Өлең, жыр, ақындар

Алматыда ақша жинау туралы шағымнан соң 2 мектеп директоры жұмыстан қуылды

Алматыда ата-аналар тарапынан  ақша жинау туралы шағымнан соң 2 мектеп директоры жұмыстан қуылды.

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Айгүл Байханова мектептердегі «демеушілік көмек» дерегі туралы айтып өтті.

«Алматыда жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда ақша жинау деректері қатаң бақылауда. 2017 жылы ата-аналардың шағымынан соң 2 мектеп директоры жұмысынан қуылды», - деді Айгүл Байханова.

Департамент басшысының айтуынша, көп жағдайда ата-аналардың өздері де осыған мұрындық болып отырады.

«Мектептердегі ақша жинау - әсіре белсенді ата-аналардың ұсынысы. Олар мұғалімдерге сыйлық жасап, барынша ынталандырғысы кеп тұрады. Өткен жылы Білім басқармасымен бірігіп талдау жасадық. Нәтижесінде мектеп ішіндегі қорларды тараттық. Бұл заңдастырылған пара беру органы. Алматыда мектептерге жақсы қомақты қаржы бөлінеді. Биыл 95 млрд теңге білім беру саласына берілген. Қаржы жетпеген бірде бір мектеп жоқ», - деді ол.

Transparency Kazakhstan кеңесінің өкілі Марат Шибұтов мектеп бюджетін сайттан көруге болатынын айтты.

«Тек қана Алматыда қазір мектеп пен колледж бюджеті Білім басқармасының сайтында тұр.  Онда көрсетілгендей, жөндеуге қанша, кеңселік тауарларға қанша, интернетке қанша қаржы төленетіні көрсетілген», - деді  М. Шибұтов.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар