Өлең, жыр, ақындар

Шашубай Қошқарбайұлы

Шашубай Қошқарбайұлы 1865 жылы бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Балқаш болысында «Саршыған» деген жерде туған. Әкесі ерте дүниеден өтіп, жасынан жетім қалған.

Шашубай жарым-жан шешесіне қолқанат болып, бар қиыншылықты басынан өткереді. Жоқшылық тауқыметін ерте сезінген баланың көкірегі ерте оянып, айналасына жіті көз тастайды. Анасы Күнбала: «Атаң Жандабай сынды, аузынан жыры ақтарылған бұлбұл көмей болар ма екенсің?» — деп армандайды екен. Ана арманының ақиқатқа айналғаны ғой.

Жыршылық өнерге делебесі қозып, өлең шығаруға машықтанады. Он екі жасында Ақсақ шалмен, он үште Жақай Кенжебала сияқты жұрт көзіне түсіп жүрген ақын қыздармен қақтығысады.

Жасынан домбыра, гармон тартып, ән салуға, өлең шығарып айтуға, серілік құруға әуестенуі ел аралап, игі жақсылармен кездесуінен деп білеміз.

Шашубай өз заманының өнер қайраткерлерімен, даңқты адамдарымен араласып жүрген. Ол Жетісу елінде Майкөт, Жамбыл, Қуандық, Сарыбас тәрізді орынды ақындармен сөз бәйгесіне түскен, Шөжеге жолығып, онымен бірге қазақ, қырғыз елін аралады. Осы бір өнер сапарында, Шөженің айтуынан, оның Кемпірбай ақынмен айтысын жаттап алған. Қоянды да Біржан салмен кездесіп, одан мынадай бата алған:

«Арқада кім тумаған, өнер кернеп,
Сайрадың сырнайыңды көкке сермеп.
Тартынба, талабыңды тарықтырма,
Айта бер өрістетіп әннен өрнек».

Шашубай Шөже, Кемпірбай, Біржан салдарды өзіне ұстаз тұтса, замандастары — Жамбыл, Әсет, Нұрпейіс, Ажар, Қақпан, Естай, Доскейдің де ықпалы аз болмаған. Нартай, Кенендер болса, өздерін Шашубайдың шәкіртіміз деп есептеген.

Шыңғыс тауының етегінде Абайға жолығып, онымен бірге аң аулап, түлкі қуысады. Үш жыл бойы Балуан Шолақпен бірге қалың елге өнер шашады.

Иісі қазақ жұрты ат ауызды орақ тілді, сан қырлы өнерпазды «Алмас тілді Шашубай», «Жорға Шашубай», «Жүйрік Шашубай», «жыр –думанның дию — перісі» деп те атапты.

1936 жылы Шашубай Алматыға шақырылады. Халық ішінен суырылып шыққан өнерпаздардың бас қосуында Шашекең  «Үш шыбық», «Тақия тайтаңы» ойындарын көрсетеді. Жамбыл, Орынбай, Доскейлермен кездеседі.

Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған мәдени-рухани байлығын емін-еркін игерген, халық жырының мұхитында өскен жел жетпес жүйрік халық әндері мен қисса-дастандарды және толғауларды жатқа білген.

«Тоты», «Қамбар батыр», «Ақтамберді», «Сұраншы Бөкей» дастандарын ел ішінде айтып жүрген. Шашубайдың «Майда қоңыр», «Ырғыма-сырғыма», «Мамық қызға», «Ақ қайың», «Сырлы қайың», «Жамалға», «Кербез кер» және т.б. әндері көпшілікке мәлім.

Бұл әндерінде махаббат, өнер, табиғат туралы ой шертеді.

Қай әнін болмасын, адам жанын шуаққа, мөлдір сезімге бөлеп айтады.

Қазақ даласындағы жәрмеңкелер халық ішінен суырылып шыққан өнерпаздардың ойын-сауығының куәсі болғаны баршаға мәлім.

Сол жиындар Шашубай творчествосына да кең өріс болғаны ақиқат.

Ол айтыс ақыны, композитор, әнші, сырнайшы, жонглерлік-клоундық өнердің де иесі, халық ойындарын асқан ептілікпен орындайтын шебер де болған.

Ақын өлеңдері кезінде мерзімді баспасөз беттерінде жалпы жинақтарда жарияланып отырды. 1942 жылы Сағынғали Сейітовтың құрастыруымен «Сөйле, Шашеке!» атты жинағы шықты. Үкімет пен партия Шашубай Қошқарбайұлының творчествосын дер кезінде бағалап, оған «Қазақ ССР-ның өнеріне еңбегі сіңген қайраткері» (1941) деген құрметті атағын берді. «Құрмет белгісі» орденімен (1945) наградталды.
1943 жылы Қарағандыда облыстық партия комитетінің шешімімен ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қарағанды мен Балқаш ақындарының айтысы осы жылдың 14 тамызында өтті. Айтыста атақты жерлесіміз Шашубай Қошқарбаев қарағандылық Көшен Елеуовпен кездесетін болды. Ол кезде Шашубай ақын 80 жасқа келіп қалған. Айтыс Қарағанды қаласының қазақ драма театрында өтеді.

1943 жыл 18 тамызда. 1952 жылы сексен жеті жасында дүние салды. Артында өшпес өнері, ағыл-тегіл әншілік, ақындық мұрасы қалды. Замандасы Доскей Әлімбаев айтқандай, халыққа әнмен өріп, сөз таратқан Шашубай шығармасы толқын-толқын буындардың рухани-эстетикалық нәр алар асыл-мұрасы болып қала берері сөзсіз. Қаламызда Шашубай атындағы мектеп, 1987 жылдан бастап Шашубай мөлтек ауданында «Мобиль» сериялы жаңа үлгідегі үйлер, әсем ғимараттар бой көтере бастады. Шашубай тарихи ескерткіш мемориалдық  тақтасы бар. Шашубай қонысында салынған ескерткішін де қазіргі ұрпақ көріп І – кезең 1865 – 1909 жылдарға көз жіберсек.
ІІ – кезең 1936 – 1945 жылдарды қамтитын ақын өмірі қандай із қалдырды.
ІІІ – кезең 1966 – 1984 жылдар бізге қалдырған жинақтары.

 

Дереккөзі: Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз