түйектерді алу кезінде сіз тіпті дизайныңызды байытып, интерьерге жаңа акценттер қосасыз. Кескіш тақтайлар, ыстық тамақтың астына қоятын тозтабандар, су құятын әдемі құмыралар, интерактивті ас үй девайстары — ас үйіңізді керемет әрі жайлы ету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланыңыз.

10. Ыдыс-аяқ таңдауға ерекше назар аударыңыз

Ас үй интерьерінің әсерін көбінесе ыдыс-аяқтар анықтайды. Әртүрлі пішіндер мен түстер арманыңыздағы ас үйді жасауды аяқтауға көмектеседі. Ыдыстардың бірнеше түрі болғаны дұрыс. Сонда сіз сәнді сақтап қаласыз, әрі бірсарындылықтан жалығып кетпейсіз. Алабажақ емес ашық түсті ас үйде ашық, біртүсті сервиздер ерекше әрі тартымды көрінеді.

Ыдыс-аяқ таңдаған кезде жылы реңдердің тәбетті ашатынын, ал ахроматикалық реңдердің сәнді көрінсе де (мысалы, қара тәрелкелер) керісінше, тәбетті басатынын естен шығармаңыз. Ою-өрнегі бар ыдыстар жақсы акцент беріп, бөлмеге қосымша жайлылық орнатады. Ал көгілдір және жасыл реңдер адамды тыныштандырып, ас үйде ұзақ отыруға мәжбүрлейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Арайжан

Бұл өте керемет маған катты ұнады
Маған жазып тұрың

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз