Өлең, жыр, ақындар

Кептерлер кеңесі

Ілгергі кезде бірнеше көк кептер патшасымен бір жерді мекен қылып жатыпты. Күндерде бір күн араларынан бір топ кептер бір жаққа жолаушы барып келіп, мұндағы кептерлерге көрісіп, есендік сұрасып болғаннан кейін, барып, келген жерлерінен хабар беріп, сөз арасында айтыпты:

— Бір керуен сарай бар екен, сол сарайдағы керуендер көшіп, сарайын қалдырып, басқа жаққа кетіпті. Ол сарайы иесіз қалыпты. Қанша заманнан бері халық мекен қылған сарайларда есепсіз дәндер төгіліп қалыпты. Енді бізге ұқсас құстар мекен қылуға тиісті болыпты.

— Енді сол сарайға көшсек, үш-төрт күнде жетіп барып, рақатқа батар едік, – дейді. Оны баршасы мақұл көріп, патшасына арыз қылыпты:

— Сыйлы біздің патшамыз, бізден бірнеше кептерлер жолаушы келген еді, сол бір жақсы хабар айтып келді. Бір керуен сарайы бар екен, сол сарайдың адамдары кетіп, сарайы бос қалыпты. Төгілген астықтары бар – дейді. Сізден рұқсат болса, сол жерге көшіп барып, сол сарайды мекен қылсақ, үш-төрт күндік жол екен, сізден тілек қыламыз. Ендігі әмір өзіңізден, – деп сөздерін бітіріпті. Сол кезде патшасы:

— Сіздер бұл әңгімені қойыңыздар, осы үйренген жерімізде тұрайық. Бұрынғы ризықты місе қылайық. «Пәлен жерде бақыр бар, барса, бақыр түгіл тақыр да жоқ», «Артық боламын деп тыртық болыпты», «Сары ит сауға сұраймын деп, дауға қалыпты» деген мақалдағыдай болмайық,–дейді.

Көк кептерлер:

— Сүйікті патшамыз, барша бұқара халқыңыз атынан өтінеміз. Сол бос сарайды сіз бен біз, мекен қылып тұруға тиіспіз. Үш-төрт күндік жол мехнатын мойнымызға алып, зор рақатқа жетеміз – деп өтініседі.

Патшасы айтады:

— Көпшілік, бармақты мақұл десеңіздер де менің көңіліме ұнамайды. Алайда, баруға ниет қылыпсыңдар, енді баралық, – деп, бәрі мақұлдасып, керуен сарайына қарата жол тартыпты. Баршасы ұшып келе жатса, жолда бір саятшы тұзақ құрып, көп дән шашып қойыпты. Кептерлер дәнді көріп алданып, құлқын тұзағына ұйып, баршасы қона қалады. Бірінен-бірі қызғанысып, бірін-бірі итеріп, бастығы патшасы болып тұзаққа ілінеді. Ол кезде тұзақ құрушы саятшы тұзақ басында жоқ екен, бір қарға көріп, саятшыға хабар қылмақ үшін қарқылдай жөнеледі. Қарғаның қарқылдаған даусын естісімен, саятшы: «Қарға қарқылдайды, тұзаққа бір нәрсе түсіп қалған шығар» деп, тұзағына қарай жүгіреді. Сол уақытта кептердің патшасы айтады;

— Мен айтқан едім, көнбедіңдер, енді құлқын тұзағына іліндік. Қазір саятшы келіп басымызды кесіп, етімізді тамақ, жүнімізді жастық қылады.

Кептерлердің баршасы жылап, жаннан үміт үзіп, қайғырысып тұрады. Сонда патша айтады:

— Енді маған бір ой келді. Барлығың бірдей дем қосып, бәрің бірден қанат қағып ұмтылыңдар. Осылай істесек, бәлкім, тұзақты үзіп алып кетер ме екенбіз, – деп, бір-біріне күш қосып, қанаттарын қағысады. Тұзақты жұлып, аспанға шығады. Керуен сарайына қарай ұшып кете барады. Саятшы кептерлердің артынан жүгіріп, жете алмай қала береді. Бағанағы хабаршы қарға арттарынан ұшып, бұл кептерлер қай жерге қонар екен, қонған жерін көріп, саятшыға хабар қылайын деп, артынан бірге ұшып жүре береді. Қатты шошып қалған кептерлер еш жерге қонбастан, дамылсыз ұшып отырып, керуен сарайына келіп қонады. Қарға да сарайдың тап алдына келіп, қонып отыр екен. Қайтып барып хабар қылуға саятшы алыс жерде қалады. Кептердің патшасы айтады:

— Әне бір көрінген үлкен орда інге мені жеткізіңдер! – дейді. Кептерлер патшасын орда інге жеткізеді.

Кептер патшасы айтады:

— Е, тышқан пірәдар, ініңнен шық! – дейді. Тышқан патшасы інінен шыға келеді. Екі патша есендесіп болған соң, кептердің патшасы айтады:

— Ей, пірәдар, тышқан патшасы, мен қанша кептеріммен кұлқын тұзағына ілініп, шерменде болып қалдым. Енді сіз маған бір жәрдемшілік қылып, мені осы тұзақтан босатсаңыз екен, – деп, өтінеді. Сол кезде тышқан патшасы әскерлеріне әмір қылып, кептерлердің тұзағын қырқып, патша мен кептерлерді тұзақтан азат қылады. Патша мен кептерлер тұзақтан босанып, тышқан патшасына рақмет айтады.

— Ей, пірәдар, тышқан патшасы, рақмет, сіздің бізге қылған жақсылығыңыз дүние қазынасымен толсын. Белгілі мақал бар: «Жақсылыққа жақсылық» деген, мен сізбен дос болып, бір жақсылык, қызмет қылармын деген үмітім бар, – дейді.

Сонда тышқан патшасы жауап қайырады:

— Ей, пірәдар, кептер патшасы, мен сізге қылған жақсылықты міндет те қылмаймын, сізбен дос та болмаймын. Өйткені «Жақсылыққа жамандық» деген тағы бір белгілі мақал бар.

Кептер патшасы айтады:

— Ей, тышқан пірәдар, сіз қателесесіз. Сіз мені өлімнен құтқардыңыз. Сол жақсылыққа мен қалайша жамандық қыламын, – дейді. Сонда тышқан патшасы айтады:

— Сіз ілгеріде жақсылыққа жамандық қылғандарды естімеген екенсіз, – дейді.

Сонда кептер патшасы айтады:

— Қалайша жақсылыққа жамандық бар екен, айтыңыз, естиін, – дейді.

— Олай болса, мен сізге бастан-аяқ баян қылайын, сіз құлақ салып тыңдаңыз.

— Мақұл, баян етіңіз, – дейді.

Сонда тышқан патшасы айтады:

— Ілгері уақытта бір топ саудагер жолға шығыпты. Бұлардың ішінде аты арық, өзі ғаріп бір мүсәпір бар екен. Бір орманды жерге келгенде, баяғы мүсәпірдің арық аты болдырып жүрмейді. Сонда қасындағы жолдас болған саудагерлер:

— Сіз енді атыңызды бағып, біздің артымыздан келерсіз, сізге қарай алмаспыз, – деп тастап кете береді.

Мүсәпір бейшара жолдастары кеткен соң, көңілі жаман болып: «Е, шіркін, егер де менің ақшам болса, жолдастарымнан қалар ма едім», – деп, жапан түзде зарығып отырса, бұл отырған тоғайы өртеніп келе жатыр екен. Бір қатты шуылдаған дауыс та шығады. Бұл немене деп қараса, бір үлкен жылан өрттен қашып, бір ағаштың басына шығыпты. Ол ағаш түбінен жанып, от басына қарай лаулап жанып келеді екен. Жылан оттан қорқып, ұшып кететін қанаты жоқ, енді өлемін-ау деп, жылаған екен, сонда мүсәпір саудагер ойлайды:

— Е, бұл жылан өлім шеңгеліне тұтылған екен, енді мұны құтқарайын, бұ да жаратылыстың мақұлығы, мұның да жаны менің жанымдай ғой, бәлкім, бір сауап алармын, – деп ойлап, бір қоржыны бар екен, өзі отқа жақын бара алмаған себепті қоржынын бір ағашқа байлап алып, жыланға қарата ұсына береді. Сол шақта жылан қоржынға түсіп, мүсәпір саудагердің қолына келеді. Саудагер бишара қоржынды бір өрт тимейтін тақыр жерге алып келіп:

— Ей, бишара жылан, енді өрттен құтылдың, сенің жаның да менің жанымдай ғой. Сені құтқарғаным үшін бір жақсылыққа жетер ме екенмін, енді қоржыннан шық! – дейді жыланға. Сонда жылан қоржыннан шығып, саудагер бишараның мойнына оралады.

Мүсәпір жолаушы:

— Ей, жылан, мұның қалай? – дейді.

Жылан:

— Мен саған кәрімді қыламын, оны ұқпасаң, шағамын. Өйткені жақсылыққа жамандық бар, – дейді.

Мүсәпір саудагер:

— Не себепті шағасың, өлімнен құтқарғаным үшін шағасың ба? – дейді. Сонда жылан:

— Әрине, өлімнен құтқарғаның үшін шағамын, – «Жақсылыққа жамандық» деген, – дейді.

— Қой, жылан, жақсылыққа әрқашан жақсылық» болады, еш уақытта жақсылыққа жамандық болған емес.

Жылан айтады:

— Еш уақытта жақсылыққа жақсылық келмейді. Әрқашан да жақсылыққа жамандық келуі анық, бұған разы болмасаң, біреуге жүгінейік, жақсылыққа жақсылық келеді десе, мен өз жайыма кетейін, егер де жақсылыққа жамандық бар десе, сен разы бол, мен кәрімді қылайын.

Мүсәпір саудагер келіседі. Жылан мойнында, қоржын қолында, аты бір жерде қалады. Жүгінгелі бір мақұлық іздеп келе жатып: «Қылған ісім айдай ашық, бар жазығым өлімнен құтқарғаным», – деп қамығып, жылайды. Жанды нәрседен еш мақұлық жолықпайды. Қатты шаршап маңдайынан тер ағып, бір өрік ағашына сүйеніп отырып:

— Менің атым арық, өзім мүсәпір, жолдастарымнан жалғыз қалдым. Менің пұлым болса, олардан қалар ма едім? Олардан қалған соң, мұндай пәлеге кіріптар болдым, – дейді налып.

— Ей, өрік ағашы, сен де жаратылыстың бір нұсқасысың, мен мынадай қысылшаңға ұшырадым. Осының билігін сен айтшы, – деп өтінеді. Содан кейін ғайыптан өрік ағашы тілге келіп:

— Сендердің бұл істеріңе жақсылыққа жақсылық келмейді, жақсылыққа жамандық болады, – дейді.

Мүсәпір саудагер айтады:

— Сіз дұрыс айтпадыңыз, не себепті жақсылыққа жамандық келеді?

— Мен өрік ағашымын, – деді ағаш. — Бағушы ием-бағбан жемісімді алып, миуаларымды жеп, көлегейлеп отырып, қатын-баласымен әр жылда рақат көруші еді. Екі жыл болды, мен қарайып, қурап, миуа бере алмадым. Кеше бағбан келіп: «Бұған енді миуа шықпайтын болды, мұны енді кесіп, отын қылу керек екен», – деп кетті. Мен “жақсылыққа жамандық” деген осы екен деп ойладым. Мен бұған қанша жылдан бері миуа беріп, жақсылық қылып едім, бұл мені енді отқа жақпақшы болды. Өз ажалым жеткенде, жығылып өлсем болмас па еді. Бұл жақсылыққа жамандық емес пе?

Сонда мүсәпір разы болмай және біреуге жүгінемін деп, мойнындағы жыланмен тағы жүре береді. Мүсәпір келе жатса, бір үлкен семіз өгіз оттап жүр екен. Ол өгізге келіп, арызын айтып, бастан-аяқ істерін баян қылады. Өгіз бұлардың арызын тыңдап:

— Жақсылыққа жамандық бар, – дейді.

Мүсәпір айтады:

— Жақсылыққа жақсылық бар!

— Сіздер тыңдап тұрыңыздар, мен өз басыма келген жамандықты айтайын, – деді өгіз.

— Айтыңыз, – дейді.

Сонда өгіз айтады:

— Мен анамнан бұзау болып тудым. Туған күннен бастап мені еркіме қоймай, мойнымнан байлап қойып, анамның сүтін сауып алатын болды. Байлауда жүріп, анамның сүтін еркімше еме алмадым. Тана шыққан кезімде, мұрнымды тесті, өкіртіп пішіп тастады. Сонан соң үйретіп, баласына мінгізіп, бір тыным қылмастан жұмысқа салды.Құнан өгіз шыққан соң қос айдады. Отын арту, су тасу – бәрі мен де болып, бір тыныштық бермеді. Бидай, тары менсіз шықпады, істің бәрі менімен ғана бітетін болды. Қысқасы, сол бейнетпен жүріп қартайдым, тым болмаса, жақсы жем-шөп беріп еске алмады, тек қуа берді. «Мен туғаннан бері жақсы қызмет істеп келемін, мені қартайған соң аяп босатар» деп ойладым. Кеше менің ием бір қасапшыны ертіп келіп: «Қарашы, осы өгізім қандай семірген, неше пұт май береді?» – деді. Сөйтсем, мені сойғалы семірткен екен. Бұл жақсылыққа жамандық емес пе? Менің сонша қызметімді көріп еді, енді мені қартайғанда, азат қылса болмас па еді, мен өз ажалымнан өлсем болмас па еді?

Жылан мүсәпірге қарап:

— Енді болдың ба?

Сонда мүсәпір тұрып:

— Жоқ, тағы біреуге жүгінемін, үшке шейін жақсылыққа жамандық келеді десе, сонан кейін разылық берейін, – дейді.

Келе жатса, жолай бір түлкі кездеседі.

— Ей, түлкі, біздің сізге айтатын бір арызымыз бар, – дейді. Сонда түлкі адамзатты көріп, қорыққанынан қашып, бір қырға шығады да, жауап береді:

— Арызың болса, солай тұрып айта бер.

— Ей, түлкі, біздің арызымыздың мәнісі мынау: жақсылыққа жақсылық бар ма? – дейді.

Сонда түлкі:

— Не туралы?–деп сұрайды.

Мүсәпір бастан-аяқ болған дауды баян қылады.

Түлкі:

— Менен бұрын ешкімге жүгініп пе едіңдер? – дейді. Мүсәпір саудагер айтады:

— Сізден бұрын екі мақұлыққа жүгіндік, олар жақсылыққа жақсылық жоқ, жақсылыққа жамандық келеді деді.

Сонда түлкі ойға түсіп, қайла-амалын ойлап тұрады да:

— Бұл жылан сол өзі түскен қоржынға сыя ма екен?–дейді.

— Сыямын – дейді жылан.

— Олай болса, мен бір билік айтамын: Сен қоржынға түскін, – дейді. Жылан мақұл деп, саудагердің мойнынан жазылып, қоржынға кіреді де басын шығарып тұрады.

— Сыямын дегенің қайда? Басың көрініп тұр ғой.

— Басым да сыяды, – деп, жылан басын қайырып, қоржынның түбіне алып кетеді.

Сонда түлкі айтады:

— Әй, сорлы, неге жетісіп қарап тұрсың, қоржынның аузынан мықтап ұстап алып, алдыңдағы тасқа ұрып, пәледен құтылмайсың ба? – дейді.

Мүсәпір саудагер бишара түлкінің айтуы бойынша қоржынның аузынан ұстап, жыланды тасқа ұрып өлтіреді. Сөйтіп, ол түлкінің айласымен өлімнен құтылады.

— Егер де әділеттік қылса, жақсылыққа жамандық келуі анық еді, – деп, тышқан патша сөзін бітіреді.

Сонда кептер патшасы:

— Рас, тақсыр, мұныңыз шын екен. Иесі не себепті сарайын қалдырып кеткен, мұның мәнісін білесің бе? – дейді.

Тышқан патшасы білетіндігін айтады.

— Керуеншілер сарайын иесінің қалдырып кетуінің себебі бар. Осы сарайда бір жақсы керуен басы адам бар еді, бұлар тамақ жеген кезде, біздер аңдып жүріп, тамақтарын тістей қашып, тамақ жегізбей, беймаза қылушы едік. Тамағымыз арам болды деп, ішіп-жеп отырғанын тастап, кей уақыттарда аш та қалушы еді. Бір күні басқа жақтан бір адам қонаққа келді. Қонаққа ас даярлап жүрген керуен басы тамаққа тышқан түсіп кетпесін деп, екі қолын шапалақтап, біріне-бірін ұрды.


— Ей, керуен басы, біздің жорамыз бойынша қолды біріне-бірін ұрған жаман әдет. Қолыңызды неге шапалақтайсыз? – деп сұрады қонағы.

— Жарайды, мейманым, саған мұның жайын айтайын. Осында ордалы тышқан бар, солар қаптап келіп, асқа түсіп кетеді. Сіз ас ішкенше, тышқан келмесін деп, қолымды ұрған себебім сол еді, – деді. Сонда қонақ айтты:

— Ордалы тышқан болса, олардың қазынасы болса керек. Жеткенінше кетпен, тесе, жігіт жинап, ордасын қазып, қазынасын алыңдар, – дейді.

Сонымен керуен басы мейманның айтуы бойынша жігіт жинап, кетпен тауып алып, біздің ордамызды бұзып, қазынамызды алды. Біз бұларға ерегісіп, күндіз-түні дамыл бермей, бірде тамағына түсіп, бірде жас балаларының құлақ-мұрнын жеп, шабуылдай бердік. Сонан соң мазасы кетіп, зықысы шығып, жеңе алмасына көзі жеткен соң, иесінің керуеншілер сарайын қалдырып кеткен себебі сол еді. Кептер патшасы мен тышқан патшасы екеуі әңгімелерін аяқтап, өздерінің тіршілігін етіп кете береді. Баяғы кептерлерге еріп келген қарға бастан-аяқ кептер мен тышқанның сөйлескенін, тышқандардың кептерлерді тұзақтан құтқарғанын көріп отырған еді. Қарға:

— Бұл тышқандармен дос болайын, бір тұзаққа іліне қалсам, тышқандар құтқарады екен, – деп, іннің аузына келіп:

— Ей, тышқан, бері шық! – дейді.

Тышқан інінен шығып:

— Неге шақырдың? – деп сұрайды.

Қарға:

— Әлдеқалай тұзаққа іліне қалсам, сен құтқарушым екенсің, кел, дос болайық! – дейді.

— Ей, қарға, сенің жүзіңді Тәңірім аулақ қылсын. Он сегіз мың әлемде сенен қара мақлұқ жаралған жоқ. Сенің ішің сыртыңнан да қара. Сенімен Тәңірім дос қылғызбасын.

— Жоқ, жараным, мен сізге қаралық қылмаспын, әрқашан сіздің жәрдеміңіз бізге тисе керек.

— Ей, қарға, көп сөйлеме, Тәңірім сенің жүзіңді аулақ қылсын! – деп, тышқан ініне кіріп кетеді.

Сол сарайда қарға бір жыл тұрып қалады. Ерте де, кеш те тышқандар қарғаны көре берген соң, біріне-бірі үйір болады. Бір күні сөз арасында тышқан патшасы қарғаға:

— Ей, қарға, менің бір мұратым бар, сол мұратыма жетуіме сен жәрдем қылсаң, сенімен дос боламын, – дейді.

— Айтыңыз, тақсыр, қолдан келсе, жан-тәніммен қызмет етемін, – дейді қарға.

— Ей, қарға, менің бір досым бар еді. Бір-бірімізді бір сағат көре алмасақ, отыра алмаушы едік. Сол досымды көрмегелі, міне, төртінші жыл болды. Қайғы-қасіретте қалдық. Құданың құдіретімен ортамыздан бір дария ағып өтіп, сол дариядан өте алмай қалдық. Сол досыма жеткізсең, мен сенімен дос болар едім.

— Мақұл, бұл міндетті жан-тәніммен мойныма аламын, – дейді қарға. Сонан кейін тышқанды қанатына мінгізіп алып, дариядан өтіп, ұшып кете береді. Бірнеше күн ұшып, қанаты талған қарға бір құрғақ аралға келіп, дем алуға қонады. Қарға дем алып отырғанда, тышқан патшасы қараса, аралдың ар жағында бір кішкене судың жанында дос бақасы тұр екен. Сол жерде екі дос бірін-бірі көріп жыласып, құшақтасып, қайтып естерін жиып, аман-саулығын білісіп, бір-бірімізді көретін күн бар екен деп әңгімелесіп болған соң, бақа тышқан досынан бұл жерге қалай келіп жеткенін сұрайды:

— Бір қарғамен дос болып, соның қанатына мініп жеттім.

— Ей, достым, сіз қалайша қарғамен дос болдыңыз, он сегіз мың әлемде қарғадан қара жаралған мақұлық жоқ, қарғаның сыртынан да іші қара.

— Рас айтасыз, солай болса да сізді сағынғандықтан, амалсыз дос болып, сол қарғаның көмегімен екеуіміз бірімізді—біріміз көріп отырмыз.

— Сіз бекер еткенсіз, дос болғаннан кейін, дос үшін дос жанын қиса керек. Бұл қарға жанын қимақ түгіл, қарны ашқан күні өзіңді жеп қояды. Сіз ілгеріде бірі үшін бірі жанын қиған төрт дос туралы әңгіме естімегенсіз бе? – дейді.

— Айтыңыз, – дейді тышқан патшасы.

— Ілгері заманда бір төрт дос болыпты. Олардың бірі тышқан, бірі бақа, бірі киік, бірі үйрек екен. Бір күні ханның баласы нөкерлерімен аңға шығыпты, көздеріне еш нәрсе ілінбепті. Сол уақытта алдынан бір бақа өте беріпті. Ханның баласы: “Жол боларға бұл да жақсы, ырым болсын, бақаны ұстап алып, қоржынға салыңдар”, – депті. Жолдастары бақаны ұстап алып, қоржынға салыпты. Мұны көрген үйрек киікке, киік дереу тышқанға хабар қылыпты: «Жайсыз жағдай болды, жан-қияр досымыз бақаны ханның баласы ұстап алып кетті», – деп, үшеуі өзара кеңес құрып, ақылдасыпты. Сонда тышқан былай депті:

— Киік, сен ақсақ бол да хан баласының алдынан ақсап өте бер, мына ақсақ киік кетіп бара жатыр деп, қоржындарын тастап, қуа қалса, үйрек, мені қоржынға жеткізіп бақсаң, мен қоржынды тесіп, бақаны шығарамын. Сонан соң үйрек саған хабар қылсын, сен өз жаныңды құтқарарсың, қашып кетерсің.

Үшеуі бұл айланы мақұл көріп, киік ақсақ болып, ханзаданың алдынан өте беріпті. «Міне, ақсақ киік кетіп бара жатыр, қуып, соғып алайық», – деп қоржын, кісілерін тастап, киікті қуа беріпті. Сол кезде үйрек тышқанды қоржынға жеткізіпті. Тышқан қоржынды қырқып, бақаны құтқарады. Бақа құтылғаннан кейін, үйрек барып киікке хабар беріпті. Киік бақаның құтылғанын есітіп, өзінің әуелгі қалпынша қашып, құтылып кете барыпты. Сондай айламен жандарын аямай бақаны құтқарып алған. Дос болған соң, осылардай дос болу керек. Бұл қарға досқа жанын қимақ тұрсын, қарны ашса, өзіне қас болады. Мұнда опа бар ма? – деп, бақа сөзін аяқтапты.

Сол уақытта қарғаның қарны ашып отырған екен, бір нәрсе табылар ма екен деп, жан-жағына қараса, еш нәрсе жоқ, қасындағы досына көзі түсіп кетіп, уағдасын бұзып, тышқан патшасын бас салып, жеп қойыпты. Бақа суға сүңгіп құтылыпты.

Назар аудар:

Бақыт құсы

Түлкі мен маймыл


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Ару

өте қызықты ертегі

Дархан

Халық прозасының ең көне жанры жан-жануарлар туралы ертегілердің түп-төркіні тотемизмге, анимизмге және магияға сенген кезеңнен бастау алады. Бұл ертегілерде кейіпкерлердің арғы жағында адам бейнесі тұспалданып, оның ақылдылық, ақымақтық, қулық-сұмдық сияқты қасиеттері қарапайым аллегориялық формамен ашылып беріледі. Сондай-ақ адамның мінезі мен қасиетін танытып қоймай, жануарлардың мінез-құлқы, іс-әрекетін баяндау арқылы жас буынды табиғат сырлары мен құбылыстарына үңілуге, байқампаздыққа баулып, танымдық ақпарат береді, ғибрат айтып, өнегелі болуға үндейді.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз