Өлең, жыр, ақындар

27- наурыздағы Apple презентациясы: қорытынды

Осы аптада әйгілі Apple компаниясының биылғы жылғы алғашқы презентациясы өтті. Біз сіздерге сол іс-шарадағы ең маңызды деген ақпараттарды атап өтпекпіз.

 

iPad 2018

27 наурызда Астана уақытымен сағат 21:00  Apple презентациясы басталды. Презентацияның басты жаңалығы -  қолжетімді жаңа iPad. Бұл планшет Apple Pencil - мен бірге тіркескен. Яғни планшет Apple қарындашымен бірге жұмыс істейді. Сіз жаңа iPad сатып алғанда оны да бірге сатып аласыз. Алдын ала хабарланғандай бұл планшет білім саласындағы адамдарға яғни оқушыларға, мұғалімдерге, студенттерге арналған. Дегенмен аталмыш  Apple өнімі тек білім беру саласындағы адамдарға ғана арналып, басқа адамдар қолдана алмайды деген сөз емес. Бұрынғы планшеттен айырмашылығы бағасы мен бірқатар қосымшалар енгізілгендігі ғана.

Планшет дисплейінің  диогоналі 9,7 дюм. Жаңа құрылғының сыртқы дизайны өткен жылғы iPad 2017 -ден ешқандай айырмашылығы жоқ.

Планшеттің аппараттық негізін A10 Fusion процессоры құрайды. Жаңа планшеттің негізгі камерасы 8 Мп. Ол видеоны Full HD форматында түсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ  батереясы күні бойына (жұмыс уақыты 10 сағат) жетеді. iPad салмағы 500 граммға да жетпейді. Ал қалыңдығы 7,5 мм. Планшет үш түсте: "күміс ғарыш", күміс түстес және алтын түстес.

Қазіргі уақытта жаңа iPad сатылымға шыққан. АҚШ-тағы баға бойынша жаңа iPad оқушыларға $299 болса, басқа тұтынушыларға $329.  Ал қарындаш - $49.

Жаңартылған iWork  

Сондай-ақ Аpple компаниясы іс-шарада iWork офистік қосымшалар пакетін жаңартқандығын мәлімдеді. Қосымшаға енгізілген жаңа функциялар Apple Pencil-мен жұмыс істейді. Әсіресе, Apple қарындашының көмегімен құжаттарға суреттер мен түсіндірмелер қосу жеңіл түрде іске асады. Соның арқасында суреттерді Pages-ке, Keynote-қа тіпті Numbers-ке де қоса аласыз. iWork пакеті - Microsoft компаниясының Office программалар жинағының тегін аналогі. iWork пакетіне Pages (Microsoft Word-қа ұқсас), Keynote (Power Point-қа ұқсас), Numbers (MS Excel-ге ұқсас) бағдарламалары кіреді. Сондай-ақ GarageBand және Clips қосымшалары да жаңартылған.

Білім саласына арналған жаңа қосымшалар

Презентация барысында Apple компаниясы білім беру саласына арналып, жасалынып жатқан қосымшаларды атап өтті. Олар: Classroom, Schoolwork және Apple School Manager. Бұл қосымшалардың арқасында мұғалімдер, оқушылардың үлгерім деңгейін дәстүрлі әдіспен емес, Mac компьютері мен iPad планшеті арқасында бақылай алады.

Classroom - сандық (цифрлық) мектеп журналы ретінде қолданылады. Оның көмегімен мұғалімдер оқушылардың сабаққа қатысуын бақылап, ескертпе де жасайды. Сонымен қатар оқушылармен өзара хат жазыса да алады.

Schoolwork - мұғалімдер мен оқушыларға арналған әмбебап қосымша. Оның әмбебаптығы мұғалімдер қосымша арқылы тапсырмаларды беріп, ал оқушылар оны ала алады. Тапсырманы орындау, оны мұғалімге өткізу және  тапсырманы тексеру процестерінің бәрі дерлік қосымшада жүзеге асырылады.

Apple School Manager - қосымшаларды басқаратын қосымша. Ол мектептерге бірнеше құрылғыларды және Apple ID есептік жазбасын қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді. Apple ID оқушының қай қосымшаларды орнатқанын және қай сайттарға жиі кіретінін бақылайды. Бұл қосымша тек білім беру мекемелеріне ғана қолжетімді.

Жоғарыда жазылған қосымшалар  осы жазда дайын болады. Неге жазда? Неге көктемде емес десек, бұның мәні осы жазда Apple бүкіл әлемнен үздік бағдарламалаушыларды бір жерге тоғыстыратын WWDC 18 конференциясы өтеді.

Сонымен қатар атап өтерлік тағы бір маңызды ақпарат бұл - Apple Teacher. Apple Teacher - мұғалімдерді оқытуға арналған жаңа сервис. Бұл жайлы компанияның ресми сайтындағы тиісті бөлімнен танысуға болады. (appleteacher.apple.com)

Айта кетейік аталған барлық қосымшалар ClassKit арқылы жұмыс жасайды. Олардың бәрі  максималды тиімді жұмыс істеу үшін бір-бірімен терең біріктірілген.

200 Гб  

Білім саласына арналған өнімдер ұсынылған іс-шара барысында Apple барлық студенттер мен оқытушыларға iCloud-тың қосымша кеңістігінде 200 Гб тегін бонус беруге уәде етті. Бұл науқан мамыр айында басталады. Оған дейін сәуір айында бұл туралы толығырақ мәлімет бермек. Осы жерде айта кетсек, әдетте қарапайым тұтынушыларға iCloud кеңістігінен тек 5Гб ғана беріледі.

Презентация жайлы бірер ақпарат

16 - наурызда Apple компаниясының 27-наурызда презентация өткізетіндігі мәлімделді.

Әдетте Apple -дың іс-шаралары Стив Джобстың атындағы театрда өтетін. Бұл жолы Чикагодағы мектептердің бірінде болды.

Презентация Чикагода таңғы 9:00, ал бізде Астана уақытымен кешкі 21:00 басталды.

Презентация небәрі бір сағатқа ғана созылды. Себебі  уақыт шектеулі болды.

Бұл презентацияда не таныстыратыны соңғы мерзімге дейін құпия болды. Бірақ алдын-ала болжамдар айтылды. Сол болжамдар бойынша компания iPhone SE, Mac таныстыруы мүмкін делінген еді. Жоғарыда жазылған презентациядағы ақпаратттарға қарап, мұндай жаңалықтарды күтпегендігін аңғарамыз.

Apple презентациясы өткен ғимарат

Қания Табыс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз