Өлең, жыр, ақындар

Ғалымдар мектеп бағдарламасынан «Қазақстан географиясы» пәнін таппай қалды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақытгүл Хаменова Қазақстан географиясына қатысты мәселе көтеріп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады.

«Биылғы жылдың басында Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапар барысында ел тарихында ізі қалған ғалымдар мен белгілі ұстаздардың, ұлт жанашырларының үні мен назын естіп қайтты. Нақтырақ айтсақ - жалпыға білім беру стандартынан кейін оқу  бағдарламасын әзірлеген жауапты мамандар басты жәйтті ескермей қалған. Кезең-кезеңмен енгізілген өзгерістер қатарынан еліміздің егемендігін танытатын пән - «Қазақстан географиясын» жеке пән ретінде таппадық. Дүниежүзіндегі барлық ел өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқытатындығы анық. Жер көлемі бойынша ең кішкентай мемлекеттердің өзі бұл тізімнің алдында. Ал Қазақстан Республикасы 193 мемлекеттің ішінде 9-орынды иеленген», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда ол Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері төл географиясын меңгеруді үш жылға жуық уақытты қамтып отырғанын атап өтті.

«Бізде Қазақстан географиясы 1993 жылдан бастап мектеп қабырғасында оқытылып келеді.  Аптасына әупірімдеп оқытатын екі сағаттың өзі бүгінде көзден бұлбұл ұшқалы тұр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті, рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек  деді. Еліміз бен жеріміздің тарихы мен географиясын терең таныту Елбасының алдымызға қойып отырған нақты бағыты. Бізде стандарт пен бағдарламаны аттап өтіп, оқулық шығару сәнге айналған ба? Сөзімізге дәлел, биылғы оқу жылынан бастап «География» деген атаумен жаңа оқулық енгізілген. Ал «Қазақстан географиясы» жоқ. Бұл оқулықтың да еліміздің төл географиясын насихаттауға қаншалықты қызмет ететіні күмән тудырады. Бұқаралық ақпарат құралдары беттеріне берген мәлімдемесінде министр Ерлан Сағадиев мырза аталмыш мәселеден бейхабарлығын танытса,  министрліктен алынған ресми жауапта «Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан географиясы» пән ретінде емес, оқу бағдарламасы» есебінде ғана қаралған деген   жауап алдық. Жауапты басшылықтың жауабы осындай  түсініксіз болса, жаңа  оқу бағдарламасы мен жаңа оқулықтың шикілігі де айқын ба дерсің», - деді Б. Хаменова.

Оның пайымынша, басты мақсат  - болашақ ұрпаққа Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан кең байтақ атыраптың қасиетін ұлттық мұратта түсіндіру. Елбасының ерен еңбегі өзгелермен астасқан Қазақ елінің аумағы мен шекарасын «Қазақстан географиясында» оқыту маңызды.

«Жоғарыда айтылған жайлардың негізінде Білім және ғылым министрінің шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарауды ұсынамыз. Сағаты болғанымен, ешқандай бұйырықсыз ауыстыра салынған «Қазақстан географиясы» пәнінің атауы оқу бағдарламасында сақталуы тиіс. Бүгінге дейін осы салада ізденіп, айтарлықтай зерттеу жұмыстарын жүргізген, қажетті оқулықтар шығарған ғалымдардың жұмысы да ескерілу қажет. Жаңа оқу бағдарламасы бойынша  жаңа оқулықтар шығаруды желеу етіп, бюджет қаражатын таласқа түсірмей, бар әдебиеттерді пайдалануымыз керек. Өз тарихы мен өз жерінің қасиетін ұрпаққа ұғындыру - біздің парызымыз. Жаңашылдық пенен ақпараттық кеңістікке бет бұра отырып, тәуелсіз қазақ елінің өз мұраты, тарихы, пәндері болуы шарт», - деп түйіндеді сөзін депутат.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар