Компьютерлік вирустар туралы қызықты 10 ақпарат

Әрқайсымыз бір рет болса да компьютерлік вирустармен бетпе-бет кезіккеніміз анық. Бүгінде олардың сан-алуан түрлері таралуда. Біз бүгін сіз білмеген компьютерлік вирустар туралы бірнеше қызықты факт ұсынбақпыз.

1. Әлемдегі ең алғашқы вирусты 1983 жылы 10 қарашада Фред Коэн компьютерлік қауіпсіздік туралы семинарда таныстырған болатын. Ал қазіргі таңда, электронды құрылғыларды күнделікті зақымдайтын бірнеше мыңнан аса вирус түрлері белгілі.

2. Статистика бойынша, жыл сайын әрбір үшінші компьютер, ең кем дегенде, жылына бір рет вирустық шабуылға тап болады.

3. Мамандардың зерттеуіне сәйкес, антивирустардың 1-2 күнде-ақ ескіретіні анықталған. Осыған орай, вирустарға қарсы қорғауға қарамастан, 15% вирус компьютерге еркін кіре алады. Себебі, хакерлер техникалық жабдықты зақымдаудың күрделі жолдарын күнделікті ойлап табу үстінде.

4. Жыл сайын компьютерлік вирустар әлемдік экономикаға $1,5 триллион көлемінде қаржылық шығын әкеледі.

5. Тарихтағы ең жойқын вирус «I Love You (Мен сені сүйемін)» атты романтикалық атауға ие, сонымен қатар, ол «LoveLetter» атымен де белгілі. Аталған жазумен таралған хат-хабар Филиппиннен 2000 жылдың 4-мамырынан 5-мамырына қараған түні бүкіл әлемдегі пайдаланушыларға жіберіле бастаған. Ешқандай күдіксіз хат-хабарды ашқан қолданушылар, оның астында зұлым вирустың жасырынып жатқанына бейхабар еді...

Қолданушы хатты ашқан кезде, вирус сол сәтте-ақ хаттың көшірмесін жасап, оны қолданушының барлық контактілеріне жіберген. Осылайша, «I Love You» вирусы 3 миллионнан аса компьютерді зақымдау арқылы, әлемдік экономикаға 10-15 миллиард доллар қаржылық шығын келтірді. Кезінде дүние жүзі бойынша ең шығынды вирус болған «LoveLetter» әлемдегі ең жойқын, зұлым вирус ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді.

6. Ал ең қауіпсіз вирус - «Blaster» деп аталады, сонымен бірге, ол «Lovsan», «Lovesan» немесе «MSBlast» атымен де танымал. Бұл вирустың эпидемиясы 2003 жылдың тамыз айында байқалған. Вирус тарихы Xfocus ұжымының Windows операциялық жүйесінде буфердің толып кетуіне байланысты осалдықты тапқаннан кейін басталды. Осы осалдыққа байланысты вирустық бағдарламалар пайда болды, олардың ішіндегі ең танымалы - «Blaster» вирусы. Вирус компьютерге енгеннен кейін кездейсоқ IP-адрестерді түрлендіре бастаған. Осыдан соң жүйеде өзінің зақымдайтын құрбандарын іздеп тауып, оны электроникалық құрылғыға жұқтырған және бұл цикл бірнеше рет қайталаныпты.

Осындай құрылғыаралық таралымға байланысты 300 мыңға жуық компьютер зақымданған. Пайдаланушыларға аталған вирустың кесірінен компьютерлерін өшіріп-қайта қосқаннан басқа, аса әбігерлік жоқ. «Blaster»-дің мақсаты - Microsoft серверіне шабуыл жасау болған. Алайда, компания серверлерді уақытша жабу арқылы вирустардың зарарын минималды етті. Негізінен, вирус идеясының мәні – вирус кодындағы Билли Гейтстің атына жазылған жасырын хабарламада еді: «Billy Gates why do you make this possible? Stop making money and fix your software!!» («Билли Гейтс, сіз мұны не үшін істеудесіз? Ақша жасауды доғарыңыз, бағдарламалық жасақтамаңызды түзетіңіз!»).

Бұл вирусты жасаған - Джеффи Ли Парсон. Ол – бір жарым жылға түрмеге қамалып, 225 сағат қоғамдық жұмыспен айналысу жүктелген америкалық оқушы болатын.

7. Әлемдегі ең жылдам вирус — Slammer, аударғанда «түрме» мағынасына саяды. Санаулы минуттарда ғана ол 75 мыңнан аса компьютерді зақымдай алған.

8. Белгілі бағдарламашы Питер Нортон 1988 жылы қызықты хабарлама жариялады. Ол ешқандай вирустар жоқ деп санайтынын мәлімдеп, компьютерлік зиянды бағдарламаларды Нью-Йорктегі кәріздерде тұратын қолтырауындар туралы мифтермен салыстырды. Алайда, Питердің бұл хабарламасы оған «Norton AntiVirus» атты жеке антивирустық жобасын бастауына кедергі келтірмеді.

9. Желідегі ең алғашқы ауқымды вирустық шабуыл 1988 жылы болды. Ол «Моррис құрты» деген атауға ие. Вирус АҚШ-тағы (NASA зерттеу орталығын қосқанда) 6 мыңнан астам компьютерлік жүйе мен оның жұмыстарын зақымдаған. Осылайша, «Моррис құрты» $96 миллион мөлшерінде қаржылық шығын келтірді.

10. Компьютерлік вирустар құрылғыларды зақымдап, жоюдан басқа экономиканың жаңа бір саласына «өмір сыйлады». Яғни, жыл сайын антивирустық компаниялар вирусқа қарсы бағдарламалық жасақтамаларды шығарып, 2 миллиард долларға дейін табыс табуда.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)