Эссе және өлең-жыр байқауы

Жалқау мысық

Бір үйдің мысығы бейқам өмір сүріпті. Қарны тоқ болған соң, қимылдауға ерініпті. Жалқауланғаны сонша - тіпті тұмсығының астынан жорғалап өтіп бара жатқан тышқанды ұстауға да құлқы соқпапты.

Ақыры тышқан:

– Біздің маубас, – деп, мазақтайтын болыпты.

Бір күні қожасы екі-үш қап бидайды үйіне кіргізіп қойып, өзі сыртқа шығып кетеді. Сол кезде қап толы астыққа тышқандар тұс-тұстан лап қойыпты. Көзді ашып-жұмғанша қаптың тас-талқанын шығарыпты.

Жылы жерде пырылдап ұйықтап жатқан мысық тынымсыз сытырлаған мазасыз тықырдан оянып кетеді. Сонда қаптың жібін бытырлата қырқып, дәнді күтірлете күйсеп жүрген тышқандарды көреді де ожырая қарап қойып, жата береді.

– Ә, тамақ жеп жүрсіңдер ме? – дейді де қозғалмайды. Орнынан тұрып, тышқандарды қуып жіберуге ерінеді. – Әй, қойшы, жей берсін!..

Бір кезде үйге кіріп келген қожасы тесілген қапты, шашылып жатқан дәнді көреді де манаурап жатқан мысыққа жетіп барады.

– Мен үйде сен бар ғой деп сеніп жүрсем, тіпті үйге кірген ұры тышқандарды да ұстай алмайды екенсің ғой. Сені несіне бағамын. Одан да тоғайға апарып тастап құтылайын, – деп, сақылдаған сары аязда тоғайға апарып тастапты.

Ақ қарға оранған тоғай ішінде бүрісіп тұрған мысықты көрген сауысқан:

– Жылы үйде жатып, дайын асқа семірдің. Тышқан аулауға да еріндің. Енді қайтер екенсің? Қане, мынау қар басқан тоғайдан тамақ тауып жей қойшы! – деп, сықылықтай күліпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Гулдана

Өте жақсы ертегі

Айгерим

Кызыкты ари мани бар

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...