сайыс
ozgetil.kz

Жалған ақшаны анықтаудың 10 құпиясы

Нағыз ақшаның сериялық нөмірі, ерекше дизайны және сутаңбалары болатынын бәрі біледі. Бірақ мәселе мұнымен шектелмейді: технологияның дамуымен жалған ақшадан қорғанудың мінсіз әдістері пайда болып жатыр.

Шын банкнотты жалған банкноттан айыруға көмектесетін құпияларды кез-келген валютада қолдануға болады.

Еврион шоқжұлдызы немесе Омрон сақинасы

Омрон Сақинасы деген атпен де белгілі Еврион шоқжұлдызы дегеніміз — көшіргіш техникада жалған ақшаны тануға мүмкіндік беретін,  сақинадан тұратын қайталанатын шаблондар. Кейбір түрлі-түсті принтерлер мен көшіргіш құралдар осындай сақинасы бар ақшалардың бейнесін көшірмей қояды: олар қағазды қап-қара етіп шығарады немесе бос шығарады, тіпті мүлдем өшіп қалады. Омрон сақинасын америкалық және канадалық доллардан, евродан, британ фунтынан, иеннен және әлемің басқа валюталарынан көруге болады.

Микробаспа

Микробаспа — ақшаларға қолдан жазу өте қиын болатын майда мәтіндерді жазуға мүмкіндік береді. Өйткені оны жазу үшін ерекше құрылғы мен арнайы сия қолданылады. Ал егер осындай мәтіні бар ақшаны көшіргіш құрылғыдан өткізсе, онда оның көшірмесі оқылмайтындай бұлыңғыр болып шығады. Мұндай технология долларды, фунтты, еуроны, ресей рубльін және көптеген басқа валюталарды дайындауда қолданылады.

Бедерлеу

Банкнотттарды, әсіресе жоғары номиналды банкноттарды, сондай-ақ визаларды, төлқұжаттарды және басқа да құжаттарды қорғаудың тағы бір кең тараған әдісі — бедерлеу. Бұл әдістің артықшылығы, мұны көру қабілеті нашар жандарда пайдалана алады. Өйткені ақшадағы бедерді оны көрмей-ақ саусақпен сезінуге болады. Әдетте, ақшаның белгілі бір элементтері бедерленеді — ол 10-евролық ақшадағы «10» саны немесе 5 евродаға арка сияқты қандай да бір бейнелер болуы мүмкін. Ал канадалық долларда Брайль қарпіне ұқсас бедерлі нүктелер ақшаның номиналын да білдіреді.

Ерекше қағаз

Ақша басып шығаратын қағаз біздің күнделікті пайдаланатын қағазымызға ұқсамайды. Оның құрамы өзгеше болады. Мысалы, америкалық доллардың  ¾ бөлігі мақтадан және ¼ бөлігі зығырдан тұрады. Сондықтан ақша басып шығаратын қағазды «шүберек қағаз» (rag paper) деп атайды. Соңғы жылдары ылғалға және кірге төзімді және тез тозып кетпейтін полимерлі қағаздар пайда болды. Мұндай қағазды жасап шығару өте қиын. Тіпті көзге шын сияқты көрінгенімен, оның жасанды нұсқасын қолмен ұстап-ақ анықтауға болады. Жалған ақшаны анықтаудың тағы бір әдісі — ақшаның бетіне құрамында йоды бар арнайы қарындашпен сызу. Целлюлоза қағазға түскен белгі көк түскен айналып, жалған ақшаны бірден анықтап береді.

Түсі құбылмалы бояу

Әлемдегі көптеген елдер өз валюталарын басып шығарған кезде осындай бояуды пайдаланады. Мұндай бояу жарықты ерекше түрде шағылыстырып, банкноттың көлбеу бұрышына қатысты түсін өзгертеді. Мысалы, өзіміздің 10 000 теңгелік ақшада көгершіннің түсі әртүрлі бұрышпен қараған кезде алтын түстен жасыл түске өзгереді. Ал 50 долларлық банкнотта «50» саны қызғылт түсті және ашық жасыл түсті болады. Мұндай ерекшелікті көшіру мүмкін емес және оны жасау да қиын. Өйткені әлемде мұндай түсін құбылтатын бояуды баспа үшін пайдалануға  санаулы ғана компаниялардың құқы бар. 

Қорғаныс талшықтары

Банкноттарда түрлі-түсті қорғаныс талшықтары ретсіз орналасқан. Олар қағазға кездейсоқ жабысып қалған жіңішке және қысқа түрлі-түсті жіптерге ұқсайды. Тәжірибелі кассирлер жалған ақшаны саусақпен сипап-ақ, қорғаныс талшығы бар қағаздың құрылымы ерекше екенін айтып, анықтай алады. Бұл талшықтар, әдетте, банкнотты анықтайтын ультракүлгін шамның астында жарқырайды. 

Түрлі-түсті нүктелер немесе планшеткалар

Ультракүлгін жарықтың астында жарқырайтын тағы бір қорғаныс элементі — банкноттың бетіне ретсіз орналастырылған «планшеткалар»(planchettes) деп аталатын түрлі-үсті нүктелер. Оларды қолдан жасау өте қиын. Өйткені олар сурет емес, талшық сияқты дақтың бір түрі. Планшеткалар бірқатар валюталарда, мысалы канадалық долларда пайдаланылады.

Құпия мөртабандар

Бұл көнерген тәжірибе. Алайда кейбір елдерде, мысалы Қытайда оны әлі де қолданады. Әуелде мұндай әдіс тиындарды қолдан жасаудан қорғау үшін ойлап табылған болатын, кейін оны қағаз ақшаларға да бейімдеп жасады. Бірақ мөртабандар барлық ақшада бірдей кездеспейді. Өйткені оны ақшаны басып шығарып жатқан кезде қоймайды. Оны ақшаның шынайылығын растау үшін банкте немесе айырбас орындарында қояды. Әр ұйымның өзінің ерекше «құпия» белгісі бар.

Мөлдір бөліктер

Полимерлі қағаздың пайда болуымен банкноттарды мөлдір немесе жартылай мөлдір бөліктермен жасау мүмкіндігі туды. Оларды терезе деп те атайды. Ақша жасаушылар «терезе» субелгілерінің заманауи баламасы болып табылады және оны қолдан жасау мүлдем мүмкін емес дейді. Мөлдір бөліктерді Австралияның, Канаданың және Ұлыбританияның ақшаларынан көруге болады.

Голограммалар

Голограмма (кинеграмма) — фольгада немесе басқа материалда лазер сәулелерімен түсірілген ерекше үш өлшемді бейне. Голограмма көру бұрышын ауыстырған кезде реңін өзгертеді. Ақшаны қорғаудың бұл әдісін алғаш рет Австрияда 1988-жылы қолдана бастады. Содан бері бүкіл әлемге кеңінен тарап кетті. Әдетте, голографиялық қорғаныс белгілерін ірі ақшаларға түсіреді. Бірақ оны майда номиналдарда жолақ түрінде көруге болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)