Өлең, жыр, ақындар

Жаңартылған білім - заман талабы

Тәуелсіз елдің тірегі - білімді ұрпақ. Қазір білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы. Қазақтың кемеңгері Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», - деген. Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы ұстаз берген білім екені сөзсіз. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет алдымен, білім беру саласын жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Осы мақсатта Ф.Досымова атындағы №12 орта мектепте «Оқыту бағдарламасы бойынша сабақты тиімді жоспарлау» тақырыбында қалалық тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинардың  мақсаты: оқу мақсаттарын жүзеге  асырудың тиімді әдіс-тәсілдерін көрсете отырып, жаңартылған білім беру мазмұнындағы сабақты тиімді жоспарлау жолдары.

Семинарға педагогикалық шеберлік орталығының директоры Аида Нұржанова және №13, №17, №18, №20, №24 қала мектептерінің мұғалімдері қатысты. Бағдарламаға сәйкес ұйымдастыру бөлімі, көрме, практикалық бөлім және қорытынды бөлімдері кезегімен жүргізілді. Ұйымдастыру кезеңінде мектеп директоры Ербол Ермекұлы алғы сөз сөйлеп, оқу ісінің меңгерушілері Рая Санатқызы мен Ғалымжан Калибекұлы келген қонақтар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.

Шара одан әрі Алмаш Шаженованың жетекшілігімен «Армандар орындалады, мақсатың айқын болса» тақырыбында тренингпен жалғасын тапты. Білікті ұстаз Сенека Луцийдің «Өзгелерді үйрете жүріп, біз өзіміз де үйренеміз» деген қанатты сөзін басшылыққа ала отырып, «3 тілек», «Эксперимент», «Биіктік» жаттығулары арқылы қызықты тренинг өткізіп, әріптестерін бір серпілтіп алды.

Одан кейін келген қонақтар Майра Қапанованың 1-сыныпқа өткізген «Ұлттық тағамдар. Мәтін», Айгерім Тәжіғалиеваныңағылшын пәнінен «My favorite sport» және Ғалымжан Утегеновтің тарих пәнінен «Великие географические открытия» тақырыптарындағы ашық сабақтарына қатысып тәжірибе алмасса, Динара Бисенованың «Оқытуды жақсартудың ықпалды қаруы – кері байланыс» және Любовь Бушаның «Критериалды бағалаудың тиімділігі» тақырыбындағы баяндамаларын тыңдап, өз іс тәжірибелеріне жаңартылған бағдарлама аясында мол мәлімет алды. Сонымен қатар, семинарда Зульфия Бисенғалиеваның ұйымдастыруымен «Іс-әрекетті зерттеу» және Зоя Манапованың жетекшілігімен «Тиімді жоспарлау – сапалы оқыту негізі» тақырыптарында коучингтер қонақтар назарына ұсынылып, еркін түрде әңгіме өрбіді.

Семинар соңында ұстаздарымыз дөңгелек үстелде бас қосты. Олар сабақты тиімді жоспарлаудың әдіс-тәсілдерін ортаға салып, жүргізілген жұмыстарға кері байланыстар берді. Өткізілген жұмыстардың тиімді, шынайы болғандығын, алдағы уақытта өз жұмыстарынан көрініс табатындарын айтып, бір-бірінің келешек жұмыстарына шығармашылық табыс тілеп, мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.

Шара соңы дәстүрлі түрде «кофе-брейкпен» аяқталды.


Ақсана Жұмабаева, Ф.Досымова атындағы №12 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз