Стивен Возняк

Стив Джобстың әйгілі өнертапқыш досы туралы не білеміз?

Есімі: Стивен Гэри (Стив) Возняк (ағыл. Stephen Gary (Steve) Wozniak. Туған жылы: 11.08.1950 ж. Туған жері: Сан-Хосе, Калифорния, АҚШ.

Жұмысы: америкалық өнертапқыш, инженер-электроншы және бағдарламалаушы (программист), Apple Computer (қазіргі Apple Inс.) компаниясының құрылтайшысы.

Стивен Возняктың өмірбаяны

Гаджеттері әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен сұранысқа ие мегатанымал Apple компаниясы туралы сөз қозғалса, көз алдарыңызға бірден әйгілі Стив Джобс елестейді. Алайда бұл негізінде кішкене қате ұғым. Тасы өрге домалай бастаған кезде Джобстың серіктесі өзінің аттасы, яғни, бүгін біз сөз қозғағалы отырған дарынды инженер Стив Возняктың да ерекше үлесі болатын.

Өмір жолы

Стивен Возняк – арғы аталары украиндық, поляк пен немістерден тарайтын, Калифорния штатындағы Сан-Хосе қаласында дүние есігін ашқан америкалық. Оның әкесі — Джейкоб Френсис Возняк – Лос-Анджелесте өмірге келген. Ал Джейкобтың әкелерінің арғы тегі украиндық болған деседі. Буковинде біршама жыл тұрғаннан кейін екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-қа ауып кеткен. Стивтің анасы Маргарет Элейн Керннің ата-анасының бірі неміс, бірі швейцарлық болған.

Стивтің ата-анасы, әсірісе әкесі ұлының өмірлік мамандықты таңдауына зор әсерін тигізген екен. Калифорниядағы Технологиялық институтты бітіргеннен кейін Lockheed компаниясында еңбек еткен Стивтің әкесі ұлын жастайынан электроникаға баули бастайды. Стив кейінгі сұхбаттарында әкесінің жұмысын ұзақ бақылап отыратынын бірнеше рет айтқаны бар.

Көзін ашқалы электроника жұмысын бақылап өскен бала әкесінің ізімен кетеді. Алғыр өреннің еңбегі көп уақыт өтпей-ақ жемісін бере бастаған. Төртінші сынып оқып жүрген кезінде Стив радиоәуесқойлардың лицензиясына, ал 8 сынып оқып жүрген кезінде BBC компаниясы ұйымдастырған қалалық деңгейдегі байқаудың бас жүлдесіне ие болады. Өміріндегі ең алғашқы жүлдесін жас өнерпаз екілік сандарды ойлап табу теориясымен күрделі калькулятор жасап шығарғаны үшін алған. Калькуляторды жасап шығару үшін ол 100 транзистор, 200 диод пен резистор қолданған. Жас таланттың ойлап тапқан технологиясы сол тұста жоғары сынып оқушыларының ойына келмейтін еді.

Бірақ, өз қатарластарына оза туған баланың өз кемшіл тұстары да болған деседі. Құрдастарының бала мұрты шығып, қыздарбен қыдыра бастаған шағында онсыз да тұйық жүретін Воз одан ары сыртқы әлемге жабыла түскен. Міне, өз ісіне шексіз берілуінің арқасында жас жігіт көздеген мақсаттарына жеткен болуы керек.

Білімі

Фортран бағдарлама тілін мектеп қабырғасында жүріп-ақ меңгерген Возняк орта білім беретін оқу ордасын аяқтағаннан кейін Боулдердегі Колорадо университетіне еш қиындықсыз түседі. Алайда ақшасы жетпегендіктен Стив көп өтпей оқу орнынан кетуге мәжбүр болады. Де Анса колледжіне түскенімен, оны да бітіріп шығу Стивке бұйырмапты. Жоғары білімнің дипломы Вознякқа ақыры бұйырмайын деген... Алайда арада 11 жыл өткеннен кейін 1986 жылы Возняк бәрібір Калифорния университетін бітіріп шығып, EECS бакалаврының дипломына ие болды.

Кәсіби еңбектің басы мен алғашқы коммерциялық табыс

Колледжде аз ғана уақыт оқыған кезінде Возняк ортақ таныстары арқылы керемет дарынның иесі Стив Джобспен танысады. Олардың бірлескен алғашқы туындысы Blue box — «көк жәшік» деп аталған еді. Ол жәшік қандай болмасын телефон желісін бұзып, әлемнің кез келген нүктесіне телефонмен қоңырау шалуға мүмкіндік беретін.

Мұндай идея алдымен Возняктың басына келген деседі. Танымал журналдардың бірінен телефон фрикерлері туралы оқыған ол аталмыш мәліметке айтарлықтай қызығып қалса керек. Возняк тіпті бірегей құрылғы ойлап тауып, Ватиканға қоңырау шалып жіберіпті. Өзін Генри Киссинджермін деп таныстырған Джобс Рим Папасының аппаратымен байланыстырып беруді сұрайды. Бірақ, бұл бар болғаны әзіл еді. Ақыры, ойнақы жігіттердің ойлап тапқан құрылғысы көп өтпей әлеуетті коммерциялық аппаратқа айналып шыға келеді.

Жас жігіттер бұдан кейін «көк жәшіктерді» өндіріп, өткізе бастайды. Бұл сол тұста заңды емес және қауіпті болғанын айтудың қажеті жоқ шығар? Бірақ «көк жәшіктер» тез өте бастайды. Өнімдерінен пайда табу үшін Стивтер аппараттың өзіндік құнын түсіруге тырысады. Мөрлік тақшаны пайдалану арқылы өзіндік құнын 80-нен 40 долларға дейін түсіре алады.

Айтарлықтай түсім әкеліп тұрған бизнеспен көп өтпей жігіттерге қоштасудан басқа амал қалмайды. Себебі, «көк жәшіктердің» бірін сатып жүрген кезінде оларға біреу келіп, кәдімгідей тапанша көздеп кеткен көрінеді.

Аpple I-дің құрылуы

Басын тәуекелге тігетін іспен бірге университетті тастағаннан кейін Возняк толығымен өзінің алғашқы компьютерін жасауға білек сыбана кіріседі. Стив жасаған компьютерді сол тұста мамандар нағыз ғажайып жаңалық деп атаған. Стивтің компьютері дисплейімен, мәліметтердің сақталуымен, бірнеше пәрменді қатесіз жасауымен сол кезде теңдесі жоқ Altair 8800-ді басып озады.

Кәсіпке келгенде ойы жүйрік Джобс Возняктың компьютерінің саудасын жаңа деңгейге шығаруды ұсынады. Яғни, жасырын сатылымнан гөрі өндірістік тұрғыда компьютерлерді өндірудің пайдасы мол еді. Возняк аздаған күдікпен, маздаған үмітпен көп миллиондық (кейін белгілі болады) «соқыр тәуекелге» барады.

1976 жылы 1 сәуір күні барлық заттары мен құрылғыларын мың жарым долларға сатып, Джобс пен Возняк Apple Computer компаниясының құрылтайшылары атанады.

Hewlett-Packard компаниясынан жұмыстан шығып кеткеннен кейін Возняк жаңадан іргесі қаланған компанияның жетекші лауазымына жайғасады. Оның міндетіне ғылыми зерттеулер, сонымен бірге өнер туындыларының қызметтік мүмкіндіктерін кеңейту және түзетіп отыру енеді.

Apple II

Возняктың жұмысының келесі сатысы – жаңа, қарапайым әрі ыңғайлы компьютер ойлап табу болады. Apple II мәтін мен символды шығарумен бірге, экранға суреттерді де шығару мүмкіндігіне ие болады.

1978 жылы өнертапқыштың тапқан туындыларының тізімін иілгіш диск контролері Disk ІІ, файл жүйесі мен Apple DOS толықтыра түседі. Сонымен қатар, дәл осы Возняк Calvin бағдарламалау тілін, 16-битті процессордың виртуалды инструкциясы мен Breakout компьютерлік ойынын жасап шығарған.

1980 жылы Apple өз акцияларын биржаға шығарғаннан кейін бизнес бойынша серіктестер миллионер мәртебесін алады. Компанияның тың жобалары (Apple III, Apple Lisa) бұрынғыша сәтті шықпаса да, Apple II компанияның негізгі пайда табушы қайнар көзі ретінде әлі күнге дейін тұрақты түсім әкеліп тұрады.

Возняктың өмірін түбегейлі өзгерткен қатерлі жайлар

1981 жылдың ақпаны. Дәл осы кезеңде Возняк өзінің жеке Beach Bonanza ұшағымен апатқа ұшырайды. Осының салдарынан адамдарды ақылымен таң қалдырып келген Возняк ұмытшақтық дертіне байланады. Возняк ештеңені, тіпті ұшақтың қалай апатқа ұшырағанын есіне түсіре алмай-яқ қойыпты. Бірақ, арада біраз уақыт өткенде қол ұстасып жүрген бойжеткен - Кэндис Кларктың арқасында Возняктың ақыл-есі бұрынғы қалыпқа келе бастайды.

Өміріне қауіп төнгеннен кейін Стив Apple компаниясына қайтып келмеу туралы шешім қабылдап, жеке өміріне маңыз беруді шешсе керек. Возняк Кэндимен отау құрып, университетке қайта оралып, бакалавр дәрежесін алады.

1983 жылы Стив компанияға қайтып келгенімен, арада 4 жыл өткеннен кейін қайта кетіп қалған. Бұл жолы ол компаниядан біржолата кеткен еді.

Өзінің «баласын» тастап кеткен Возняк ІТ саласындағы өзіне тиесілі бірнеше компаниялардың іргесін көтереді. Ол бүгінгі таңда табысты кәсіпкер ғана емес, австралиялық технологиялық университеттің профессоры. Стив сонымен бірге білім және фиоантропиялы ұйымдарға көмек көрсетуімен әйгіленеді.

Стивен Возняктың жеке өмірі

Стивен Возняк бірнеше рет үйленіп, соңғы алты жылда Джанет Хиллмен бірге тұрып жатыр. Алғашқы жары Элис Робертсонмен төрт жыл тұрғаннан кейін ол әуе апаты кезінде тағдырдың өзі қосқан Кэндис Кларкпен отау құрады. Алайда 1987 жылы үш балалы ерлі-зайыптылар ажырасып кетеді. 1980 жылы Стив өзінің сыныптасы Сьюзан Мулкернды кездестіріп, бақытын тапқандай болған. Алайда арада тағы 14 жыл өткеннен кейін Стив тағы бойдаққа айналады. Ал қазірде ол нағыз махаббатын тапқан секілді. Джанет Хиллмен құрған отбасы баянды болсын деп тілейік.

Стив Возняк туралы қызықты деректер

— Возняк 1982 жылы КСРО мен АҚШ арасында өткен телекөпірдің негізгі бастамашысы болды.

— Стив телехикаяларды жанындай жақсы көреді екен. Әсіресе, «Алып жарылыстың теориясы» сериалын ерекше сүйсініп тамашалайды. Тіпті, сериалдардың бірінде Стив өз-өзін түсірген.

— Технологиялардың Ұлтық медалін 1985 жылы Вознякқа Рональд Рейганның өзі табыстаған.

— Стив Возняк – өзінің өмірбаяны туралы жазылған «Стив Джобс және мен» атты кітаптың авторы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)