Өлең, жыр, ақындар

IPO дегеніміз не және ол не үшін керек?

Әлеуметтік желіні ақтарып отырсаңыз, кейбір компаниялардың биржаға шығып, IPO өткізгені, соның арқасында бизнестің іргесін қалаушылардың миллиардер атанғаны туралы ақпаратты кездестіріп қалуыңыз мүмкін. Десе де, жеке компанияның көпшіліктің компаниясына айналу процесінің артында не тұрғанын көп адам біле бермейді. Оқырман қауым үшін бүгін біз аталмыш процесті жіліктеп отырып, түсіндіріп бермекшіміз.

Алдымен – IPO деген не?

Өзінің акцияларын көпшілікке сатуға ұсынғанда компания IPO(Initial Public Offering – IPO) өткізеді. Әлбетте, ұйымның бұл тұрғыда мәртебесі өзгереді – яғни, жеке компания (кез келген ниет білдіруші акционер бола алмайды) көпшіліктің компаниясына айналады (кез келген ниет білдіруші акционер бола алады).

Жеке компаниялардың құрамында да акционерлер болуы мүмкін, алайда олардың саны аса көп бола қоймайды. Мұндай компаниялар реттеуші органдардың талаптарымен бетпе-бет келіп жатады, олардың талаптары IPO ға жаслған талаптардан өзгеше болады. IPO акцияларын алғашқы сатылым шығарылымына дайындау процесі бірнеше айдан бір жылға дейін созылуы ықтимал. Бұл қадам компанияның айтарлықтай қалтасын да қағады.

Компаниялар неліктен IPO өткізеді?

Бәрі де ақшаға келіп тіреледі — компания қаржы тартуды мақсат тұтады. Қаражат қолға түскеннен кейін ол бизнесті дамытуға немесе инфрақұрылымның реинвестициясына жұмсалуы мүмкін.

Компания акциясының жариялы(көпшілікке) түрде сатылымға шығуының тағы бір артықшылығы — ең үздік мамандарды тарта отырып, топ-менеджерлерге опциондарды ұсынуға мүмкіндік тууы. Бұған қоса акциялар келісім жасау кезінде төлемнің бір бөлігін жабуға қолданылуы мүмкін. Мәселен, Facebook-тың WhatsApp-ты сатып алуы кезінде месенджердің негізін қалаушылар биржаға шығып қойған әлеуметтік желінің $19 миллиардтық акциясының айтарлықтай бөлігіне ие болған. NYSE немесе NASDAQ секілді әлемдік ірі биржалардың тізіміне ену — өте үлкен абырой болып есептеледі.

IPO дайындық кезіндегі алғашқы қадамдар

Биржаны көздеген компания IPO процесін ұйымдастырумен айналысатын инвестициялық банкті (немесе бірнеше банкті) жалдайды. Теориялық тұрғыда өз акцияларын компаниялар өздігімен сатылымға шығара алады, десе де тәжірибе жүзінде бұл қадамға ешкім бармайды. IPO процесін ұйымдастырушы банктер андеррайтерлер деп аталады.

Goldman Sachs немесе Morgan Stanley секілді банк жалданғаннан кейін — олардың өкілдері мен компания басшылары арасында келіссөздер жүргізіліп, оның барысында сатылымға ұсынылатын акцияның құны, олардың типтері және тартылуы көзделіп тұрған қаражаттың жалпы мөлшері анықталады.

Компания мен андеррайтер арасында келісімге қол қойылғаннан кейін банк сол мемлекеттің реттеуші органына инвестициялық меморандумды ұсынады. Мысалы АҚШ-та бұл орган — құнды қағаздар бойынша Комиссия (SEC) болып табылады. Бұл құжатта компания мен ұсыныстар туралы жан-жақты ақпарат — яғни, қаржылық есептен бастап, басшылардың өмірбаяны, ұйымның заңнамалық мәселелері, қаржы тартудың мақсаты, компания акционерлерінің ағымдағы тізіміне дейін жазылады. Бұдан кейін реттеуші орган ұсынылған ақпаратты тексере келе қажеттілік туындаған жағдайда қосымша мәліметтерді сұрай алады. Егер барлық ақпарат шындыққа сай келсе, онда IPO жүргізілетін күн белгілі болмақ. Ал андеррайтер компанияның барлық қаржылық мәліметтерін дайындай бастайды.

Андеррайтерлердің мүддесі қандай?

Инвестициялық банктер IPO ұйымдастыруға өзінің қаражаттарын салып, биржаның листингіне түпкілікті түскенше компанияның акцияларын «сатып» алады. Банктер IPO-ға дейін төлеген акциялардың бағасы мен сатылым басталған уақытта белгіленген акциялардың бағасы арасынан пайда табады. IPO-ға әлеуетті компания шыққан кезде андеррайтор құқығына ие болғысы келетін банктердің бәсекесі одан ары қыза түседі.  

IPO жүргізуге қызығушылықты арттыру үшін андеррайтерлер жиі жарнама кампаниясын (Road Show) жүргізіп, оның барысында компаниялардың қаржылық көрсеткіштері бұрын жиналған ақпараттарды әлеуетті инвесторларға ұсынады. Тіпті кейде мұндай мәліметтер дүниенің төрт бұрышын шарлап кетуі мүмкін. Әдетте, Road Show көбінесе ірі инвесторлар үшін ұйымдастырылады. Көп жағдайда мұндай инвесторларға акцияларды ресми сатылым басталғанша сатып алу ұсынылады — бұл процесс allocation деп аталады.

Акциялардың құны мен биржа

IPO күні жақындаған кезде биржаға шығатын андеррайтер мен компания акцияның құны бойынша ортақ келісімге келеді. Құн бірнеше факторға тәуелді болуы ықтимал: атап айтқанда компанияның әлеуеттілігі немесе келешектен күттіретін үмітері, Road Show нәтижесі мен ағымдағы нарықтық жағдай көп әсерін тигізеді.

Андеррайтермен бірге ірі және әлеуетті компаниялардың акциясын сатылымға шығару бойынша биржалар да бәсекелестік көрсетеді. Листингте мұндай компаниялардың пайда болуы өтімділік пен сатылымның көлемін арттыруға жол ашады. Бұл ретте абыройдың да айтарлықтай рөлі бар. Компания танымал болған жағдайда биржа өкілдері компания басшылығының алдында өз алаңында акцияларды сатылымға шығарудың тиімділігін түсіндіріп бағады.

IPO кезіндегі акцияларды сатып алу

Ресми сатылым басталмай тұрып, жеке инвесторлар компаниялардың акцияларын сатып ала алмайды. Алғашқы күндері әдетте жаңа компаниялардың акцияларының сатылымы біршама ауытқушылықты бастан кешіреді. Сондықтан, аналитиктер келісім жасауға аса асықпауға, акциялардың бағасы айтарлықтай тұрақталуын күтуге кеңес береді.

IPO жүргізудің артықшылықтары мен кемшіліктері

IPO жүргізудің өзі компания үшін әдетте оң септігін тигізеді, себебі мүндай жолмен қаржы тарту қадамы компанияның шын мәнінде айтарлықтай өскенін көрсетеді — бұл қадам ірі масштабты кеңею барысында қажет болған қаражатты тарту мақсатында жасалады. Сонымен қатар, жариялы компанияларға көп назар аударылғандықтан, персонал алу мен маркетинг процестері жеңілдей түседі.

IPO жүргізудің кемшіліктері арасында биржаға шыққаннан кейін компанияға реттеуші органдардың тарапынан назардың қатая түсетінін айтуға болады. Бұл ретте компаниялар орындауға міндетті биржалық алаңдар мен мемлекеттің қойған талаптары жетіп артылады. Көбіне қаржылық есеп беру жағына қатысты. Бұған қоса, компанияның негізін қалаушылар IPO жүргізгеннен кейін акцияларын сатып, бірден миллионер аталмауы да мүмкін, өйткені бұл қадам компанияның бағыт-бағдары мен бизнесті капиталға айналдыруын бәсеңдетуі мүмкін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз